Полиомиелит — мүгедектікке әкелетін қауіпті індет. Бұл дерт жүйке жүйесін зақымдап, жұлынның жұмыс істеуін тежеп, сал ауруына душар ететін жұқпалы ауру. Вирус әуелі бұлшық етке әсер етеді. Дәрігерлер қауіпті дерттен сақтану үшін вакцина алуға кеңес береді.
Полиомиелит көп жағдайда аяқ-қолдың жұмысын тоқтатады. Бұл дертке шалдыққан адамның омыртқасы зақымдалып, аяқ-қолының жұмыс істемеуі салдарынан өмір бойы арбаға таңылып, мүгедек болуы мүмкін. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары полиомиелит эпидемиясынан болатын өлім-жітім 5 пайыз-
дан 25 пайызға дейін жеткенін айтады. Бұлшық етке зақым келуден тыныс алу жолдарының қызметі бұзылады.
Аурудың қоздырғышы — полиовирус. Жұқпа бірінші кезекте орталық жүйке жүйесін және жұлын ми сұйықтығын зақымдап, салдануға (паралич) әкеледі. Мидың функционалдық қызметінің қайта қалпына келмейтіндей зақымдалуымен, яғни мүгедектікпен, тіпті өлім жағдайымен аяқталады. Бұл ауру жұқпалы инфекция арқылы беріледі. Суық тигендегі сияқты қызу көтеріледі, бала құсып, іші етеді, бұлшық еттері ауырады. Әу баста індет кәдімгі тұмау сияқты көрінеді. Кейін баланың аяқ-қолы жұмыс істемей, сал болып қалуы мүмкін. Сал ауруы жаз, күз айларында жиілегенімен, жыл бойы кездесе береді. Вирустық ауру болғандықтан балаларға вакцина алу маңызды. Өйткені, осы дертке сәбилер жиі шалдығады.
– 2002 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің 51 елі арасында аумақтың полиомиелиттен таза екенін растады. Бұған балаларды вакциналау арқылы ғана қол жеткізді. Бірақ бұл вирус Нигерия мен Пәкістанда қайта белең алуда. Демек, бұл дерттің елімізге ену қаупі бар. Полиомиелитке қарсы арнайы ем жоқ, сондықтан балаларға екпе салуды жалғастыруымыз керек, – дейді департамент өкілдері.
Ұлттық күнтізбеге сәйкес, алғашқы үш екпе екі айлық балаларға, содан кейін үш және төрт айға дейін жасалады.
12 (бір жас) және 18 айда (1,5 жаста) қайтадан вакцинациялау қажет.
Вакциналау екі жолмен жүзеге асырылады – ауызға тамшы тамызу және инъекция түрінде. Барлық әдістер сертификат-талған және қауіпсіз болып саналады.
Полиомиелиттен сақтану үшін жеке гигиена ережелерін де сақтау маңызды. Бұл ретте дұрыс тамақтану, жеміс-жидекті жуып жеу, қайнатылған су ішу, шомылуға рұқсат берілген су айдындарында ғана шомылу сынды ережені ұстану маңызды. Бұл әрекеттер вирустан қорғайды.
Ал полиомиелиттің қауіпті факторларына осы індет кең тараған елде саяхаттау, дертті жұқтырған адаммен бірге тұру, иммунитеттің әлсіреуі, полиовирус сақталатын зертханада жұмыс істеу әсер ете алады.
Өкінішке қарай, баланы індеттен түбегейлі сауықтыру мүмкін емес. Өйткені оның басты себебі – мидың зақымдануы. Адам миы бір бұзылса, орнына келмейді. Сондықтан егер баланың жүріс-тұрысында бір өзгеріс байқалып, аяқ-қолына шағымданса, дереу дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.