ЭКҰ: Балалы болудың жолы қайсы?

Ақп 27, 2025

Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі арқылы туған алғашқы қазақстандық баланың авторы, еліміздегі репродуктологияның негізін қалаушы, алғашқы клиникалық эмбриолог Салтанат Байқошқарова ашқан «Экомед» медициналық орталығы енді Павлодар қаласында да жұмыс істейді. Жылдар бойы сәби сүюді аңсап жүрген жерлестеріміз Алматы, Астана сынды ірі қалаларға жолға шықпай-ақ, облыс орталығындағы «Экомед Павлодар» клиникасының мамандарынан көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш емдеу мекемесінің жетекшісі Дария Исмурзинова тұңғыш рет біздің басылымға сұхбат беріп, көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап берді. «Экомед Павлодар» клиникасы немен айналысады? ЭКҰ әдісімен қалай бала сүюге болады?

Тілші:

— Дария Аманқұлқызы, аймағымызда ең бірінші біздің газетке сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін рақмет! Сіздерді «Экомед Павлодар» клиникасының ашылуымен құттықтаймыз. Ең алдымен, медициналық орталықтың  немен айналысатынына тоқ-
талып өтсеңіз…

— Рақмет! Қазір технология мықты дамығанымен әлі күнге дейін ЭКҰ әдісінен бейхабар адамдар бар. Сондықтан оқырмандарды мазалаған сұрақтарға жауап беру мүмкіндігін тудырғандарыңызға алғыс айтамын.

Павлодар облысында да ерлі-зайыптылар арасында бала сүю мәселесі өзекті күйде болып отыр. Отбасын құрған жұптардың 15 пайызы табиғи жолмен балалы болуда көп кедергіге ұшырасады. Яғни, әрбір 7-ші жұп нәресте үніне зәру. Бұл — тек қол ұстасқан екі жастың ғана емес, күллі бір әулеттің мәселесі. Сол себепті Павлодар қаласында өткен жылдың желтоқсан айында «Экомед» клини-касының филиалы ашылды. Орталық Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 20/1 мекенжайында орналасқан A.S.K. Med емдеу мекемесінде жұмыс істеуде.

Павлодардағы клиника немен айналысатынына тоқталмас бұрын ЭКҰ әдісі қалай жасалатынын айтып өтсем. Табиғи жолмен балалы бола алмаған жұп ЭКҰ әдісіне жүгінген сәтте ең алдымен, медициналық тексеруден өтеді. Ер азамат пен әйелдің денсаулығы толық тексеріледі.  Егер ерлі-зайыптыларда аталық, аналық ұрықтың сапасы жағынан қандай да бір кінәрат болса, онда емделуге тура келеді. Әуелі стимуляция шарасы басталады. Яғни, аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін әйелге гормондық дәрілер беріледі. Одан кейін ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы арқылы фолликуланың өсу көрсеткіші бақыланып, ең үлкен доминаттық фолликула 18-20 мм-ге жеткен кезде тағы да гормондық екпе салынады. Осыдан кейін пункция әдісі басталады. Жіңішке ине арқылы ананың жатырындағы фолликулалардағы сұйықтық сорғызылып алынады. Бір алғанда бірнеше ұрық алынуы тиіс. Себебі әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Солардың ішіндегі ең сапалысы, өміршеңі инкубаторға апарып салынады. Сосын 3-5 күн ішінде эмбрион түзіледі де ананың жатырына салынады.

Павлодардағы «Экомед» клиникасы пункция әдісіне дейінгі шараны жүргізеді. Аналық жасуша қажетті мөлшерге жеткеннен кейін емделу-шілерді облысқа  жақын орналасқан Астанадағы клиникаға жібереміз. Елордадағы мамандар пункция әдісін жүргізіп, түзілген эмбрионды әйелдің жатырына салады.

Тілші:

— Клиника ашылғалы  3 айдың ішінде сіздің көмегіңізге қанша ерлі-зайыпты жүгінді?

— Өткен жылдың желтоқсан айынан  бастап клиникаға 70-тен астам жұп келді. Қазіргі уақытта олардың басым көпшілігі «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында квотаға қол жеткізіп, ЭКҰ бағдарламасына қатысуда. Біз дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейміз.

