Шалғайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мәселесі өзектілігін жойған емес. Елді мекен халқы дертіне дауа іздеу үшін бірнеше шақырымды кесіп өтіп, аудан немесе облыс орталығына жетуге мәжбүр болады. Күн тәртібінен түспей келе жатқан күрмеулі мәселені шешуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Павлодар облысында да бірқатар ауыл тұрғыны тозығы жеткен мекемеден жаңа заманауи медициналық нысанға қол жеткізді. Аймағымыздағы ахуалды білу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевпен арнайы тілдесіп, елді мекендерде не тындырылғанын білген болатынбыз.
— Әнуар Қанашұлы, былтыр ауылдағы ағайынның денсаулығын жақсартуда жемісті жыл болды десек, қателеспейміз. 30-40 жыл көлемінде тозығы жеткен ғимаратта еңбек еткен мамандар заманауи нысанға көшірілді. Ұлттық жоба аясында салынуы тиіс 30 медициналық мекеменің бәрі тапсырылды ма?
— Иә, 2024 жылы денсаулық сақтау саласы бойынша ауыл халқының алғысына кенелгеніміз рас. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста ауылдық елді мекендерде 30 медициналық нысанның құрылысы жоспарланды. Оның ішінде 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 23 медициналық пункт салынуы тиіс болды. Өткен жылы 25 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 5 мекеме биыл тапсырылады деп күтілуде. Ауылдағы ауқымды іс 15 мың халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Атап өтерлігі, медициналық нысандар заманауи жабдықтармен, соның ішінде телемедициналық кардиографпен, жүрек ауруын анықтайтын дефибриллятормен және физиотерапиялық аспаптармен жабдықталған. Бұл дәрігерлерге қажетті емді дұрыс жүргізуге әрі шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сапалы медицинаның қолжетім-ділігін арттыру үшін аймағымыздың денсаулық сақтау нысандарында халыққа қашықтықтан медициналық қызмет көрсету белсенді жүргізілуде. Бұл көрсеткіш ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтауды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған жоспарына енгізілді. Өткен жылы облыс тұрғындарына барлығы 65 482 қызмет көрсетілді. Оның ішінде 1080 телемедициналық қызмет аудандық медициналық ұйымдарда ұсынылды. Яғни, науқастар білікті дәрігерлердің кеңесін қашықтан алу мүмкіндігіне ие болды.
— Сырқаты асқынған, ауыр жағдайға тап болған науқастар аудан орталығына жеткізілетіні белгілі. Аудандағы емдеу меке-мелерінде зерттеу жүргізетін құрылғылар жаңартылды ма?
— Өткен жылы ауыл тұрғындары үшін жылжымалы флюорограф, лор дәрігеріне ем жүргізуге қажетті медициналық құрылғылармен қамтылған комбайндар, бейнекольпоскоп, телекардиограф, артериялық қысымды тәуліктік мониторингілеу құрылғысы, ЭКГ холтері, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор сияқты
73 бірлік медициналық техника мен бұйымдар сатып алынды. Мұндай медициналық жабдық дәрігерлердің қызметін жеңілдетері сөзсіз. Бұдан бөлек, облыста мамандандырылған Автобус автокөлігінің базасында
5 жылжымалы медициналық кешен бар. Ауыл тұрғындарына білікті медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға арналған арнайы кесте бекітілді. Оның аясында жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауылдарда қызмет көрсететін болады. Былтыр жылжымалы медициналық кешеннің көмегімен жалпы саны 38618 адам қамтылды. Бұл ретте 14844 диагностикалық, 11300 зертханалық зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, салалық мамандар 37415 адамға кеңес берді. Тексеру кезінде тұрғындардан 3917 ауру түрі анықталды. Оның ішінде қан айналым жүйесі нашарлаған 336 жағдай, қант диабетіне шалдыққан 111 адам белгілі болды. Балалар арасында 1771 ауру түрі нақтыланды. Тағы бір адамның сүт безі қатерлі ісігіне душар болғаны анықталды. Мұндай жұмыс науқастарға дер уақытында ем қабылдауға мүмкіндік берді.
— Аймағымызда талай жылдан бері өзектілігін жоймай келе жатқан мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Облыста салалық дәрігерлер тапшы екені жасырын емес. Ауылға жас мамандарды тартуда қандай жұмыс атқарылды?
