Ай-күні толмай ерте босанып, салмағы бір келіге жетпейтін шақалақты адам қатарына қосуда әр секунд маңызды. Облыстың перинаталдық орталығының неонатологтары шала туған сәбилердің өмірін құтқару үшін күні-түні күреседі. Заманауи технологияның тілін меңгерген білікті дәрігерлер нәресте денсаулығын жақсартуда оң нәтижелерге қол жеткізуде.
Шала туған шақалақтар неонатолог мамандардың қарамағында болады. Бұл мамандар сәби дүниеге келген күннен бастап анасы перзентханадан шыққанға дейін жандарынан табылады. Перинаталдық орталықтағы мерзімінен ерте туған нәрестелердің жағдайын білу үшін мекемедегі неонатология қызметінің басшысы Жаңылай Қапановамен тілдестік. Тәжірибелі маман өте аз салмақпен шала туған балалардың әрі қарай өмір сүріп кету жағдайлары кейінгі жылдары жақсара түскенін айтты.
— Біздің орталықта жоғары маман-дандырылған медициналық көмек көрсетудің үшінші деңгейі ұйымдастырылған. Бірінші деңгейдегі көмек аудандарда көрсетіледі. Екінші деңгейлі көмек Ақсу, Екібастұз және Павлодар қаласындағы №1 перзентханаларда ұйымдастырылады. Біздің орталық жоғары мамандандырылған медициналық көмекті аймақ бойынша көрсетеді. Перинаталдық орталыққа жүктілік мерзімі 34 аптаға дейін босанып қалған әйелдер жеткізіледі. Оның ішінде 23-24 аптасында өмірге сәби әкелген аналар да болады. Жалпы, 36 апталық бала ай-күні толып туған деп есептеледі. Ал 34-35 апталық сәбилерді екінші деңгейдегі перзентханалар да қабылдай алады. Егер бала денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, жедел түрде біздің орталыққа жолдайды. Ал ауылдық, аудандарда мерзімінен ерте босанып қалған әйелдерді медициналық авиацияның көмегімен алдырамыз. Яғни, ауыр жағдайдағы шала туған нәрестелер назарсыз қалмайды, — дейді Ж.Қапанова.
Жаңылай Ғалымжанқызының сөзіне сүйенсек, 2024 жылдан бері перинаталдық орталықта жалпы саны 3983 сәби дүниеге келген. Олардың 370-сі шала туған. Ал облыс бойынша 480 шақалақ өмір есігін ашқан. Яғни, өзге шала туған сәбилер бірінші және екінші деңгейдегі көмек көрсетілетін перзентханаларда туған.
— Шала туған сәбилердің денсаулығында бірінші кезекте тыныс алу мүшелерінде кінәрат болады. Оған өкпе қуысының толық жетілмеуі себеп. Орталықта оттегіні автоматты түрде беретін әрі жайлы температуралық режимді сақтап тұратын кувез құрылғысы бар. Баланы ішіне орналастырған соң қажетті температураны, ылғалдылық нормалары белгіленеді. Шақалақта өкпе жетіспеушілігінен бөлек, респираторлық дистросиндром, бас сүйек ішіне қан құйылу, бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен пневмония, хирургиялық аурулар жиі тіркеледі. Сондай-ақ ретинопатия аурулары да көбейген. Шала туған шақалақтар ұзақ уақыт өкпені тыныс алдыратын аппаратта жатқанда оттегі мөлшерінің тым көп болуынан көз жанарының тамырлары зақымданады. Сөйтіп, көз аурулары пайда болады немесе ол туабітті пайда болуы мүмкін.
