Павлодар қалалық №1 аурухана жанында орналасқан перзентхана ұжымы емдеу мекемесінің алдағы қызметіне байланысты дабыл қағып отыр. Қызметкерлер перзентхананың жабылатынын алға тартып, жұмыстан босатылатындарына алаңдаулы.
Басшылық тарап мекемеде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін айтқан. Бірақ ғимарат апатты жағдайда деп танылмаған. Тіпті, жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінбеген. 39 жыл бойы қызмет етіп, облыста маңызды акушерлік-гинекологиялық және перинаталдық көмекті көрсетіп отырған ұжым алдағы тағдыры үшін уайымдап отыр. Жұмыстан бөлек, жүкті әйелдердің де денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Өйткені перзентхана облыс бойынша екінші деңгейлі перинаталдық көмек көрсету қызметін атқарып келеді.
Ұжымның үндеуіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді. Құзырлы мекеме перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін растады. Өйткені ескірген ғимарат жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оны пайдалану тек 2025 жылға дейін ғана мүмкін екенін айтты.
«Техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ғимаратты қауіпсіз пайдалану мерзімі 2025 жылға дейін ғана деп көрсетілді. Құрылыс барысында инженерлік желілерді — су құбыры, электр желілері, желдету жүйесін толығымен ауыстыру қажет. Бұл емделушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды», – деп хабарлады басқармада.
Қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жөндеу жұмыстары кезеңінде перзентхана бөлімшесі толығымен уақытша №1 облыстық перинаталдық орталыққа көшіріледі. Қызметкерлер сол жерде өз жұмысын жалғастыратын болады.
«Барлық қызметкер жұмыспен қамтылады. Ешбір жүкті әйел медициналық көмексіз қалмайды», – деп толықтырды басқарма өкілдері. Ұжыммен өткізілген жиналыста жөндеу жұмысын жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылатыны айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша №1 Павлодар қалалық аурухана басшысы перзентхана жұмысына кешенді талдау жүргізуі тиіс. Оның ішінде бөлімше жүктемесі, төсек-орын қоры, медициналық қызметкерлерге түсетін салмақ та есепке алынады. Жобалық-сметалық құжат әзірленіп, бюджеттен қаражат бөлінгенге дейін перзентхана қызметкерлері өз жұмысын осы мекемеде жалғастыратын болады.
Атап өтерлігі, перзентханада жөндеу жұмыстарын жүргізу ісі 2020 жылы қолға алынуы керек болған. Сол уақытта екінші қабатты жаңа кейіпке енгізу үшін 130 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бірақ коронавирус салдарынан туындаған пандемияға байланысты бұл жоспар кейінге қалдырылып, бөлінген ақша бюджетке қайтарылған.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Сурет газет мұрағатынан алынды.