— Аймағымыздағы емдеу меке-мелерінде жалпы саны 8034 медицина маманы еңбек етеді. Оның ішінде 2575 дәрігер және 5459 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Жыл сайын кадр тапшылығын шешу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Былтыр облыстың медициналық ұйымдарында 182 дәрігер қабылданды. Оның ішінде 57 дәрігер Павлодар облысы әкім-інің гранты бойынша білім алған. Жұмыс істеуге келген мамандар үшін әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу көзделген. 2024 жылы бұл көлем 369 200 теңгені құрады. Сондай-ақ аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандарға 2500 АЕК мөлшерінде (9 млн 230 мың теңге) тұрғын үй сатып алуға несие беріледі. Ал ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК (7 млн 384 мың теңге) несие сомасының жылдық 0,01 пайыз мөлшерінде 15 жылға қарастырылған. Бұл жұмыстың орындалуына аудан әкімдіктері жауапты. Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларына жұмыс істеуге келген жас мамандар үшін жергілікті бюджет қаражатынан 3,5 млн теңге көлемінде көтерме ақы төлеу белгіленді. Ал ауылдық жерлерге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем жүзеге асырылатын болады. Оның көлемі 8,5 млн теңгеге тең. Кадр тапшылығын азайту үшін жергілікті бюджет қаражатынан резидентурада салалық мамандықтарды игеру үшін гранттар беріледі.
Жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру және кадрларды тарту мақсатында медициналық ұйымдардың басшылары жыл сайын медициналық ЖОО өткізетін бос орындар жәрмеңкесіне қатысады.
— Медициналық мекемелерге жүгінген емделушілердің бәрі алған қызметіне көңілі толады деп айта алмаймыз. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер мен шағымдар қалай қаралады?
— Денсаулық сақтау басқармасы азаматтардың өтініштерін ерекше бақылауда ұстайды. Біз тұрғындар үшін барынша ашық болуға тырысып келеміз. Бұл ретте өтініш пен шағымды бірнеше жүйе арқылы қараймыз. Мәселен, барлық мемлекеттік органдардағы сияқты біз Egov порталының E-otinish платформасы арқылы келіп түсетін өтініштерді бақылаймыз. Сондай-ақ, орынбасарға немесе жеке өзіме 8 (718 2) 32-50-02 нөмірі бойынша жазылуға болады. Одан басқа 32-01-99, 32-01-90 нөмірлері де жұмыс істейді.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде де тұрғындардың талап-тілегіне мән береміз. Instagram парақшасында densaulyq_pavlodar атты басқарманың ресми аккаунты бар. Бұдан бөлек, buyrashev_anuar деген жеке аккаунтым жұмыс істейді. Денсаулық сақтау басқармасының базасында фронт-офистің де есігі ашық. Онда күн сайын жұмыс күндері денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері азаматтарды қабылдайды. Сонымен қатар, 8-705-447-52-52 WhatsApp нөмірі де іске қосылған. 2024 жылы ол арқылы азаматтардың 7 мыңнан астам өтініші қаралды. Бұған қоса, басқарма деңгейінде шағымдардың себебін талдауға қатысты тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарының қатысуымен кеңес өткізіледі. Басқарма азаматтардың өтініштері бойынша медициналық ұйымдарының рейтингісін шығарады. Егер көрсеткіші төмен медициналық ұйымға түсетін шағым көлемі азаймаса, мекемеге тәртіптік сипаттағы тиісті шара қолданылады.
— Аймағымызда ана мен бала өлімі тіркелді ме? Туберкулез, қатерлі ісік сынды аурулардан көз жұмған адамдардың саны азайды ма?
— Облыста өлім-жітімнің өсуі байқалады. Өткен жылдың 9 айында 5377 адам қайтыс болды. Бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға көп. Қуантарлығы, соңғы екі жылда ана өлімі тіркелмеді. Тыныс алу мүшелерінің ауруынан 413 адам, туберкулезден 5 адам, қатерлі ісіктен 548 адам қайтыс болды.
Қан айналым жүйесінен бақилық болғандардың санының өсуіне мидағы қан тамырларының зақымдалуы себеп. Өңірде жүректің ишемиялық ауруына шалдыққандардың қатары көбейіп келеді. Биылдан бастап 50-70 жастағы ерлер арасында ми тамырларының зақымдануын ерте анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік тексерулер, жүрек тамырларын зерттейтін коронарография өткізілетін болады. Емдеу мекемелері созылмалы аурулар бойынша есепте тұрған науқастарды ерекше бақылауда ұстайды.
— Биыл аймағымыздың денсаулық сақтау саласында қандай жұмыс атқарылады?
— 2025 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жұмыстары толық аяқталады. Ағымдағы жылы медициналық ұйымдардың күрделі жөндеу жұмыстарына 6,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,4 млрд теңгеге аудандық медициналық ұйымдар жаңартылатын болады. 137 бірлік жаңа жабдық сатып алынады. Өңірде санитарлық көлік жыл сайын жаңартылуда. Өткен жылы автопаркті жарақтандыру 68 пайыздан 84 пайызға ұлғайды. 2024 жылы медициналық ұйымдардың санитарлық көлікпен қамтылуы 68 пайыздан 84 пайызға ұлғайды. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіледі. Бұл ретте елді мекен халқы үшін 37 бірлік техника сатып алынады.
Биыл денсаулық сақтау нысандарында түбегейлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасады. Бұл ретте
6 денсаулық сақтау мекемесінің жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде ауылдық жердегі 4 медициналық мекеме жаңа кейіпке енеді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.