Аймағымызда бүгінде 2 мыңнан астам отбасылық жұп бедеулікке, белсіздікке байланысты жасанды жолмен сәбилі болуға тіркеуде тұр. Өкінішке қарай, жыл сайын бұл тізім шамамен 200 адамға толығатын көрінеді. Ал облысқа әр жылда ЭКО жасауға шамамен 300-ге жуық тегін квота бөлінеді.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакина мәлім етті. Айтуынша, 2010 жылдан бері мемлекеттік ЭКО бағдарламасы қолға алынған. Алғашында 5 қана квота бөлінса, бүгінде үш жүзге жуықтаған. Әсіресе, соңғы үш жылда «Аңсаған сәби» арқылы бөлінетін тегін квотаның саны еселенген. Мәселен, 2021 жылы 290, 2022 жылы 281, былтыр 269, ал биыл 266 квота аймағымыздың үлесіне тиген. 2021 жылы 290 квотаны бөлуде ауылдық елді мекендерге басымдық беріліпті. Барлық жұптар бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланған, 112 жұптың нәтижесі оң болыпты. 2022 жылы 101 отбасы, өткен жылы 103 жұп оң нәтижеге қол жеткізген. Үш жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында аймағымызда 272 сәби дүниеге келген. Соның ішінде үшеуі – егіз балалар. Биыл қарастырылған 266 квотаны тіркеудегі жұптар кезегіне сай кәдеге жаратқан. 84 отбасында оң нәтиже бар. Олар алдағы жылы бөпелі болады деген үміт бар. 79 жұп нәтижесін күтуде. Жалпы, бағдарламаның тиімділігіне жүргізілген талдау шамамен 30-50 пайыз көлемінде. Айта кету керек, жасанды ұрықтандыру бір рет сәтсіз болса, келесі жылы өзінің тұрғылықты мекені бойынша емханаға қарастырылған квотаға іліксе, қайтадан бағдарламаға қатысуына болады. Жұптарға бұл бағытта ешқандай шектеу жоқ. Бастысы, балалары болмауы және медициналық көрсеткіштері талапқа сай болғаны абзал. Бағдарламаға қатысушылардың жасы 42 жасқа дейін болуы шарт.

Басқарма өкілі өңірімізде квота санының кемуі бала көтеретін жастағы әйелдер санының азаюы-мен байланысты екенін атап өтті. Яғни, республика көлемінде квота дәл осы бала туу жасындағы әйелдер санына қарай пропорцио-налды түрде бөлінетін көрінеді.

ЭКО-орталықтарды отбасылық жұптар өздері таңдау мүмкіндігіне ие. Кей жағдайда Алматы мен Астанадағы мұндай медициналық мекеме мамандары облысымызға арнайы келіп, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жанынан ашылған отбасы денсаулығын дамыту және жоспарлау орталығында тегін қабылдау жүргізеді. Аталған орталықтың репродуктолог дәрігері Алма Қатпинаның айтуынша, мұнда отбасылық жұптар кәсіби мамандардан тегін кеңес алуына, отбасын жоспарлау, бедеулік деңгейін анықтауға қатысты сұрақтарына жауап алуына болады. ЭКО бағдарламасына қатысуға іріктеу де осында жүргізіледі. Әйелдер гинеколог-репродуктологтың қабылдауына бару үшін әйелдер консультация-сынан жолдама алуы тиіс. Ер адамдар да уролог-андрологтың тексеруінен өтуіне, ары қарай бағыт алуына жол ашық.

— Көп отбасылар ЭКО қызметіне кеш жүгінеді. Яғни, кейбірі өздіктерінен сәбилі болудан үміттеніп, уақыт өткізіп алады. Кейбірі мансап, кәсіп соңында жүріп те, табиғи жолмен балалы болу мүмкіндіктерінің жоқтығын кеш біліп жатады. Сондықтан барынша ертерек тексерістен өтіп, дәрігерлер алдына барған жөн, — дейді Г.Жармакина.

Дегенмен, 15 жылдан астам уақыт сәби күтіп, ақыры ЭКО-ның көмегімен тұңғышын құшағына алғандар бар. Алма Салауатқызының мәлімдеуінше, былтыр ЭКО арқылы 40 жас шамасындағы отбасылық жұп сәбилі болған. Күйеуінің бедеулік факторы тым жоғары болған, оған қоса ер азамат бұл жағдайды қабылдағысы келмей біраз уақыт жүріп қалған. Десе де, 40-қа жақындаса да, медицналық жағынан әйелінің аналық жасушалар қорының көптігінен жасалған ЭКО нәтиже берген. Осылайша, тағы бір шаңыраққа сәби үні енді.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.