Павлодар қаласындағы №3 емхана — «Үздік тәжірибелер орталығы» пилоттық жобасын іске қосқан алғашқы емдеу мекемелерінің бірі. Мұндағы мейірбикелік бекет, әлеуметтік қызметкерлерге арналған фронт-офис дәрігерлер мен тіркеу бөліміне түсетін жүктемені едәуір азайтып отыр. Ал жастар денсаулық орталығы учаскелік және салалық мамандарға кезек санын қысқартып қана қоймай, жастардың жеке мәселесін шешуге атсалысуда. Аталған пилоттық жоба аясында емдеу мекемесінде қолға алынған жаңашылдық жайында арнайы танысып қайттық.

Зейнетақыны  84 жасында алды

Алдымен әлеуметтік қызмет-керлерге арналған фронт-офис мамандармен тілдестік. Бұған дейін емханадағы мамандар зейнеткерлерге, жалғыз басты адамдарға, мүгедек жандарға қажетті дәрі-дәрмекті үйіне жеткізіп беретін. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж, өздігінен жүре алмайтын адамдардң жанында жүріп, дәрігерге қарататын. Медициналық тексеруден өтуге де көмектесетін.  «Үздік тәжірибе орталығы» пилоттық жобасы аясында  әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс ауқымы кеңейіп, жұмысқа деген жауапкершілігі едәуір артқан. Әлеуметтік қызметкер Гүлжамал Асайынова емхана учаскесіндегі 20 отбасын бақылайды.

— Өткен жылдың қыркүйек айында фронт-офис ашылды. Орталықта 5 адам 17 категория бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде, аз қамтылған отбасылар, жұмыссыздар, шет елден көшіп келгендер, жетім және тастанды балалар, отбасында жанжал жиі орын алатындар, созылмалы ауруға шалдыққандар сынды адамдарды бақылаймыз. Әрқайсымызға 6 учаске бойынша отбасылар бөлінген. Менің учаскемде 3800-ден астам адам бар. Қазіргі уақытта учаскелік дәрігерлер берген акт бойынша 20 отбасын бақылаймын. Ай сайын учаскелік дәрігерлер бізге  көмекті қажет ететін отбасылардың тізімін ұсынып отырады. Оның ішінде ерте жүктілікке тап болған жастар, жедел жәрдемді жиі шақыратын адамдар, онкологияға шалдыққандар да бар, — дейді Г.Асайынова.

Гүлжамал Асайынова бақы-лаудағы отбасылардың ішінде  туу туралы және жеке куәлігі жоқ, тіркеуге алынбаған адамдар бар екенін жасырмады. Тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге алынбағандықтан,  қандай да бір жұмысты жүргізу қиындық тудырады екен. Бұл ретте мамандар отбасы мүшелеріне тіркеуге қалай тұруын, құжатты дұрыс рәсімдеуін түсіндіріп, кеңес береді. Өкінішке қарай, қызметкерлердің сөзіне құлақ аспай, аталған жұмыстарды орындағысы келмейтін адамдар бар. Десе де, мамандар табандылық танытып, өздері бірге жүріп, талай жанға құжат, зейнеткерлікті рәсімдеу сынды құжаттарды түгендеуге көмектескен.

Павлодар қаласының 84 жастағы тұрғыны әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен алғашқы зейнетақысын осы айда алған. Яғни, алғашқы зейнетақыны қолына биыл тигізген.
Бұған дейін құжатын реттей алмағандықтан, қажетті ақшаны ала алмаған. Қарияның талай жылғы тілегін әлеуметтік қызметкер Бибігүл Рахимова орындаған.

— 1940 жылғы әже 1998 жылы зейнетке шығуы керек болған. Ұлты неміс. Өкінішке қарай құжаттарын дұрыс жинай алмаған. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде мәртебесі де болмағандықтан, алғашқы көмекті алумен ғана шектеліп келген. Өздігінен меди-циналық емханаларға қаралып, денсаулығын тексерте алмаған. Қария емханаға келіп, бізден көмек сұрады. Екі ай ол кісімен бірге жүріп, көші-қон қызметінде құжаттарын реттедім. Еңбек кітапшасында тегінде қате кеткен екен. Мамандардың көмегімен барлық құжатты реттеп, тапсырдық. Нәтижесінде қарияға 107 мың теңге көлемінде зейнетақы тағайындалды. Қарт әже бізге алғысын жаудырды, — дейді Б.Рахимова.

Осылайша, әлеуметтік қызмет-керлер қарамағындағы отбасыларға қолдарынан келгенше көмек қолын созуда.

 

Жастардың мәселесін де шешеді

№3 емханада пилоттық жоба аясында қолға алынған игі істің бірі — жастар денсаулық орталығы. Мұнда 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 18-35 жас аралығындағы жастарға көмек көрсетіледі. Олар алдын ала жазылмай, кезек күтпей терапевт, педиатр, гинеколог, уролог, дерма-
товенеролог, психологтың қабыл-дауына кіреді. Атап өтетін жайт, жасы 35-тен аспаған кез келген тұрғын аталған емханада тіркеуге алынбаса да, жоғарыдағы салалық мамандардың көмегіне жүгіне алады. Бастысы – МӘМС жүйесінде сақтандырған болуы тиіс.

№3 емхананың профилактика алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі Алмас Қажинов  мұндай орталық қала бойынша екі емханада ғана ашылғанын айтады. Жастардың мәселесі Almaz Medical Group ЖШС-інде де тыңдалады.

