KRASKBB

Аймағымызда қант диабеті «жасарып» барады. Өкінішке қарай, облыста бұл сырқатқа шалдыққан балалар да көбейген.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эндокринологы, кардиологиялық орталықтың дәрігері Елена Дудоладова мәлім етті. Оның айтуынша, қант диабеті – қандағы қант деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын аурулар тобы. Сырқат адам ағзасында қант деңгейін реттеуде маңызды рөл атқаратын инсулин гормонының жетіспеушілігіне байланысты туындайды. Глюкозаның қалыпты деңгейі 5,5 ммоль-ден аспауы тиіс. Егер глюкозаның деңгейі осы көрсеткіштен жоғары болса, диабеталды ауру деп есептеледі.

— Қант диабетінің екі түрі бар. Біріншісі — инсулиннің тапшылығы. Ол көбінесе балалар мен жасөспірімдерде кездеседі. Науқастар инсулин инъекциясын тұрақты қажет етеді. Ал дененің инсулинге әсері болмағанда аурудың екінші түрі дами бастайды. Бұған көбіне ересектер шалдығады. Өкініштісі, қазір балалар да қант диабетінің екінші түріне көп шалдығуда. Облыста дерттің бірінші түрімен ауыратын бір мыңнан астам бала есепте тұр. Олардың ең кішкентайы — екі айлық сәби. Бірақ балалар арасында қант диабетіне қарсы көптеген дәрі-дәрмек он жастан бастап қабылданады, — деді Е.Дудоладова.

Облыста жалпы саны 26 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10-15 жыл көлемінде жыл сайын әрбір 12 айда 1500-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Яғни, дерт дендеп тұр. Дәрігерлер ауру қаупін азайту үшін тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстануды, далада көбірек жаяу жүруді, дене салмағын бақылауды және медициналық скринингтен уақытылы  өтуге кеңес береді.

Айта кетейік, қант диабетіне қарсы инсулин препараттар мен қажетті медициналық құрылғылар тегін беріледі. Ал қант диабетінен дәрі арқылы емделетін науқастар препаратты өз қаражаттарына сатып алады.

Облыста қант диабетімен ауыратын жүкті әйелдердің саны да өскен.  Биыл алты айдың ішінде 357 әйел тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 850 жағдайды құраған. Соңғы үш жылдың ішінде статистика
15 пайызға артқан.

– Әдетте адам ағзасында қант деңгейі 5,5-тен төмен болуы керек болса, жүктілік кезінде бұл көрсеткіш артады. Жүкті әйелдің қанындағы қант мөлшері босанғаннан кейін азаяды. Жүкті кезде қант диабетіне душар болу құрсақтағы баланың салмағын өсіреді. Салдарынан босану кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдер алдын ала медициналық тексеруден өтіп, ағзадағы қант мөлшерін тексертіп алғандары дұрыс, — дейді Елена Дудоладова.

Әйелдер қауымы қандағы қант деңгейін қаладағы кез келген зертханада тексерте алады.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.