Шала туған нәрестелер жансақтау бөліміне жатқызылады. Неонатологтар салмағы 500, 700 немесе 1 келі сәбилерді емдеумен айналысады. Осыдан-ақ дәрігерлерге жүктелетін жауапкершілікті аңғаруға болады. Өкпесі жетілген балалар жансақтау бөлімінен шыққан соң паталогия бөліміне ауыстырылады. Сол кезде ғана анасымен қауышады. Анасы оларды емізіп, салмақ жинауына жәрдемдеседі. Осы уақыттың бәрінде ана мен бала жанында неонатологтар жүреді. Бұл ретте оңалту қызметінің мамандары анаға баланы дұрыс ұстау, емізу, іші ауырғанда қалай әрекет ету, дұрыс ұйықтату сынды ережелерді толық көрсетеді. Өйткені мұндай балалармен жұмыс істеу оңайға соқпайды, — дейді Ж.Қапанова.
Жаңылай Ғалымжанқызының айтуынша, шала туған сәбилер өздігінен кеуде сүтін емуге қауқарсыз болады. Сондықтан мамандар анаға баланың ауыз қуысына массаж жасауды да үйретеді. Бұдан бөлек, орталықта көз дәрігері бар. Ол балаларды туғаннан бақылай бастайды. Кейде көз жанары кемістігімен туғандарда біраз уақыттан соң көздің ішкі тор қабығының ажырау қаупі туындайды. Ондай балаларға операция тағайындалады. 2024 жылдан бері әлгіндей 25 балаға ота жасалды. Сонымен қатар, туабіткен даму кемістігі бар балалар болады. Оларда көп жағдайда ішек жолдары түйіліп, ас өтпейді. Осындай сәттерде де хирургиялық араласулар болады.
Сәбилерге неонатальді, аудиологиялық, офтольмологиялық скринингтер жүргі-зіледі. Мұндағы мақсат – баланың бойындағы ақауларды дер кезінде анықтап, оларға ем тағайындау.
Салмағы өте аз боп туатын сәбилердің тірі қалу көрсеткіші бүгінде 75 пайызды құрайды. Бұл – салмағы бір келіге дейінгі балалардың көрсеткіші. Ал салмағы 1,5 келі балалардың өмір сүру көрсеткіші 80-90 пайызды құрайды. Орталықта салмағы 530, 540 грамм балалар аман қалған жағдайлар болған.
Баланың мерзімінен бұрын тууына не себеп? Болашақ аналар нені ескеруі тиіс? Бұл сауалдарға маман былай деп жауап берді:
— Өкінішке қарай, қазіргі қыз-келіншектер жүктілікті алдын ала жоспарламайды. Құрсағында сәбиі барын білген кезде ғана денсаулықтарында кінәрат барын аңғарады. Ал аяғы ауыр әйелдер барлық ем-шараны қабылдай алмайтынын білесіздер. Сондықтан дені сау ұрпақ сүйгісі келетін аналар алдымен медициналық тексеруден толық өткен соң ғана сәби сүюді жоспарлау керек. Бұдан бөлек, түсік тастаған, баласы шетінеп кеткен әйелдер ағзасына демалыс бермей, тағы жүкті болып жатады. Бұл жағдай сәби түгіл әлгі әйелдің денсаулығына қауіп әкелуі мүмкін. Бұл кезде кем дегенде 2 жыл өткен соң ғана жүктілікті жоспарлауға болады. Тағы бір мәселе бар. Кейбір жас аналар жыл сайын босануды сәнге айналдырады. Баласы бір жасқа толмай, екіншісін көтеріп жатады. Тіпті, 5 жылда 4 бала сүйгендер бар. Жас кезде сәби сүйіп алайын дейтін шығар. Бірақ әйел ағзасы, жатыры демалмайды. Бұл жағдай ана денсаулығын нашарлатады. Қазір білінбегенмен, кейін ағзада түрлі аурулар пайда болары сөзсіз.
Созылмалы ауруға шалдыққан, жасы келген әйелдерге де бала көтеруге болмайтынын айтқым келеді, — дейді Ж.Қапанова.
Жүкті әйелдер бала өмірге келгенге дейін дәрігерлердің бақылауында болып, олардың кеңесіне құлақ асқаны абзал. Ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алған аналар өмірге дені сау ұрпақ әкелетінін есте ұстаған дұрыс.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.