Маусымдық тұмау шырқау шегіне қыстың ортасында жетеді деп күтілуде. Одан қорғанудың негізгі жолы — екпе алу Эпидемиологтардың айтуынша, әзірге аймақта тұмаудың бірде-бір жағдайы расталмаған.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Күзде 70 мыңнан астам адам жедел респираторлы жұқпалы аурумен ауырды. Бұл туралы жұқпалы аурулар мен туберкулезді эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова хабарлады. Ол осы маусымда аймағымызда А және В типті тұмаудың үш штаммы жүретінін айтты. Мамандар бұл вирустарды жыл бойы бақылайды. Тұмаудың алдын алу үшін «Гриппол плюс» вакцинасы әкелініп, препараттың 90 мың дозасы өңірдегі емханаларға таратылғаны белгілі. Тәуекел тобындағы адамдарға қазан айында 88 мыңнан астам екпе тегін салынған. Бұл мүмкіндікті егде жастағы адамдар, медицина қызметкерлері, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары, жүрек жеткіліксіздігі бар адамдар, балалар, онкологиялық науқастар және екінші, үшінші триместрдегі жүкті әйелдер пайдалана алады. Ал тәуекел тобына кірмейтін тұрғындарға жеке клиникаларда ақылы түрде алуға болады. Облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы облыстың бас эпидемиологы Батырбек Әлиев айтып берді. Бүгінде өңірде ЖРВИ-ның 77,7 мың жағдайы тіркелген, оның 51 мыңға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу ісі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің басшысы Ләйла Рахимованың айтуынша, 1 қазаннан бастап тәуекел тобындағы 88 295 адам егілген.
— Екпе алғандардың 13,4 мыңы 14 жасқа дейінгі балалар, 1276-сы — жүкті әйелдер, 6,7 мыңы — медицина қызметкерлері, 436-сы — мектеп-интернат, балалар үйі секілді жабық мекемелердің тәрбиеленушілері. Қарттар үйінде тұратын 1 мыңнан астам адам егілді, — деді ол. Сондай-ақ, аймақта ковидтің жекелеген жағдайлары тіркелуде. Сала қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, бұл жаңа штамдар жеңіл өтетіндіктен науқастар ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Өткен жылдан бастап сағат 8-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін емханалар демалыс күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. ЖРВИ, тұмау немесе коронавирустық инфекцияға күдікті науқастар сүзгі кабинеттерінде қабылданады. Қажет болған жағдайда мобильді бригаданы үйге шақыруға болады.
Т.ӘБІЛДА.