Тілші:

— Отбасын құрған ерлі-зайыпты репродуктологтың көмегіне қашан жүгінуі қажет? Яғни, сәби көтере алмаған  жұптар неше жылдан кейін дәрігерге қаралуы тиіс?

— Отбасын құрған ерлі-зайыпты 1 жыл көлемінде табиғи жолмен сәби сүйе алмаса, репродуктологтың кеңесіне жүгінгені абзал. Егер отбасылық жұптың жасы 35-тен асқан болса, маманның қабылдау-
ына 6 айдан кейін барғаны дұрыс. ЭКҰ әдісінде ерлі-зайыптылардың жас ерекшеліктері өте маңызды рөл атқарады.

Тілші:

— «Экомед» клиникасы отбасына сәби сыйлауда бірнеше ем-шара қолданатынын білеміз. Әрқайсының бағасы әртүрлі. Соларға толық тоқталып өтсеңіз…

— ЭКҰ әдісінде нақты бағаны айту қиын. Өйткені әр жұпқа денсаулық жағдайына байланысты ем-шара тағайындалады. Дәрі-дәрмек түрі мен мөлшері де бірдей болмайды. Кейбір ер азаматтарға аталық ұрыққа қол жеткізу үшін ота қажет болады. Кейбір әйелдер аналық ұрықтың жоқтығына байланысты донорлық ұрыққа тәуелді болады.  Сондықтан ЭКҰ әдісіне жүгінгісі келетін жұптарды жеке қабылдап, денсаулық жағдайын ескереміз.

Тілші:

— Екі жатыр түтікшесі жоқ әйелдер тек ЭКҰ әдісі арқылы бала сүйе алады деген рас па?

— Иә. Екі жатыр түтікшесі жоқ әйелдер тек ЭКҰ әдісі арқылы ғана бала сүйе алады. Себебін медициналық тілмен түсіндіріп
көрейін. Жатыр түтікшесінде аталық ұрық пен аналық ұрық кездеседі. Нәтижесінде эмбрион пайда болады. Демек,  жатыр түтікшесі өз қызметін атқара алмаса,  сәби сүю мүмкін емес.

Тілші:

— ЭКҰ-да АМГ, яғни антимюллер гормон деген ұғым бар. Ол нені білдіреді?

— Иә, ЭКҰ-да АМГ гормонының атқаратын рөлі зор. Ол әйелдің аналық ұрығындағы фолликул жасушасының санын білдіреді. Әр фолликулдан ЭКҰ кезінде эмбрион түзіледі. Ескеретін жәйт, жас ұлғайған сайын әйелдерде АМГ мөлшері төмендейді. Аналық ұрықтағы фолликул санын медициналық жолмен көбейту мүмкін емес. Сондықтан бала көтеруде уақытты босқа өткізіп алмай, репродуктолог мамандардың қабылдауына жазылған жөн.

Сәния, Павлодар қаласы:

— Жолдасым екеуіміз 2 жыл көлемінде сәби сүйе алмай келеміз. Дәрігерлер нақты  себебін айта алмады. Уақыт жоғалтпай, ЭКҰ әдісіне жүгінгеніміз дұрыс па?

— Иә, бұл аз уақыт емес. 24 айда табиғи жолмен бала сүйе алмағандықтан, сіздің немесе ер азаматтың денсаулығында кінәрат бары анық. «Экомед» клиникасына келген барлық отбасыға ЭКҰ әдісі қолданылады деп айта алмаймыз. Кейбір әйелдердің жатыр түтікшесіне ота қажет болады. Кейін табиғи жолмен бала көтеруі мүмкін. Сондықтан оны анықтау үшін репродуктологтың көмегіне жүгіну керек.

Маржан, Ақтоғай ауданы:

— «Экомедке» бала сүюге келген отбасы қанша уақыт ем алады?

