Келер жылдан бастап «Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке» кіретін әлеуметтік маңызы бар 13 ауру түрінің тек алтауынан емделу ғана ел тұрғындары үшін тегін болады. Яғни, туберкулез, онкология, АИТВ, ЖИТС, гепатит және сирек кездесетін ауруға шалдыққан адамдар сақтандыру мәртебесіне қарамастан қажетті емді ақысыз негізде алады. Ал бұған дейін дәл осылай тегін көрсетілген 7 дерттің түрін емдеу мәселесі МӘМС-ке беріледі. Медицина саласындағы мұндай өзгеріс қызмет көрсету сапасына қалай әсер етеді? Жаңашылдық кезінде қандай факторды ескерген жөн?

Отандық медициналық қызметті қаржыландыру екі пакетке бөлінген. Олар — «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру».

2025 жылдан бастап артропатия, дорсопатия, бауыр аурулары, қалқанша безінің аурулары, перинаталдық кезеңде пайда болған бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен даму ақаулары, операциядан кейінгі кезеңде туа біткен жүрек ақаулары, қуық асты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігінің аурулары, қан және қан түзуші органдардың аурулары, инфекциялық емес энтерит және колит аурулары  МӘМС пакетіне ауыстырылады. Талдау қорытындысына сәйкес, осы санатқа жататын емделушінің басым көпшілігі сақтандырылған. Олар — балалар, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар жандар және жұмыс істейтін азаматтар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев жаңашылдық қаржыландыру көлемін арттыратынын айтады.

— Бірыңғай пакетке «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің» ең аз пакеті кіреді. Олар — жедел және паллиативтік көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайдағы көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және сақтандырылмағандар үшін шұғыл стационарлық көмек. Ал МӘМС базалық пакеті медициналық көмектің өзге барлық (созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар ауруларға көмек көрсетуді қоса алғанда) түрлерін қамтиды. Ұсынылған модель МӘМС-ке бөлінетін қаражат көлемін арттырады. Яғни,  қаржының 70 пайызы МӘМС жүйесіне, қалған 30 пайызы тегін көмекке бағытталады.  Ең әуелі МӘМС пакетіне динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, әлеуметтік маңызы бар аурулардың жеті тобы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек біртіндеп беріледі. Бұл жерде өңірлердің тұрғындары үшін көптеген артықшылық туындайды деп күтеміз. Онкологиялық скринингтер емделушінің сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Барлық әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша күдік туындаған жағдайда тексерулер барлық адамға тегін жүргізіледі. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып, қызметтердің тарифтері нақты шығындарға сәйкес түзетіледі. Бұл жерде кейбір тұрғындарда «медициналық сақтандыруға ақы төлемесем, маған медициналық көмек көрсетпейді» деген қорқыныш туындауы мүмкін. Бұл ретте тұрғындардан өз денсаулықтары үшін сақтандыру жүйесіне қосылуды сұраймын. Жаңашылдық аймақтарда МӘМС арқылы қызмет көрсетіп отырған медициналық ұйымдарға түсетін қаражатты  көбейтеді. Қаржыландыру ұлғайса, мүмкіндік те артатыны сөзсіз. Яғни медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу медициналық көмекке қол жеткізудегі теңсіздікті шешіп, емдеу мекемелерін неғұрлым ашық қаржыландыруға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді басқарма басшысы.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Жангелді Шайымбетов бірыңғай пакет өңірлердегі медициналық ұйымдардың дамуына үлкен мүмкіндіктер тудыруы мүмкін екенін айтады. Себебі МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтердің саны өскен сайын олардың алатын қаражаты да көбейеді. Бірақ әуелі қазіргі қалыптасқан мәселелерді шешіп алған жөн.

