ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет-терді цифрландыру аясында баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа көшіру жобасын әзірледі.

Бұл құжатты ата-аналар баласы 1-сыныпқа барғанда міндетті түрде мектепке ұсынады. Жыл сайын 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайтынын атап өткен жөн.

Баланың денсаулық паспорты — денсаулықты нығайтуға, аурулардың алдын алуға және кішкентай пациенттерді емдеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы ақпаратты қамтитын негізгі құжат.

Бұл құжатты қағаз жүзінде жүргізу көбінесе оның жоғалуына немесе өзекті деректерді жоғалтып алуға, емханаларда ұзақ күтуге әкелді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа ауыстыруға кірісті.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін тестілеу кезінде баланың 72 электрондық денсаулық паспорты қалыптастырылды. EGov Mobile арқылы электрондық паспортты интеграциялау тамыз айында аяқталмақ.

Ата-аналар үшін электрондық паспортты енгізу қағазбастылықты азайтуды, «eGov Mobile» және «eDensaulyq» электрондық қызметтері арқылы балаларының денсаулығы туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Білім беру мекемелері оқушылардың денсаулық жағдайы туралы өзекті деректерді жедел ала алады. Олар емханаларда медициналық қарап-тексеруден кейін автоматты түрде берілетін болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.