№1 Павлодар қалалық аурухана дәрігерлері ауыр жағдайда түскен науқастарға шұғыл ота жүргізіп, өмірлерін сақтап қалды. Жуырда емдеу мекемесінің хирургтері асқазан-ішек жолдарынан жапа шеккен науқасқа эндоскопия әдісімен операция жасады.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта науқастың ішкен тамағы дұрыс қорытылмай, қан құсуымен асқынған. Дәрігер-хирург Тасқын Рүстемовтің сөзіне сүйенсек, науқас 2 апта көлемінде асқазанының жоғары бөліктері ауыратынын айтып шағымданған. Салдарынан ас іше алмаған.
— Науқас жедел түрде хирургия бөлімінде асқазан ішегінен қан кету диагнозымен ем қабылдады. Тексеру кезінде асқазанның төменгі бөлігінде қатерлі обырды анықтадық. Қатерлі ісік өңештің жарты бөлігін жауып, асқазанның кардиялық бөліміне қарай өсе бастаған. Сол себепті науқастың денсаулығына байланысты консилиум жүргізіп, туыстарына жағдайын түсіндірдік. Науқастың асқазанына гастростома арнайы түтік-шесін орнаттық. Бұл — тамақтандыруға мүмкіндік беретін құрылғы. Мұндай әдіс науқасқа ауырсынуды азайтып, асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік берді, — дейді дәрігер.
Тасқын Рүстемов науқасқа жүргізілген операция тек эндоскопиялық тұрғыда өткізілгенін айтады. Яғни, ағзаны кесу, тілу деген әдістер қолданылған жоқ. Медициналық құрылғымен тексеру жүргізіп, гастростом орнатылды. Мұндай ота облыста талай мәрте жүргізілген.
— Мұндай операцияны біз көбінесе өңештің, асқазанның қатерлі ісігі бар және инсульт алғаннан кейін жұтыну кезінде қиындық туындаған жағдайда қолданамыз. Мұндай ота шұғыл негізде ақысыз жүргізіледі. Бірақ гастростома құрылғысы орнатылғаннан кейін емделушіге күтім маңызды, — дейді дәрігер.
Атап өтерлігі, науқасқа ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасалды.
Аурухана дәрігерлері жақында тағы бір науқасты ажал аузынан құтқарып қалды. Екібастұз қаласының тұрғыны Сергей Воробьев ауруханаға дененің сарғаюы және әлсіздік белгілерімен түскен. Дәрігерлер науқастаң өт жолдары қатерлі ісікпен жабылғанын анықтады.
Емдеу мекемесінің хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Жағыпаров ота жүргізу кезінде сарғаюды тоқтату қажет болған. Бұл ретте мамандар Астана қаласындағы онкология орталығы дәрігерлерінің кеңесіне жүгінген. Науқасқа радикалды ота жасау жөнінде шешім қабылданған. Мұндай операция өте күрделі. Себебі, ота сәтті өтпеген жағдайда ас қорыту мүшелері ауыр жарақат алуы мүмкін.
— Павлодарға дәрігерлерге сенгендіктен келдім. Мені толық тексерістен өткізді. Олар алдымен ота жүргізу үшін менің келісімімді алды. Операция сәтті өтті. Күрделі шара сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізілді, — дейді С.Воробьев.
Хирургтың айтуынша, мұндай науқастарды аяққа тұрғызу үшін ұзақ уақыт қажет. Себебі, ұйқы безі өте күрделі орган болып табылады. Сондықтан мұндай операцияларды жасау үшін кәсіби мамандардан кеңес алған жөн.
Еске сала кетейік, аймағымыз қатерлі ісікпен ауыратындардың саны бойынша республикада үздік үштікке кіріп тұр. Бүгінде 13 мыңнан астам адам онкологиялық аурулар бойынша есепте тұр.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.