Бүгінгі таңда облыста 33 медициналық және 37 фельдшерлік бригададан тұратын 70 медициналық бригада күн сайын кезекшілік етуде. Соңғы екі жылда жедел жәрдем қызметіне 32 жас дәрігер қабылданды. Сондай-ақ, биыл 19 фельдшер дәрігер дипломын алып, ақ желеңділер қатарына қосылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжанов өңірлік жедел жәрдем қызметін жаһандық стандарттарға сай жетілдіру кезеңі 2011 жылы басталып, 2016 жылы облыстық жедел жәрдем қызметі аймақтық станцияның құрамына енгенін жеткізді. Бүгінде станция үш қаладағы алты қосалқы станция және 16 ауылдық жедел медициналық көмек көрсету пунктін қамтиды.

— Орталықтандыру нәтижесінде қала мен ауылдық жерде бірдей медициналық қызмет көрсетілуде. Яғни, қала мен алыстағы ауыл халқына жедел жәрдем қызметі бірдей қолжетімді. Автопарк та толық жаңартылды. 109 жаңа реанимобиль сатып алынды. Көліктер жоғары стандарттарға сай жабдықталған. Павлодар облысы бойынша 103 желісіне қоңыраулардың барлығы бірыңғай call-орталыққа түсіп, автоматты түрде медициналық бригадалардың смартфондарына бағытталады, — деді Қ.Ахметжанов. Сонымен қатар, бас дәрігер осы жылдың тамыз айында Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы ұлттық аккредитациядан өтіп, республика бойынша жоғары көрсеткішке ие болғанын атап өтті. Былтыр станция «Алтын шипагер» Ұлттық сыйлығы шеңберінде «Үздік жедел жәрдем станциясы» аталымында жеңіске жеткен болатын.

— Фельдшерлік бригадалар облыстық кардиохирургиялық орталыққа және ауысымның аға дәрігеріне онлайн режимде науқастың ағымдағы жағдайын жолдауға мүмкіндігі бар кардиометрлермен 100 пайыз жабдықталған. Жіті коронарлы синдром мен инсульт жағдайында жедел әрекет ету бойынша бірыңғай маршрут әзірленген. Осындай патологиялары бар пациенттер оқиға орнынан аудандық аурухана-ларға емес, мамандандырылған орталықтарға жеткізіледі. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар барлық жолдарды шартты түрде учаскелерге бөліп, қосымша жедел жәрдем көмегін көрсету пункттерін аштық. Олар іске қосылған сәттен 20 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетілді. Тасымалдау барысында бірде-бір өлім оқиғасы тіркелген жоқ. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында науқасқа жету уақыты 10–12 минутты құрайды. Ал қалада медициналық бригадалардың орташа келу уақыты 7–8 минут аралығында, — деп атап өтті дәрігер. Сондай-ақ, Қанадан Ахмет-жановтың айтуынша, қазіргі уақытта Павлодарда 4 жедел жәрдем станциясы жұмыс істейді. Келесі жылы жедел жәрдем басшылығы қаланың оңтүстік бөлігіне қызмет көрсететін жаңа қосалқы станцияның құрылысына өтінім беруді жоспарлап отыр.

– Бұл жерде көзделетін мақсат – облыстық жедел жәрдем станциясының базасында халықа-ралық сертификаттар беретін мамандарды дайындайтын халықаралық ғылыми орталық құру. Сонымен қатар, біз қосымша төрт бекініс құрып, ақпараттық жүйедегі технологияларды жетілдірмекпіз. Келесі жылы облыс орталығындағы Қ.Нұркин көшесі, 75-үй мекенжайында орналасқан екінші жедел жәрдем станция- сын қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыстар 2024 жылы басталады деп жоспарлап отырмыз. Күрделі жөндеу жұмыстарының құны 70 млн теңгені құрайды, — деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.