— Ем-шара жұптың денсаулығын тексеруден басталады. Ерлі-зайыпты 3-4 апта көлемінде медициналық сараптамадан өтеді. Әр жұптың денсаулық жағдайына байланысты ұзақ және қысқа мерзімді ЭКҰ әдісі тағайындалады. Қажетті медициналық сараптамаларды тапсырғаннан кейін жоғарыда айтқанымдай, әйелдердің аналық  ұрығында стимуляция шарасы жүргізіледі. Гормондық дәрі-дәрмек көмегімен фолликулдар өсіріледі. Мұндай шара етеккір циклының 2-3-күндерінен басталады. Дәрі-дәрмекті қабылдау, ультрадыбыстық зерттеу арқылы фолликулдың өсу қарқынын бақылау шарасы 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Егер ұзақ мерзімді әдіс болса, 2-3 аптаға дейін жалғасады. Аналық жасуша қажетті деңгейде өскен сәтте пункция шарасы жүргізіледі. Яғни, аналық ұрықтан фолликулдар алынады. Бұл әдіс наркоз арқылы 5-10 минут аралығында өтеді. Сол уақытта әйелдің күйеуі де аталық ұрық тапсырады. Екеуінің биоматериалынан эмбрион түзіледі. Оған кемі 3-5 күн кетеді. Осы уақыт ішінде қанша эмбрион пайда болғаны анықталады. Яғни, әр эмбрион сәбиді білдіреді. Ескеретін жәйт, әйелден пункция кезінде 10 аналық жасуша алынса, 5 эмбрион ғана түзілуі мүмкін. Тіпті, 2 эмбрион ғана пайда болатын жағдайлар бар. Оның бәрі аналық жасуша мен аталық ұрықтың сапасына байланысты. Эмбрион пайда болғаннан кейін әйелдің жатырына салынады. Ол шара бар болғаны 5-10 минут уақытты алады.

Тілші:

— Әйелдің жатырына эмбрион салынғаннан кейін жүктілік қашан пайда болады? Сәби көтергені не көтермегені қалай анықталады?

— Эмбрион жатырға салынған күннің ертеңінен бастап әр әйел екі апта уақыт күтеді. 14 күн өткен соң әйел хорионды гонадотропин (ХГЧ) сараптамасын тапсырады. Қан талдамасының нәтижесі арқылы жүктіліктің пайда болғанын не болмағанын көре алады. Кейбір әйелдер ХГЧ  сараптамасына дейін жүктілікті ерте анықтайтын тест арқылы тексеріп жатады. Қан талдамасы оң нәтиже берген кезде бір аптадан кейін ультрадыбыстық зерттеу арқылы жүктіліктің даму көрсеткішін бақылаймыз.

Бахтияр, Павлодар қаласы:

— Аталық ұрық сапасының төмендеуіне қандай факторлар әсер етеді? Сапаны қалай арттыруға болады?

— Аталық ұрықтың сапасы 60-90 күн сайын өзгеріп тұрады. Ер адамның өмір сүру салты, физикалық жүктеме, темекі шегу, ішімдік ішу сынды жағдайлар ұрық сапасына әсер ететіні сөзсіз. Аталық ұрықтың белсенділігі мен сапасы зертханалық талдау арқылы анықталады. Сәби сүйгісі келетін әрбір ер азамат дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, жаман әдеттерден аулақ болуы керек.

Тілші:

— ЭКҰ әдісінде өзге әйелдің фолликул жасушасын пайдаланатын жағдайлар кездеседі  екен. Мұндай тәсіл қандай жағдайда қолданылады?

— Иә, кейбір әйелдердің фолликул жасушасының сапасы өте төмен болады. Салдарынан түзілген эмбрион жатырға бітпей, жүктілік туындамайды. Тіпті, жатырға ілінгеннің өзінде дұрыс жетілмей, жүктілік дамымай қалады. Басқа жағдайларда жоғарыда айтылған АМГ гормонының аздығына байланысты әйелдің аналық ұрығында 1-2 фолликул болады. Одан эмбрион пайда болмауы да мүмкін. Кейбір әйелдерде  хирургиялық отаға байланысты аналық ұрық мүлде болмайды. Міне, осындай жағдайларда ерлі-зайыпты донорлық аналық жасушаны қолданады. Яғни, өзге әйелдің фолликуласын алады. Мұндай ЭКҰ әдісі квота арқылы жүргізілмейтінін айтқым келеді. Тек ақылы негізде өткізіледі.

