Соңғы уақытта отандық медицина саласында оң өзгерістер орын алуда. Бұл жетістіктер ел тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашпақ. Сонымен, саладағы соңғы жаңалықтарды саралап көрсек…
Дәрігер тапшылығы қысқарды
Елімізде медицина мамандарының жетіспейтіні жайлы мәселе бұған дейін үнемі көтеріліп келген болатын. Бүгінде бұл жағдай біртіндеп оң шешімін тауып, дәрігер тапшылығы 20 пайызға азайған. Былтыр Мемлекет басшысы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған ҚР Заңына қол қойды. Сол бойынша бұл мамандыққа деген сенімділік артып, дәрігер мәртебесі көтерілуде. Мамандардың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің тапшылығы 3 986 бірлікті құраған. Бұл көрсеткіш осыдан екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 20 пайызға аз екені белгілі болды.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 83 мыңнан астам дәрігер, 191 мыңға жуық орта медициналық маман бар.
— Біз соңғы үш жылда медицина кадрлары санының өсуі бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі. Бұл іске асырылып жатқан кадр саясатының тиімділігін растайды, — деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев. Оның айтуынша, медицина қызметкерлерін, әсіресе, ауылдық елді мекендерге тарту үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары көрсетілуде. Сонымен қатар, емдеу мекемелерінің санын арттыру, материалдық-базасын жаңарту жұмыстары да қолға алынуда. Мәселен, өткен жылдан бері тек Павлодар облысында 25 жаңа нысан бой көтерген. Өңірде осы жылдың соңына дейін тағы да 5 емдеу мекемесі ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, аймағымыздағы медициналық мекемелерді жабдықтауға және жөндеуге қазынадан 7,5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Білікті мамандар көбейді
Отандық медицина саласын дамыту мақсатында кадр саясатын жаңғырту және медициналық көмектің сапасын арттыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Соның аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің біліктілік деңгейлерін көтере отырып, сертификаттаудың жаңа жүйесін енгізді.
Ведомствоның ақпараты бойынша, бүгінде 50 мыңға жуық қазақстандық маман, соның ішінде 20 мыңнан астам дәрігер, 30 мың орта медициналық персонал жаңа біліктілік деңгейін көтеріп, сертификаттаудан өткен. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында ашықтықты арттыру, мамандарға әкімшілік және қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған біліктілік санаттарын беру тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Атап өтерлігі, медицина қыз-меткерлерінің ішінде бірқатар санаттағы мамандар білімді бағалау және кейс-тестілеу кезеңдерінен босатылатын болады. Оларға төмендегідей қызметкерлер жатады:
- біліктілік санатының қол-данылу мерзімі 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өткен адамдар;
- мерзімсіз санатты қайта ресімдейтін медицина қызметкерлері;
- қолданыстағы біліктілік деңгейін растайтын мамандар.
Бұл ретте, техникалық және кәсіптік білімі бар, сондай-ақ, «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша орта немесе жоғары білім алған мамандар үшін бұрын берілген біліктілік деңгейі сақталады. Осы жұмыс өтілін ескере отырып қамтамасыз етіледі және баламалы біліктілік санатына сәйкес келеді, дейді министрлік өкілдері.
Ал медицина қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында министрлік мамандарды бірқатар қолдау шараларын қабылдаған екен. Сол бойынша қызметкер қанағаттанарлықсыз нәтиже алып, емтиханды бірінші рет қайта тапсырған жағдайда төлемнен босату, мейіргерлер үшін біліктілікті бағалау құнын төмендету, яғни 21 мыңнан
17 мың теңгеге дейін азайту жоспарлануда.
Көмек көлемі артады
Қазақстанда балаларға арналған медициналық көмекті қаржыландыру көлемі екі есе артты. Яғни, қаржыландыру 264 млрд теңгеден 575,4 млрд теңгеге дейін өсті.
Мамандардың айтуынша, Орта Азия бойынша тек біздің елде балаларға, тіпті жаңа туған нәрестеге дейін кардиохирургиялық қызмет қолжетімді екен. Былтыр елімізде ашық жүрекке 1700-ден астам операция, оның ішінде 809-ы 1 жасқа дейінгі сәбилерге жасалған. Сонымен қатар, бүгінде саладағы заманауи технологиялар мен неонаталдық реанимацияның дамуының арқасында дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі есе өскен. 2026 жылдан бастап I-III дәрежелі есту қабілеті нашар балалар жергілікті бюджет есебінен есту аппараттары мен аудио- процессорлармен қамтылған. Онкогематологиялық көмекті дамыту мақсатында жыл сайын 5 мың бала ем алуда. Балалар арасындағы қатерлі ісік аурулары кезінде жалпы өмір сүру деңгейі 75 пайыздан асқан. Бұдан бөлек, шұғыл көмек көрсету сапасы да дамуда. Айталық, елдегі санавиация орталығы ауыр асқынулары мен жарақаттары бар 3 мыңнан астам әйел мен балаға қызмет көрсетуде. Былтыр медавиацияның мобильді бригадалары 700-ден астам рет ұшып, 647 бала мен 127 жүкті әйелді тасымалдап, дер кезінде медициналық көмек алуына жағдай жасаған.
Міне, бұл бағыттағы игі істердің барлығы мамандар біліктілігі мен салаға құйылған қомақты қаржының нәтижесінде мүмкін болды, дейді мамандар.
Нұржайна ШОДЫР.