Елімізде тісін емдетуге мұқтаж жандардың дені – көпбалалы аналар. Әйелдер қауымын жүктілік кезінде және сәбиді өмірге әкелгеннен кейін де тіс ауруы мазалайды. Құрсағындағы нәрестенің дұрыс жетіліп, аман-есен өмірге келуі үшін ағзадағы өзгерістерге байланысты тісінен айырылып жататыны сондықтан. Медициналық қызмет түрлерінің ішінде ең қымбат шараның бірі – тіс емдеу. Міне, осы мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары көтеріп, көпбалалы аналарға тіс емдету үшін жеке төлем енгізуді сұрады.
Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ортаға салды. Ол мемлекет баланы өмірге әкелетін аналарға қамқорлық жасап, денсаулығына мән беру керектігін ашық айтты. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында көпбалалы аналарға тіс емдету үшін бірреттік төлем енгізуді сұрады.
— Елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1, 2 және 3-інші балаға – 140 мың теңге, төрт және одан көп балаға 232 мың теңгені құрайды. Бірақ бұл төлем — әйелге берілетін өтемақы емес, баланың күтіміне берілетін сома. Ал көршілес Ресей Федерациясында ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль, теңгеге шаққанда 3 млн 195 мың теңге, екінші балаға 883 мың рубль, яғни біздің валютамен 4,4 млн теңгеге тең. Бұл соманы елдегі жәрдемақы көлемімен салыстыруға бола ма? Әрине жоқ. Қазақстанға да лайық, әділ ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті. Бұл — кезек күттірмейтін мәселе, – деді Е.Саиров.
Мәжіліс депутаты көпбалалы аналарға тісін тегін емдетуге арнайы қаражат бөлу мемлекет тарапынан берілетін зор мүмкіндік болатынын жасырмады.
— Елімізде ұзақ мерзімді демографияны қамту стратегиясының бас аспектісі — лайықты ана капиталын қалыптастыру. Ана жүкті болған кезде құрсақта баланың қалыптасуына кальцийді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатындығы — медициналық факт. Қазақстанда стоматологиялық қызмет ақысы күйіп тұрғаны баршамызға белгілі. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы зәру аналарға тісін жөндеу үшін бірреттік қаржылық төлем қалыптастыру маңызды. Босанған келіншектердің денсаулығын күтіп, қалпында ұстап отырудың мемлекеттік стандарттарын әзірлеу керек, — деді Ерлан Саиров.
Елімізде бірнеше санат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тісін тегін емдете алатыны белгілі. Олардың қатарында көпбалалы аналар да бар. Алайда, бәрі бірдей тісін емдете алмайды.
МӘМС жүйесінің талабына сүйенсек, стоматологиялық қызмет жоспарлы және шұғыл негізде көрсетіледі. Атап айтсақ, жоспарлы стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер алады. Ал шұғыл стоматологиялық көмек аталған екі санатпен қоса Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар жандар, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын, жұмыс істемейтін адамдарға көрсетіледі.
Павлодар облысында 5269 көпба-лалы ана бар. Бұл тізімге 5 және одан да көп бала туған аналар еніп отыр. Сонымен қатар, 10 465 ананың 4 баласы бар. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, тек 6 және 7 бала туған аналар ғана МӘМС аясында тісін тегін емдетеді. Ал 5 бала туған аналар қалтасынан қаржы шығарады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетов өткен жылы аймағымызда арнайы санатқа жататын 32 368 адам МӘМС аясында тісін тегін емдеткенін айтады. Оның қатарында балалар, көпбалалы аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер де бар. Ал биыл 2126 адам сақтандыру аясында тісін тегін емдетті. Оның ішінде 62 жүкті әйел бар. Жүкті әйелдер мен «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері тіркеуде тұрған емханаға қаралып, стоматологиялық қызметті тегін алады.
Павлодар қаласының тұрғыны Гүлия Қылышбекқызы 5-ші баласына жүкті кезінде стоматологиялық қызметті тегін пайдаланғанын айтады. Босанғаннан кейін тісін ақылы негізде емдеткен. Кейін 6-ншы сәбиін босанып, «Күміс алқа» иегері атанғанда тісін тегін емдей алатынын білген.
— Жуырда теледидардан Мәжіліс депутаттары өзекті мәселені қозғағанын естіп, қуанып қалдым. Көпбалалы аналарға қалтасынан тісті емдеу үшін қаражат шығару оңай емес. Қазір азық-түлік, басқа да қажеттіліктердің барлығы қымбат. Балалардың тамағынан бөлек, киім-кешегі, өзге де керек-жарағы бар. Сондықтан тіске деп бірреттік төлем төленсе әйелдер қауымы қуанары сөзсіз. Бірақ бұл төлем 4 баласы бар аналардан бастап енгізілуі керек деп санаймын. Бұл ұсыныс қабылданса, көпбалалы аналар арнайы қаражат арқылы қалаған стоматологияда тісін емдете алар еді, — дейді Гүлия Қылышбекқызы.
Осы мәселе төңірегінде сәби көтерген әйелдердің денсаулығын толық бақылайтын гинеколог маманмен де тілдескен болатынбыз. «Павлодар теміржол ауруханасы» ЖШС-нің әйелдерге кеңес беру бөлімінің жетекшісі Айжан Серікова жүктілік кезінде әйелдер қауымының тісінің ауруы табиғи құбылыс екенін айтады.
— Жүкті кезде және босанғаннан кейін де әйелдер үшін тіс күтімінің маңызы зор. Себебі, аяғы ауыр әйелдерде иммунитет төмен болады. Ағзадағы кальций, фтор, фосфордың азаюы сүйек пен тістің босауына әкеледі. Әйел босанғаннан кейін баласын емізетіндіктен, кальций азаяды. Тістің берік, сау болуы кальций, фтор және фосфор элементтеріне тікелей байланысты. Сол себепті жүкті әйелдерге тістің саулығы үшін айран, сүзбе, ірімшік сынды дәруменге бай тағамдарды жеуге кеңес береміз, — дейді дәрігер.
МӘМС аясында тек «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері ғана тісін тегін емдете алатын болса, мәселенің өзекті екенін айқын көреміз. Дәрігерлер де әйелдердің көпшілігі жүкті кезінде тісінен айырылатынын растап отыр. Сондықтан депутаттардың ұсынысын орынды деп санаймыз. Енді мәселе мемлекет тарапынан қолдау тапса деген тілегіміз бар.
Айдана ҚУАНЫШЕВА