Тілші:

— Донорлық фолликул жасушасы қолданылған кезде өмірге келетін  сәбидің анасы кім болады? Эмбрионды жатырына салған әйел биологиялық тұрғыдан нәрестенің анасы бола алмайды.  Демек, сәби оны туған анасына емес , фолликул жасушасын  берген  әйелге ұқсауы мүмкін. Осы мәселені тарқатып өтсеңіз…

— Эмбрион ер адам мен әйелдің биоматериалдарынан түзіледі. Донорлық жасуша таңдалатын сәтте баланы жатырына салатын ананың түрі, келбеті бәрі ескеріледі. Яғни, донор болатын әйелге ұқсас болуы бірінші орынға қойылады. Донорды ем жүргізетін дәрігер ғана таңдайды. Сәби үнін аңсаған әйел эмбрионды өз жатырында  9 ай көтеріп, өмірге әкелгеннен кейін баланы өзімдікі емес дей алмайды. Ол көтерген нәрестенің әкесі туған күйеуі болып табылады. Демек, бала әкесінен аумай тууы мүмкін.

Тілші:

— Ал енді суррогат ана қызметіне әңгімемізді бұрсақ. Суррогат ана ерлізай-ыптылардың эмбрионын өз жатырына салып, баланы өмірге әкеледі. Мұндай әдіс қандай жағдайда қолданылады?

— Суррогат ана қызметіне Қазақ-станда заңмен рұқсат берілген. Мұндай қызмет ерлі-зайыпты, суррогат ана және клиника тарапынан үш жақты келісім аясында жүргізіледі. Сәбиді өмірге әкелген әйел баланы өзінде алып қала алмайды. Биоматериал ерлі-зайыптынікі болғандықтан, ДНК арқылы да баланың анасы екенін дәлелдей алмайды. Яғни , сәбиді жатырында 9 ай көтергенімен  биологиялық тұрғыдан анасы бола алмайды. Мұндай көмекке жатыры жоқ немесе жатырында эмбрион дамымай қалатын әйелдер жүгінеді. Кейбір әйелдер жатырына бірнеше мәрте эмбрион салып, жүктілікке қол жеткізе алмай жатады. Осындай сәттерде олардың үміті тек суррогат анада болады.

Жанар, Павлодар қаласы:

— Суррогат ананың жатырына ерлі-зайыптылардан алынған эмбрион салынса, өмірге келетін сәби сол ерлі-зайыптынікі болып табыла ма? Суррогат ананың туып бергені болмаса, оның генетикасы  балаға тарамайды. Дұрыс па?

— Иә, биоматериал ерлі-зайып-тыдан алынып, эмбрион суррогат ананың жатырына салынса, баланың туған ата-анасы әлгі ерлі-зайыпты болып саналады. Кейде суррогат ананың фолликул жасушасы арқылы сәби сүйетіндер болады. Мұндай жағдайларда заңмен реттеліп, келісімшарт арқылы жүргізіледі. Суррогат ана өмірге әкелген сәбиді ерлі-зайыптыға береді. Ем-шара алдында заңға қол қойғандықтан сәбиді өзінде қалдыра алмайды.

Тілші:

— Квота мәселесіне тоқталсақ. «Экомед»  клиникасының  қызметін пайдалану үшін  квотаны  қалай алу  қажет?

— «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі. Квота барлық жұпқа берілмейді. Оның талабы бар. Ең бірінші кезекте жоғарыда айтылған АМГ гормонының көрсеткіші 1-ден жоғары болу керек. Әйелдің етеккір циклінің 3-5-күндерінде екі аналық ұрықтағы фолликул саны 6-дан кем болмауы тиіс. Бұдан бөлек, әйелде созылмалы аурулар, жатыр түтікшесінде гидросальпинкс диагнозы болмауы тиіс. Отбасылық жұп тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан емхана гинекологынан тексеруден өтіп, квотаға кезекке тұра алады. Квота берілген кезде ЭКҰ әдісін жүргізетін клиниканы өзі таңдайды. Жоғарыда айтқан суррогат ана, донорлық жасушаны пайдаланатын жұптарға квота берілмейді. Олар ЭКҰ әдісіне тек ақылы негізде қатысады.

Салтанат, Железин ауданы:

— ЭКҰ әдісі қаншалықты нәтиже береді? Оның көмегіне жүгінгендер 100 пайыз сәбилі бола ма?

