Павлодар қалалық №1 аурухана дәрігерлері зейнеткердің аяғына күрделі ота жасап, аман алып қалды. Мамандар науқастың жамбас терісін алып, аяқтағы жіліншікке трансплантация әдісін қолданды.

Емдеу мекемесіне түскен зейнеткер Железин ауданынан жеткізілді. Оған жарақаттан кейінгі флегмона диагнозы қойылды. Ісіктің салдарынан 77 жастағы қария аяғынан айырылып қала жаздаған.

Любовь Солнцева көлікке отырған кезде аяғын орындыққа қатты соғып алған. Бұдан аяғында гематома пайда болған. Ауруханаға жүгінгенде оған аяққа арналған пластикалық лангет салған, бірақ аяғы күн сайын ісе бастаған.

– Аяғым соққыдан кейін ісіп, қарайып кеткен болатын. Мамыр айынан бастап шілденің басына дейін аудандық ауруханада жаттым. Аяғыма ота жасалып, №1 Павлодар қалалық ауруханасына тері трансплантациясын жасау үшін келдім, — дейді науқас.

Дәрігер Асхат Мүрсәлімовтің айтуынша, гематоманың ұлғаюына және іріңдеуіне науқастың қанды сұйылтатын дәріні қабылдауы себеп болған. Сондықтан микроциркуляцияның бұзылуына байланысты аяқта флегмона пайда болған.

– Науқасқа Железин ауданында ота жасалып, біздің ауруханаға аутодермаплас-тика жасату үшін жіберілді. Бірінші отаны әйелдің сол жақ жамбасының терісін алу арқылы жасадық. Екінші ота да жүргізіледі. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жаман емес, – дейді дәрігер.

№1 Павлодар қалалық ауруханасы – барлық науқастарға шұғыл және жоспарлы ота жасайтын облыстағы емдеу мекемесінің бірі. Бүгінде хирургиялық араласуларға түрлі технологияларды белсенді қолдануда. Биыл заманауи әдістер арқылы 6 науқасқа ота жасалды. Мұндай оталардың бағасы шамамен 1,5 миллион теңгені құрайды. Науқасқа қымбат ота МӘМС жүйесі аясында тегін жасалғанын атап өткен жөн.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.