Күздің орта тұсында тұмаудың ең қауіпті кезеңі басталады. Ол адамның денсаулығын нашарлатып, жұмысқа деген құлшынысын төмендетіп, ыстығын көтеріп, мазасын алады. 18 қыркүйектен бастап облыстың медициналық ұйымдары тұмауға қарсы иммундау науқанын бастады. Тұмауға қарсы вакцина кімдерге тегін салынады? Облыс бойынша қанша доза бөлінді? Осы және өзге де сауалдарымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева жауап берді.
— Айгүл Мақанқызы, биыл аймаққа қанша вакцина жеткізілді?
— Биыл денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы Ресей елінен келген «Гриппол плюс» вакцинасының 90 мың дозасын сатып алды. Вақцина өңір тұрғындарының 12 пайызына иммундық қабатын құруға, сондай-ақ, адамдарға осы ауруды жеңіл өткізуге мүмкіндік береді. Оны тұрғылықты жері бойынша емханадан алуға болады. 1 қара-шаға дейін вакциналау науқанын аяқтауымыз керек.
— Күн суытса, тұмау маусымы басталатыны сөзсіз. Бүгінде көп адам бұл ауруға шалдығып жатыр. Әлеуметтік желіде ауырып қалған адамдардың пікірінше, осы жылғы тұмау вирусы емге бой бермеуі мүмкін. Бұл маусымдық аурудың әр жылы өзіндік ерекшелігі бола ма?
— Иә, тұмау — тез әрі кең таралатын маусымдық жұқпалы ауру. Жыл сайын күз, қыс айларында халық арасында тұмау ауруы өршиді. Ауру тарататын вирустың А,В,С деген үш түрі бар. Тұмау вирусының сыртқы қабыршағының құрамында гемагглютинин және нейраминидаза болады. Олар әртүрлі факторлардың әсерінен өзгеріп, тұмау вирусының жаңа вариантын түзуі мүмкін.
— Вакцина кімдерге тегін салынады?
— Бірінші кезекте, қауіп тобындағы тұрғындарға салынады. Вакцинация басталғанға дейін эпидемиологиялық қызмет емхананың учаскелік қызметімен бірлесіп, ақысыз екпе жасау үшін тәуекел тобының тізімін жасайды. Олар — созылмалы ауруы бар балалар, медицина қызметкер-лері, жүкті әйелдер, жабық типтегі мекемелердің медициналық қызметкерлері (балалар үйі, мектеп-интернаты, балаларға/мүгедектерге арналған мектеп-интернаттары), қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенті. Екпе салдырар алдында азамат өзінің учаскелік дәрігерінің тексеруінен өтеді, оның инфекциялық ауру жұқтырғандармен байланыста болған-болмағаны жайлы сұрайды. Дене қызуы өлшеніп, ешқандай қарсы көрсеткіштер болмаса, вакцина салынады.
— Ал бұл санатқа жатпайтын адамдар екпені ақылы негізде сатып алатынын білеміз. Биыл да сатып алуға мүмкіндіктері бар ма?
— Осы жылы екпе салу тегін жүргізіледі. Яғни, кез келген топтағы адамдар алуға құқылы. Алайда жоғарыда айтып өткендей, бірінші кезекте тұрған азаматтарға басымдық беріледі. Егер олардан вакцина артылып жатса, онда басқа санаттағы адамдарға да алуға болады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.