— Өкінішке қарай, ЭКҰ әдісін пайдаланып жатқан жұптардың бәрі 100 пайыз сәбилі болады деп айта алмаймыз. ЭКҰ – балалы болуға көмектесетін тәсіл ғана. Бізге жүгінген ерлі-зайыптылардың денсаулық жағдайын толық тексерген сәтте біз оларға неше пайыз үміт барын айта аламыз.

Айсұлу, Ақсу қаласы:

— Жалғызбасты, тұрмыс құрмаған әйелдер алдын ала фолликул жасушаларын қатырып қоя ала ма?

— Иә, өмірлік серігін әлі кездес-тірмеген әйелдер болашақта бала сүюі үшін клиникаға келіп, алдын ала фолликул жасушаларын сақтап жатады. Кейінге шегерілген аналық бағдарламасына қатысқысы келетін қыздарға 35 жасқа дейін жүгінуге кеңес беремін. Өйткені бұл жастан асқаннан кейін ағзада хромосомалық аурулар көбейіп, жасуша сапасы төмендеуі мүмкін. Аналық жасушаны сақтап қойған адам өзінің өмірлік серігін жолықтырған уақытта табиғи жолмен бала сүйе алмаса, клини-кадағы  фолликулдарын  пайдалана алады.

Нұрдана, Екібастұз қаласы:

— ЭКҰ-ға жүгінген жұп бала жынысын алдын ала анықтап, жатырына егіз сәби салдыра ала ма? Ерлі-зайыптылардың талабы орындала ма?

— Квота немесе ақылы негізде клиникаға жүгінген жұптар егіз баланы талап ете алмайды.  Біздің орталық жатырға бір эмбрион салуды құптайды. Екі эмбрион әйелдің өмі-
ріне қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені екі баланы көтеру оңай емес. Мұндай жағдайда мерзімінен бұрын босану фактілері орын алуы ықтимал. Біз бала санына емес, сапаға жұмыс істейміз.

Тілші:

— Эмбрион қанша уақыт сақталады?

— Эмбрионды сақтауда шекті уақыт жоқ. Бірақ біздің клиникадағы қатырылған эмбриондар 10 жылдан артық тұрмайды. Себебі сәби сүйген жұптар құтыдағы сәбилерінің өмірге келуіне асығады.

Сәндігүл, Екібастұз қаласы:

— Сәтті ЭКҰ протоколы болу үшін әйелдің жасы нешеде болуы тиіс? Қандай жаста  үміт аз?

— ЭКҰ әдісінде әйелдің жасы маңызды рөл атқарады. 35 жасқа дейінгі әйелдерде бала сүю үміті жоғары болады.  Бұл жастан асқан-дарда мүмкіндік азая береді.

Болат, Павлодар қаласы:

— «Экомед» клиникасында емделуге қанша қаржы жұмсалады?

— ЭКҰ құны ерлі-зайыптылардың денсаулық жағдайына байланысты. Қысқа және ұзақ мерзімді әдістердің құны дәрі-дәрмек мөлшері, отаның қажеті бар не жоғына байланысты. Сондықтан нақты соманы айта алмаймын.

Жанасыл, Баянауыл ауданы:

— Жатырға салған бір эмбрионнан егіз бала өмірге келуі мүмкін бе?

— Иә, ЭКҰ әдісінде мұндай жағдайлар кездеседі. Бірақ өте сирек болады. Жатырға салынған бір эмбрион екіге бөлініп, егіз бала өмірге келуі мүмкін.

Зәуреш, Павлодар қаласы:

— Табиғи жолмен бала сүйген аналар біраз жылдар ішінде тағы сәби сүйе алмаса, квотадан үміттене ала ма?

— Әрине. Квота тек баласы жоқ әйелдерге ғана берілмейді. Бір немесе екінші баладан кейін 10-15 жыл көлемінде табиғи жолмен жүктілікке қол жеткізе алмағандар квотаға қатыса алады. Мұндай әйелдерде босану кезінде жатыр түтікшесі алынып тасталуы мүмкін. Сондықтан ЭКҰ-ға қатысуға мүмкіндік бар.

Динара, Май ауданы:

— ЭКҰ әдісін 4 мәрте жасаттым. Екі жағдайда балам 4-5 аптада шетінеп, қалған екі жағдайда жүктілік тумады. Жасым – 32-де. Маған қандай кеңес бересіз?

