Санавиациямен жөнелтілді

Нау 13, 2025

Өткен демалыста ауа райы құбылып, ақ түтек боран орын алды. Табиғаттың тосын мінезі жедел жәрдемнің шақыртуларға уақытылы баруына бөгет болмады.

8 наурыз күні 103 бригадасы 3 бала зардап шеккен жол-көлік оқиғасына аттанды. Назарбаев — Толстой көшелерінің қиылысында 2016, 2018 және 2021 жылы туған ұлдар көлік астына түсті. Олардың барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Бұқар жырау көшесінде болған тағы бір апатта велосипедші және көлік жүргізушісі соқтығысқан. Миы шайқалған және жамбасы көгерген 50 жастағы әйелге көмек қажет болды. Ол №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.

Павлодар — Семей арасындағы Аққулы ауылының маңындағы тас жолда бірден екі жол-көлік оқиғасы орын алды. 9 наурызда кешкі сағат 19.00-де екі көлік соқтығысқан. Медициналық бригада оқиға орнына 10 минут ішінде жетті. Өкінішке қарай, апаттан зардап шеккен 50 жастағы әйел алған жарақаттарының ауырлығына байланысты ауруханаға жатқызылғаннан кейін қайтыс болды. 2023 жылы туған ұл, 29 жастағы ер адам және 24 жастағы қыз аудандық ауруханаға жеткізілді. Кейін жағдайы ауырлай түскен бала медициналық санавиация арқылы облыстық балалар ауруханасына жөнелтілді. Қалған екі науқас Павлодар қалалық №1 ауруханасына ауыстырылды.

Екінші апат 10 наурыз күні сағат 15.30 шамасында орын алды. Зардап шеккен 4 адам Аққулы аудандық ауруханасына жеткізілді.

Өткен демалыс күндері орташа есеппен 103 желісіне келетін қоңыраулар саны 20-25 пайызға артты. Бірінші санатқа жататын шақыртуларға жедел жәрдем қызметі өз уақытында үлгергенін атап өту керек.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.