— Жастар денсаулық орталығы  учаскелік дәрігерлердің жүктемесін 30 пайызға азайтты. Себебі, 10-35 жас аралығындағы адамдар үшін арнайы мамандар жеке қызмет көрсетеді. Орталықта 2 терапевт, педиатр, гинеколог, уролог, дерматовенеролог және 3 психолог бар. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап орталыққа келушілерге 5 мың қызмет көрсетілді. Оның ішінде аудандардан жүгінген адамдар да бар. Мәселен, Шарбақты ауданындағы орталық ауруханада тіркеуде тұрған адам Павлодар қаласында жұмыс істеп жатыр делік. Ол кез келген уақытта денсаулығын біздің емханада тексерте алады. Ол үшін ауданға барудың қажеті жоқ. Бұл — тұрғындарға жасалып отырған үлкен жеңілдік, — дейді Алмас Қанатұлы.

Алмас Қанатұлы жасөспірімдер мен жастарды дәрігерлер таңғы сағат 8.00–ден кешкі сағат 17.00-ге дейін қабылдайтынын айтады. Салалық дәрігерлер қажетті жағдайда жастарды ауруханаға жатқызу үшін жолдама  береді. №3 емханада  55 мыңнан астам адам тіркеуге алынған. Оның 17  мыңы — жастар. Ал жастар денсаулық орталығы 75 мың адамның басын біріктіреді. Яғни, орталық аймағы-мыздағы 75 мың жасқа қызмет көрсетеді.

Орталықтың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің аға медбикесі Айсұлу Жаналинова орталықтың басты мақсаты – жастарды қолдау, көмек көрсету екенін айтады.

— Мұнда келген жастар тек салалық дәрігерлердің көмегіне жүгінбейді. Қиын жағдайға тап болған жастар психологтардан кеңес алады. Қуантарлығы, қазіргі жастар өз ойын, мәселесін еш қысылмай ашық жеткізеді. Мектеп оқушылары психологтан болашақ мамандықты таңдау бойынша да
кеңес алады. Жастарға заңгерлік, медициналық мәселелерге байланысты көмек  көрсетіледі. Әсіресе, оқуға құжат тапсыратын кезде мамандардың көмегіне жүгіне-тіндердің қатары артады. Емхана қызметкерлері болашақ студенттерге қажетті құжатты жылдам жинауға жәрдемдеседі. Ата-анамен байланысы туралы да мәселе көтеретін жасөспірімдер бар. Сонымен
қатар, гинеколог пен урологқа қаралатын жастар көп. Орталықтағы гинеколог жоғары білікті маман, ультрадыбыстық зерттеуді өзі жүргізеді. Мамандар бір күнде кем дегенде 5-6 адамды қабылдайды, — дейді Айсұлу Жаналинова.

Атап өтерлігі, жастар денсаулық орталығының мамандары аудандарға іссапармен шығады. Бұл ретте Шарбақты, Успен, Тереңкөл аудандары емханаға тіркелген. Аталған аудандарға алдын ала мамандардың келетіні туралы ақпарат беріледі. Мамандар жасөспірімдер мен жастарды мазалаған сұрақтар бойынша кездесу өткізіп,  түрлі ойындар ұйымдастырады. Көп жағдайда ерте жүктіліктің алдын алу, жаман әдеттен аулақ болу сынды тақырыптар көтеріледі.

 

Кезексіз жазылады

«Үздік тәжірибе орталығы» аясында мейірбикелік бекет ашылғанын атап өттік. Бұл орында емделушілерге қажетті көмек көрсетіледі. Ереже бойынша, салалық дәрігерлерге жазылу үшін алдымен терапевке бару керек. Ал пилоттық жоба бұл мәселенің шешімін тапқан. Яғни,
№3 емханадағы емделушілер салалық дәрігерге жазылуы үшін мейір-бикелік бекетке келіп, дәрігердің кеңесі бойынша маманның қабылдауына жазылып, талдауларға жолдама ала алады. Ол үшін терапевтің көмегі қажет емес. Ешбір кезексіз мейірбике бекетіне барып,  дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Бұл жүйе терапевтің де жұмысын жеңілдеткені сөзсіз.

Павлодар қаласының тұрғыны Марат Қалиев емханаға келіп, бар болғаны 5 минуттың ішінде баласын невропатологқа жазғанын айтады.

— Емханаға келіп, тіркеу бөліміндегі мамандарға  ұлымды невропатологқа жазғым келетінін айтқан едім. Олар мені бұрышта тұрған мейірбикелік бекетке жіберді. Ол жерде екі маман қызмет көрсетіп отырды. Алдымен педиатрға жолдайды деп ойлап едім. Бекеттегі қызметкерлер баламды невропатологқа жазғандарын айтып, қуантып тастады. 5 минуттың ішінде
жұмысым аяқталады деп ойламадым. Қазір емханадағы жұмыс жүйесі реттеліп келеді. Бұрынғыдай кезек те аз, — дейді қала тұрғыны.

«Үздік тәжірибе орталығы» пилоттық жобасы тұрғындар мен дәрігерлердің уақытын реттеп, қызмет барысындағы келеңсіздік-терді жоюға мүмкіндік беріп отыр.  Биыл дәл осындай орталықтар аймағымыздың үш қаласындағы
9 емханада ашылады деп күтілуде. Бұл жұмыстар қолға алынса, барлық емханада дәрігерлерге түсетін жүктеме азайып, тұрғындар уақыт үнемдей алатыны сөзсіз. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен  жастардың да мәселесі шешілетін болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.