— Сіз клиникаға келіп, көптеген сараптамадан өту қажетсіз. Жаты-рыңызға салынған эмбрион дамуын тоқтатса, жүктілікке кедергі фактор-
лар барын көрсетеді. Сіздің жағдай-ыңызға тұқымқуалаушылық аурулар, эмбрионның сапасы сынды көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Гематолог мамандардың көмегіне жүгініп, бірқатар сараптаманы тапсыруыңыз керек. Нақты шешім қорытындыға байланысты қабылданады.

Тілші:

— ЭКҰ әдісіне жүгінетін ер азаматтардың денсаулығында қандай кінәрат болады?

— Бұрындары жүктілік туындамаса, бірінші кезекте әйелдерді кінәлі деп санайтын. Бірақ көптеген әйел күйеуінің денсаулығына байланысты сәби сүйе алмай отыр. Бұл жағдайды тәжірибемізде көріп келеміз. Қазір ерлер арасындағы белсіздік мәселесі әйелдерде кездесетін бедеуліктен кем емес. Әлемдік тәжірибенің өзі ер азаматтардың 40 пайызы табиғи жолмен бала сүйе алмайтынын көрсетті. Бұл жағдайда ер азаматтардың жаман қылықтарға әуес болуы, аталық ұрықтағы қан тамырларының кеңеюі сынды факторлар әсер етеді. Ұрық сапасы нашар болуы мүмкін. Кейбір ер азаматтарда тірі аталық ұрық болмайды. Мұндай мәселе өте көп.

Жансая, Май ауданы:

— Менің құрбым ажырасқан. Бала асырап алғысы келіп еді, бірақ рұқсат бермеді. Ол ЭКҰ-ға квота ала ала ма?

— Өкінішке қарай, «Аңсаған сәби» бағдарламасы тек некеге тұрған отбасыларға беріледі. Сіз ажырасқандықтан квотаға қатыса алмаймыз. Бірақ ақылы негізде ЭКҰ әдісінен өтуге болады.

Нұрдана, Павлодар қаласы:

— Туысқаным 46 жаста. Табиғи жолмен бірнеше мәрте сәби көтеріп, түсік тастай береді. Дәрігерлер нақты себебін айта алмай отыр. ЭКҰ әдісіне жүгінсе, үміт бола ма?

— 40 жастан асқан әйелдердің фолликул жасушасының сапасы нашар болады. Бұл жағдай жүктіліктің ерте тоқтауына, түсік тастауға әкелуі мүмкін. Бірақ  аналық ұрықта бір фолликул болса, үміт бар. Клиникаға келіп, тексерістен өтуге болады.

Мәриям, Аққулы ауданы:

— Жүкті әйелдердің кіндігінен сараптама алатын жағдайлар болады. Мұндай сәтте іштегі бала шетінеп кеткен жағдайлар болған екен. Мұндай сараптама қаншалықты құрсақтағы балаға қауіпті әрі не үшін жасалады?

— Мұндай сараптама тек Даун синдромы расталған жағдайда жүргізіледі. Ол кезде ананың кіндігін инемен тесу арқылы жатырдан су алынады. Сол арқылы баланың денсаулық жағдайы тексеріледі. Қазір медицина дамыған. Бұл сараптаманы барлық клиника жүргізбейді. Арнайы орталықтарда оқыған мамандар ғана атқарады. Өкінішке қарай, сараптамадан кейін түсік тастайтын жағдайлар да кездесуі мүмкін. Бірақ өте сирек.

Тілші:

— ЭКҰ әдісіне жүгініп, мүлдем сәбилі бола алмаған ерлі-зайыптылар кездесті ме?

— Әрине. ЭКҰ әдісі барлық жұпқа сәби сыйлай алмауы мүмкін. Мысалы, жүрек, бүйректің созылмалы ауруына шалдыққандар ЭКҰ бағдарламасына қатыстырылмайды. Клиникаға жүгінген әр жұп медициналық сараптамадан өтеді. Оның қорытындысы арқылы шешім шығарылады.  Әйелдің өміріне  қауіп төндіретін көрсеткіштер болса, ЭКҰ бағдарламасына қатыса алмайды.

