Үш күн ішінде бірден «сүңгуір жарақаты» бар үш пациент №1 Павлодар қалалық ауруханасының реанимациясына түсті. Мойын омыртқаның
сынуы немесе көгеруі — сүңгуірлердің жиі кездестіретін жарақаттары. Павлодар қалалық №1 ауруханаға осындай диагнозбен түсушілер
көбейіп кеткен.

— Жағадан суға секіргеннің бәрі бірдей мертігіп қалмайды. Десек те, омыртқаны зақымдап, сындырып алу ықтималдығы бар. Мұны «сүңгуірдің жарақаты» деп атайды. Өкінішке орай, жыл сайын жазда осындай пациенттер міндетті түрде көмекке жүгінеді. Су жылынғанда барлығы шомылу маусымын бастаса, бізде «сүңгуірлер маусымы» басталады. Көбінесе мойын омыртқасы мен жұлынның ауыр жарақаттары адамдар мас күйінде суға түскенде пайда болады. Көп жағдайда бұл абайсыздық мүгедектікке әкеліп, науқастар өмірінің соңына дейін қозғала алмайды, — дейді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Д.Сафиулла. Мамандардың айтуынша, мойын омыртқасы мен жұлыны зақымданған науқастар саны жиілеп отыр. Нейрохирургтер тәуліктің кез келген уақытында операциялық үстелге тұрады. Себебі, жұлынды босатып, сынған омыртқаларды мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру қажет. Жарақат алғаннан соң неғұрлым көп уақыт жоғалтса, науқастың қалпына келуі және ағзаның функцияларын қайтару мүмкіндігі соғұрлым аз болады. Мамандар операция кезінде титаннан жасалған арнайы тұрақтандыру жүйесін пайдаланады. Жарақаттар бірдей болмайды, сондықтан әр операцияның өзіндік ерекшеліктері бар. Тексеру кезінде жұлынның зақымдалмағаны белгілі болса, мұндай науқастар операциядан кейін олар әдетте толық қалпына келеді. Егер жұлын мен жүйке жүйесі қатты зақымданса, онда операция сәтті болғанымен, науқастар мүгедек болып қалады. Сондықтан суда да сақтық ережелерін сақтау қажет.

 

Өз тілшіміз.