Дауыс қарлығып, тамақ жұтындырмаса, құлақ шыңылдап, ауырсыну белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн. Себебі аталған белгілер  бас және мойын қатерлі ісігінің алғашқы симптомы болуы мүмкін. Маманның көмегіне уақытылы жүгіну арқылы ғана обырдың алдын алуға болады.

 

Аймағымызда қатерлі ісікке шалдыққандардың қатары азаймай отыр. Бүгінде онкологиялық диспансерде 13 мыңнан астам науқас есепке алынған. Дәрігерлер ісікті ерте диагностикалау маңызды екенін айтады. Скринингтік тексеруден уақытылы өту аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Облыстық онкологиялық диспансер директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Әсел Асқарова Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген көшпелі брифинг барысында аймағымызда 1156 адам бас және мойын қатерлі ісігімен ауыратынын айтады. Бұл обырға шалдыққан науқастардың                           7,5 пайызын құрайды. Жыл басынан бері  59 адам бас және мойын ісігіне душар болған. Ал өткен жылы осы індетке 70-ке жуық адам шалдыққан.

Бас және мойын обырына шалдыққандардың ішінде қалқанша безі ісігімен ауыратындардың саны көп.  Көмей, ми және ауыз қуысы ісігіне шалдыққандар да бар.  Қазіргі медицина аталған індетті тез анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте алғашқы медициналық көмек көрсетудің 30  түрі бар. Оның аясында емдеу мекемелерінде ерлер мен әйелдер үшін 69 тексеру кабинеті жұмыс істейді. Мұнда науқастарды қабылдайтын 89 маманның бәрі арнайы оқудан өткен. Олар тексеру кезінде емделушінің ағзасында обырға ұқсас белгі болса, бірден терапевке бағыттайды. Дәрігер қажетті сараптамаларды тағайындап, нәтижесінде диагноз расталса, онколог маманға жібереді. Ал ауыл тұрғындарын аудандық ауруханадағы онколог мамандар тексереді. Егер қатерлі ісік анықталса, науқас толық тексеруден өтуі үшін оны облыс орталығындағы онкологиялық диспансерге жолдайды, – дейді Ә.Асқарова.

Әсел Тоқмағамбетқызы тексеру кабинетінде науқастан қатерлі ісікке қатысты күдік байқалса, емдеу мекемелеріндегі жағдайлар орталығының мамандары әлгі адамды онкологқа барғанға дейін әр әрекетін бақылайтынын айтады. Яғни, науқас 18 күннің ішінде толық сараптамадан өтіп, онкологиялық диспансерге келуі тиіс.

Қатерлі ісік диагнозында уақыт өте маңызды. Бұл дертті тек ерте анықтау арқылы жеңуге болады. Обырды алғашқы сатыларда ғана емдеуге мүмкіндік бар. Сол үшін тұрғындардың жылда ұйымдастырылатын скринингтік тексеруден өтуі маңызды. Онкологиялық диспансер қажетті заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Науқастарды емдеуге барлық жағдай жасалған. Мамандар жоғары білікті әрі тәжірибелі, – дейді дәрігер. Облыстық онкологиялық диспансердің торокалдық бөлім-шесінің меңгерушісі Валерий Кравчук бас және мойын ісігінің бірнеше түрі болатынын айтады. Оның әрқайсысын әртүрлі маман емдейді. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, қауіпті сырқат түрінің бірі – тері ісігі. Бұл ауру дененің кез келген бөлігінде болуы мүмкін. Көп жағдайда бас терісінде, бетте және мойында болады.

Бас және мойын ісіктерінің тағы бір түрі – көмей ісігі. Бұл ауру дауыс желбезегі, көмейде немесе тыныс алу жүйесінің басқа органдарында пайда болуы мүмкін. Ми ісігі ми мен жұлынның түрлі аймағында пайда болады. Бас және мойын ісіктерінің тағы бір түрі – сілекей мен қалқанша безі, мұрын және мұрын қуысы ісігі мен көз ісігі. Аталған індеттерді емдеу аурудың сатысына байланысты. Мамандар аталған диагнозды хирургиялық жолмен, сәулелік терапиямен және химиотерапия сынды өзге де әдістермен емдейді.

– Бас және мойын қатерлі ісігінің 40 пайызы – қалқанша безі обырымен ауыратындардың үлесіне тиесілі. Өкінішке қарай, науқастар ағзасындағы бұл індетті кеш анықтайды. Салдарынан онколог маманға келгенде ісіктің көлемі 10, 12, тіпті, 14 сантиметрге дейін барады. Бұл індетті онкологиялық диспансерде емдеуге бар мүмкіндік қарастырылған. Ал екінші орында – көмей қатерлі ісігі. Жыл сайын осы дерт бойынша 30-35 адам есепке алынады. Әу баста науқастар лор-дәрігерде ем қабылдап, қарлыққан дауыспен жүріп, уақыт жоғалтып алады. Тіпті, кей адамдар онкологиялық диспансерге келуден қорқады. Сондықтан қарлыққан дауыспен бір ай жүрген адамдар онкологқа қаралуы тиіс дер едім. Ауыз қуысы, жұтқыншақ, мұрын мен мұрын қуысы ісігі үшінші орында тұр. Бұл ретте мұрын қуысын лор-дәрігер, ауыз қуысы ісігін стоматологтар емдейді. Ал ми ісігімен невропатологтар күреседі –
дейді дәрігер.

Валерий Кравчук обырға шалдыққан адам аурудан 100 пайыз айыға алмайтынын айтады. Қатерлі ісіктің 1-2-сатысындағы науқастардың өмірін ем жүргізу арқылы ең көп дегенде 5 жылға ұзартуға болады. Ал 3-4 сатысындағы науқастар емнің көмегімен тек бірнеше ай өмір сүре алуы мүмкін. Сондықтан қауіпті кеселдің алдын алу үшін жұртшылық жыл сайын өткізілетін скринингтік тексерулерден жоспарлы түрде өтуі
тиіс.

Атап өтерлігі, 8 маусым күні бас және мойын қатерлі ісігін анықтау мақсатында онкологиялық диспансердің қызметкерлері «Ашық есік күнін» ұйымдастыруды жоспарлауда. Дәрігерлер келушілерді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қара-мастан сағат 9.00-13.00 аралы-ғында қабылдап, тегін тексеруден өткізеді. Сондықтан өңір жұртшылығы мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауы тиіс.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.