Жазира, Павлодар қаласы:

— Менің тұңғышым 10 жаста. Ұлымды өмірге әкелгелі өздігімнен сәби сүйе алмадым. Табиғи  жүктіліктің туындамауына не себеп?

— Сізге медициналық тексерістен өту қажет. Жатыр түтікшесі немесе аналық ұрықта кедергі болуы мүмкін. Бәлкім, ағзаңызда овуляция туындамауы мүмкін. Мұндай жағдай расталса, ЭКҰ әдісі жасалмай-ақ, арнайы ем-шара арқылы да табиғи жүктілікке қол жеткізуге болады.

Тілші:

— Қазір ЭКҰ әдісіне қатысып жүрген жас отбасы көп. Жастардың денсаулығының нашарлауына не себеп болып отыр?

— Иә, репродуктологтың кеңесін алатын жас жұп өте көп. Өкінішке қарай, қазір экология нашарлады.  Күнделікті өмірде қимыл-қозғалыс аз. Жұмыста көп жағдайда отырамыз. Тамақ та дұрыс емес. Міне, осы факторлардың бәрі денсаулыққа кері әсер тигізеді. Сондықтан жастарға әлден салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, үнемі қимыл-қозғалыста болуға кеңес беремін.

Бексұлтан, Павлодар қаласы:

— Осыдан екі жыл бұрын  ЭКҰ әдісімен көп күткен қызымыз өмірге келді.  Клиникада тағы 3 эмбрионымыз бар. Балала-рдың жынысын алдын ала білуге бола ма? Оны қалай анықтау қажет?

— Жоқ, қатырылған эмбрионның жынысын анықтау мүмкін емес. Оған заң бойынша да шектеу қойылған. Екінші рет клиникаға келіп, екінші эмбрионды салдырып көріңіздер. Бәлкім әйеліңіз екеуіңіз ұлды боласыздар.

Сезім, Железин ауданы:

— Менің оң жақ жатыр түтікшем жоқ. 3 жыл көлемінде сәби сүйе алмай келеміз. Маған ЭКҰ әдісіне жүгіну қажет пе?

— Егер әйелде бір жатыр түтікше болмаса, табиғи жолмен жүктілікке қол жеткізу 50 пайызға азаяды. 3 жыл аз уақыт емес. Сіздің жасыңыз да маңызды рөл атқаратынын тағы айтқым келеді. Репродуктологтың көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.

Әйгерім, Аққулы ауданы:

— Алматы қаласында ЭКҰ әдісі бойынша ем алып, 3 мәрте жүктілікке қол жеткізе алмадым. Елімізге танымал репродуктолог Алмаз Ибрагимовтің көмегіне жүгінсем деймін. Дәрігер қайда қабылдайды?

— Сіз мықты дәрігерге таңдау жасаған екенсіз. Алмаз Құрманәліұлы менің тәлімгерім. Ол кісі қазір Астана қаласындағы «Экомед» клиника-сының директоры. Сондықтан сіз Сарыарқа көшесі, 1 Б мекенжайында орналасқан клиникаға барып, сол дәрігердің қабылдауына кіре аласыз.

 

Түйін:

Қол ұстасып, шаңырақ көтерген әрбір екі жастың басты арманы  — артына ұрпақ қалдыру. Бақыттың төресі – бала сүю деп тегін айтылмаған. Өкініштісі, нәрестенің іңгәлаған үнін есту бақыты некеге тұрған отбасылардың бәріне бірдей бұйыра бермейді. Бедеулік, белсіздік мәселесі тек ерлі-зайыптылардың ғана емес, күллі әулеттің жан қайғысы. Қоғам қасіреті. Өзекті мәселені шешуде медицина мамандары аз тер төгіп жатқан жоқ. Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру әдісі сонау 1995 жылы енгізілді. 30 жылдың ішінде «Экомед» клиникасының дәрігерлері 30 мыңнан астам сәбидің өмірге келуіне себепші болған. Яғни, мыңдаған отбасыға баға жетпес байлық сыйлап, ажырасудан сақтады деп айта аламыз. «Тікелей желі» шарасында берілген дәрігердің жауабы сәби үніне зар болып жүрген ерлі-зайыптыларға үміт сыйлайды деген ойдамыз.

«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.