Аймағымызда тұрғындар тарапынан шағым көп түсетін мекеменің бірі – денсаулық сақтау басқармасы. Жұртшылық әлеуметтік желі арқылы да сын-пікірді жиі жазады. Емханадағы кезектің көптігі, дәрігер тапшылығы сынды мәселелер әлі де өзектілігін жоймай келеді. Бұл олқылықтарды шешу мақсатында басқарма тарапынан қандай жұмыс атқарылуда? Тұрғындар неге наразы? Медицина саласындағы күрмеулі мәселелер төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевпен тілдескен болатынбыз.

— Әнуар Қанашұлы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұлт саулығы мәселесіне  ерекше көңіл бөлді.  Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту керектігін алға тартты. Бұл бағытта облыста медицина саласында қандай жұмыс атқарылуда?

— Облыстық мәслихат сессиясында Павлодар облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында облыс әкімінің қаулысымен аймақтағы денсаулық сақтау объектілерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жаңғыртуды одан әрі дамыту үшін сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру жөнінде шешім шығарылды.  Қазіргі уақытта Павлодар қалалық №3 емхана мен Екібастұз қаласының №2 емхананы сенімгерлік басқаруға беру жөнінде жобалау тобының отырысы өткізілді.

Естеріңізде болса, 2017-2018 жылдары 3 медициналық нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуге көшірілген еді. Мұндай нысандардың қатарында Павлодар қаласындағы №1 және №2  емханалар мен  облыстық диагностикалық орталық бар. Қазір емдеу мекемелері заманауи құрылғылармен жабдықталып, тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.

Алдағы уақытта аймақ басшы-сының тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау мекемелерін қайта жаңғырту бойынша инвестициялық жобалар әзірленетін болады.

— Президент назар аударған мәселенің бірі – білікті мамандардың тапшылығы. Өзекті мәселені шешу үшін медицина саласындағы білім сапасын барынша арттыруды тапсырды. Аймақтағы емдеу мекемелеріне әлі қанша маман қажет? Қандай жұмыстар атқарылуда?

— Қазіргі уақытта облыстағы денсаулық сақтау саласында 7275 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 2054 дәрігер және 5221 орта медицина қызметкері бар. Ағымдағы жылдың қазан айындағы жағдай бойынша аймаққа әлі 225 дәрігер қажет. Оның ішінде 164 салалық маман және 61 жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді. Бұл ретте Павлодар қаласына — 111, Екібастұз қаласына — 30, Ақсу қаласына — 18 және аудандарға 66 дәрігер керек. 221 дәрігер зейнет жасында. 166 дәрігер декреттік демалыста. Өткен жылы 13 дәрігер құрметті еңбек демалысына шығуына байланысты қызметтен кетті. Жыл басынан бері облыстағы медициналық мекемелерге 181 дәрігер қабылданды. Оның ішінде облыс орталығына — 94, Екібастұз қаласына — 20, Ақсу қаласына — 18, аудандарға 49 дәрігер келді. Барлық дәрігерге әлеуметтік қолдау көрсетілді.  «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу көзделуде. Оның көлемі 369 мың 200 теңгені құрайды. Сондай-ақ, аудан орталықтарына жұмыс істеу үшін келген мамандарға 2500 АЕК мөлшерінде (9 млн 230 мың теңге) тұрғын үй сатып алуға несие беріледі. Ауылдық елді мекендер үшін — 2000 АЕК (7 млн 384 мың теңге) көлемінде төмендетілген пайызбен 15 жылға несие беріледі. Павлодар қаласындағы жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін биыл  наурыз айында Иса Байзақов көшесі 151/2 мекенжайындағы жатақхана қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.  Мұнда 27 бөлме жас мамандарға беріледі. Осындай мүмкіндікті 7 дәрігер пайдаланып отыр.

— Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аймаққа жас мамандарды тартуда қандай жұмыс жүргізілуде?