— Облыс аумағындағы негізгі үш мәселеге тоқталайын. Бұған дейін айтқанымдай,  медициналық ұйымдардың цифрлануы кенжелеп тұр. Сапалы қызметке қол жеткізуде барлық ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Ашықтықты қамтамасыз етуде әр емделуші өзінің шын мәнінде медициналық көмекті алғанын көре білуі қажет. Өкінішке қарай, кейбір жағдайда оны дәлелдеу мүмкін емес. Кейбір медициналық ұйымдар болмаған қабылдауларды, алынбаған сараптамаларды жүйеге енгізіп қояды. Осы жағдай бойынша жұртшылық тарапынан арыз-шағымдар түсіп жатады. Мұндай кемшіліктерді біз шағым түскен жағдайда ғана көре аламыз. Биыл Астана қаласындағы медициналық ұйымдарда емделуші өзінің медициналық көмек алғанын биометриялық бейнені анықтау (Face ID) арқылы растай алатын пилоттық жоба басталды. Мұндай жаңашылдық келесі жылы облыстарда енгізіледі деп жоспарлануда, — дейді Ж.Шайымбетов.

Жангелді Мырзагелдіұлы екінші мәселе —  медициналық ұйымдар арасындағы мәліметтердің кіріктірілмеуі екенін атап өтті. Ұйымдардың қолданатын ақпараттық жүйелер әртүрлі болғандықтан, қызметтер мен емделушінің ауруларына қатысты ақпараттар алмаса алмайды. Соңғы мәселе — маман тапшылығы. Бұл жағдай емделушілер тарапынан арыз-шағымның көп түсуіне себеп.

— Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар осы мәселелердің шешілуіне басымдық бергені дұрыс деп санаймын. Ал медициналық ұйымдарға қор тарапынан төлем жүргізу бұрынғыша Денсаулық министрлігі бекіткен тарифке сәйкес жүргізіле береді. Олардың көрсеткен қызметі ақпараттық жүйелер арқылы бізге түседі. Бұл жерде қаражат бірден аударылмайды. Әуелі филиалдағы медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді мониторингтеу бөлімі көрсетілген қызмет сапасын толық тексереді. Бұл ретте  16 тәжірибелі сарапшы жұмыс істейді. Мамандар бәрін сапалы тексеріп шыққан соң нәтижеге қарай қызмет қаражаты төленеді, -дейді филиал басшысы.

Яғни, тұрғындардың МӘМС-ке аударатын жарналары қорға емес, бірден Ұлттық банктің есепшоттарына түседі. Қор — осы қаражатты көрсетілген қызметтер бойынша бөлетін оператор ғана. Мамандар шағыммен өте көп жұмыс істейді. Егер емделушіге медициналық мекемеде салалық дәрігерге, кейбір медициналық сараптамаларға жолдама бермесе немесе қызметті ақылы алуға жіберсе және т. б. Мәселелер туындаса, бірден сол ұйымдағы «Емделушілерді қолдау» қызметіне жүгінуі керек. Аталған орында мәселе шешім таппаса, қорға шағымдануға болады. Шағым негізді болса, жоспардан тыс мониторинг жүргізіледі.

Облыста МӘМС жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласындағы бюджет көлемі екі есе өскен. 2019 жылы қазына қаржысы 42,5 млрд теңгені құраса, қазір бұл сома 101,1 млрд теңгеге жетіп отыр. Медициналық оңалту мен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге 15 есе көп қаражат бөлініп, МӘМС бойынша төленетін жоғары технологиялық операциялардың 28 түрі жасалып жүр.

Жыл басынан бері аймақта  жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын сомаға ота жүргізілген. Ал бір операцияның құны 1-10 млн теңге аралығында. Қормен шарт жасасқан, яғни МӘМС-тен ақша алып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету жауапкершілігін иеленген мекемелер саны — 72. Олардың 32-сі ғана мемлекеттік мекемелер.

Бүгінде облыс тұрғындарының 85 пайыздан астамы яғни, 650 мыңнан астам адам сақтандырылған. Оның ішінде 400 мың азамат жеңілдік санатына кіреді. Яғни, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Ал қалған 250 мыңы – қызметкерлер, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар.

2025  жылдан қолға алынатын реформа мәртебесі жоқ адамдарды сақтандыру үшін қолға алынып отыр. Жаңашылдық аясында өңірдегі халықтың 15 пайызы МӘМС жүйесіне қосылуы тиіс. Бастысы, тұрғындардан қыруар қаржыға кенеліп отырған емдеу мекемелері әр емделушіге уақытылы әрі сапалы қызмет ұсынса игі.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.