— Биыл бюджеттік комиссияның қарауына Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен жас мамандарға көтерме ақы төлеу туралы ұсыныс енгізілді. Аса тапшы мамандықты меңгерген жас дәрігерлерге 3,5 млн теңге төлем жүргізіледі. Ал ауылдық жерлерге жұмысқа келгендерге ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде — 8,5 млн теңге төлем беріледі. Жергілікті бюджет қаражатынан көтерме ақы алғандар өңірде 7 жыл көлемінде жұмыс істеуге міндетті.  Аудандық медициналық ұйымдарда терапевт, анестезиолог-реаниматолог, невролог, онколог, акушер және гинеколог, кардиолог, жалпы тәжірибе дәрігері, оториноларинголог, офтальмолог, стоматолог, радиолог, хирург, педиатр, неонатолог мамандарына  тапшылық бар. Кадр тапшылығын азайту үшін жергілікті бюджет қаражатынан резидентураға «Салалық маман-дықтар» бойынша оқу үшін грант бөлінетінін атап өту керек. Биыл  резиденттерге 35 грант берілді. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді  жұмысқа орналастыру және кадрларды тарту мақсатында медициналық ұйымдардың басшылары жыл сайын бос орындар жәрмеңкесіне қатысады.

Биыл Алматы, Астана, Семей медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен кездесулер өткізілді. Сонымен қатар, наурыз айында өткізілген Астана медицина университетінің түлектерімен болған кездесу қорытындысы бойынша жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, анестезиолог, кардиолог, травматолог, офтальмолог, отоларинголог мамандығы бойынша 20-дан астам дәрігер келеді деп күтілуде. Сәуір айында жергілікті мамандар Семей медицина университетінде өткен бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Шара барысында жалпы тәжірибе дәрігері, анестезиолог, кардиолог, акушер-гинеколог, нефролог мамандықтары бойынша 35 түлекке кепілдік хаттар берілді. Денсаулық сақтау басқармасы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған барлық іс-шаралар кешенін өткізуде.

— Облыс әкімі Асайын Байханов аппараттық жиында емдеу мекемелерінде көрсе-тіліп жатқан медициналық қызметтің сапасын сынға алып, жұмысты  тексеру бойынша сізге тапсырма берген еді. Бұл ретте «Құпия емделуші» ретінде емханалар мен ауруханаларды аралауға кеңес берді. Бұл тапсырма қалай орындалуда?

— Облыс әкімі Асайын Қуандық-ұлының тапсырмасы бойынша жүйелі жұмыс қолға алынды. Осы уақытқа дейін қаланың 2 емханасына бардым. Бұл жұмыс жалғастырылатын болады. Алдағы уақытта облыстың барлық медициналық мекемесін аралап шығуды жоспарлап отырмын. Емделушілердің басым бөлігі емханаға таңғы уақытта жүгінетін болғандықтан, тексеруді таңертең бастадым. Аралаған екі емханадағы кемшіліктер бір-бірімен ұқсас. Мысалы,  кезекте адамдардың көптігі, электрондық кезектің болмауы, талдауларды тапсыруда ұзақ күту сынды мәселелер бар.  Бұл сұрақтар бойынша барлық емханаға бірегей кешенді тапсырма берілді. Медициналық қызмет сапасын жақсарту  — жұмысымдағы аса маңызды бағыттардың бірі және оны іске асыру жеке бақылауымда болады.

— Тұрғындар тарапынан көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына байланысты шағым көп түседі. Бұл туралы  облыс әкімі де айт-
қан болатын. Тұрғындардың талап-тілегін орындау мақсатында қандай жұмыс жүргізілуде?

— Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қолданылып жатыр. Ең бастысы, ол — қолжетімділік. Әрбір түскен шағым бірінші кезекте медициналық ұйымдардың деңгейінде қарастырылуы қажет. Ол үшін денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен бас дәрігер және емделушілерді қолдау қызметтерінің бірінші қабатта орналастырылуы туралы шешім қабылданды. Медициналық ұйымдардың көрнекі жерлерінде шағымдар мен ұсыныстарды қабылдауға арналған бас дәрігерлердің WhatsApp нөмірлері орналастырылған.

Егер шағымдар медициналық ұйым деңгейінде шешілмеген жағдайда, денсаулық сақтау басқармасында азаматтарды қабылдауға арналған фронт-офис орналасқан. Ол күнделікті сағат 9.00-18.30 (13.00-14.30 түскі үзіліс) жұмыс істейді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы бойынша сұрақтарды қарастыруға арналған call-орталық 32-01-90,32-01-99 нөмірлері бойынша қызмет атқарады.

Денсаулық сақтау басқармасы және өзім әлеуметтік парақшаларда басты жаңалықтарды бөлісіп,  тұрғындардан түскен шағымдар мен ұсыныстарды қарастырамыз.

Жуырда  Ақсу және Екібастұз қалаларында жеке қабылдау өткіздім. Халықтың денсаулық саласы бойынша наразылығын тыңдап, оны шешу үшін емханалардың басшыларына тапсырма бердім. Денсаулық сақтау саласы күрделі сала болғандықтан шағым болмауы мүмкін емес. Біз өз тарапымыздан медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және түсіп жатқан өтініш сұрақ-тарға сапалы және уақытылы жауап беруге тырысып жатырмыз.

— Облыста денсаулық сақтау саласын қызметтік көлікпен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Қандай аудандар мен ауылдарға қызметтік көліктер қажет?

— Санитарлық көлікті жаңарту бағытындағы жұмыстар 2024  жылы жаңа көлікпен қамту деңгейін  68 пайыздан 84 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді.  2025 жылдың соңына қарай шалғайдағы аудандардың медициналық ұйымдарының санитарлық көлігі 100 пайыз жаңаратын болады. Сондықтан бұл бағыттағы ілкімді іс жоспарлы түрде жүргізілетін болады.

— Биыл қолға алынған «Үздік тәжірибе орталықтары» қалай жұмыс істеуде? Облыс бойынша осындай неше орталық ашылды?

— Аймағымызда Павлодар қалалық №3 емхана мен Павлодар аудандық емханасында екі орталық ашылды. Мұндай заманауи орталықтарды құру үшін 2023 жылы денсаулық сақтау саласының өкілдері Жамбыл, Алматы және Қостанай облыстары мен Астана қаласындағы үздік деп танылған емдеу мекемелеріндегі озық тәжірибе орталықтарының жұмысымен танысты. Облыстағы үздік тәжірибе орталықтарындағы мейірбикелік бекет,  әлеуметтік қызметкерлер орталығы дәрігерлер мен тіркеу бөліміне түсетін жүктемені едәуір азайтып отыр. Ал жастар денсаулық орталығы учаскелік және салалық мамандарға кезек санын қысқартып қана қоймай, жастардың жеке мәселесін шешуге атсалысуда. Бастысы, орталықтың қызметін пайдаланып отырған емделушілер қызмет сапасына риза.

— «Ауылдағы  денсаулық сақтауды жақсарту» мемле-кеттік бағдарламасы аясында қандай жұмыс атқарылуда? Қандай ауылдарға әлі медици-налық бөлімшелер қажет?

— «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында биыл облыста 4,8 млрд теңге сомасына 30 медициналық нысанның құрылысы қарастырылған. Оның ішінде 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік акушерлік пункт және 23 медициналық пункт салынады. Елді мекендерде нысандарды салу кезінде 68 жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде 64 уақытша, 4 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 30 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.  33 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 31 жұмыс орны уақытша құрылды.  30 жобаның барлығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс нәтижесінде ауыл халқының 15 мың тұрғыны сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбасттасқан –  Айдана ҚУАНЫШЕВА.