Қан – тіршілік көзі. Ересек адамның ағзасында шамамен 5 литр қан болатынын білерсіз. Тамырлар арқылы әр ағзаны тіршілік көзімен қамтамасыз ететін сұйықтықтың әрдайым өз мөлшерінде болғаны қадағаланады. Әлбетте, түрлі жарақат, операцияға дейін және ота жасалып жатқан кезде қан құю қажет етіледі. Күнделікті өмірде жол апаттары орын алып, хал үстінде жатқан жандарға қаншама қан құйылады. Бір қуантарлығы, Қазақстанда донор қанынан тапшылық жоқ. Республика көлемінде жылына 300 мыңға жуық адам қан тапсырады екен. Оның 90 пайызы өтеусіз негізде өз еркімен донор болуға ниет етеді. Осы ретте, кімдер қан доноры бола алады? Жылына неше рет қан тапсыра аласыз? Донор атану арқылы өз ағзаңызға қандай жәрдем жасайсыз? «Құрметті донор» төсбелгісі кімдердің кеудесіне тағылады? Қауіпсіз қан деңгейіне жету үшін қандай зерттеулерден өтеді? Осы және өзге де сұрақтарға «Saryarqa samaly» газетінің Инстаграм парақшасында өткен тікелей желі барысында жауап берілді. Тікелей желі қонақтары – Павлодар облыстық қан орталығы директорының медицина істері жөніндегі орынбасары Сара Балтақызы Сыздықова және аталмыш орталықтың қан жинақтау бөлімінің меңгерушісі Алма Қалкенқызы Исабекова.
Тілші сауалы:
— Алдымен, қан донорлы-ғының маңызына тоқталсаңыздар. Қан доноры қоғамға қандай пайда әкеледі? Қан доноры дегеніміз кім?
Алма ИСАБЕКОВА:
— Қан доноры – адам өмірін сақтап қалатын қайырымды жан. Қан құюды қажет ететін жағдайлар аз емес. Әдетте, қатты жарақаттар алғанда, түрлі операциялар, әйелдердің ауыр босанулары кезінде қан құю қажет етіледі. Қанның құрамында бөлшектері нормадан тым төмендеп кеткен сырқаттар да болады. Оған да қанның компоненттерін көтеру үшін қан құйылады. Гемофилия, анемия сырқаттары кезінде де қанға қажеттілік болады. Демек, осындай ауыр жағдайларға тап болған жандарға қан донорлары демеу жасайды, қол ұшын созады. Оларды аман алып қалуға өлшеусіз үлес қосады. Сондықтан, қан тапсыруға келген азаматтарды қайырымды жандар деуге әбден болады. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Тілші сауалы:
— Қан доноры болу үшін адамдар не істеуі керек? Қайда барып, қалай дайындалғаны
жөн?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— Донор болып, қан тапсыруға ниеттенген адам біздің орталыққа келуі керек. Аптаның бес күні қабылдаймыз. Донорларды таңғы 8.00-ден түскі 13.00-ге дейін қабылдаймыз. Ол үшін донор жеке куәлігін ала келгені абзал. Қан тапсырардың алдында донор 1-2 күн дайындалуы тиіс. Яғни, тапсыратын күннен бір күн бұрын кешкіде майлы тағам жемегені жөн. Бірнеше күн дәрі ішпеуі талап етіледі. Өзін жақсы сезініп келуі керек. Содан кейін алдымызға келген донордың деректерін енгізіп, infodonor.kz ақпараттық базасынан тексереміз. 2014 жылдан бері жұмыс істейтін бұл базада әрбір азаматтың донор болуға рұқсаттың бар-жоғы көрсетіледі. Мәселен, туберкулезбен ауырған адам ешқашан қан доноры бола алмайды. Міне, осы мәлімет аталмыш базада көрсетіліп тұрады. Базада тыйым салынбаса, ары қарай донор арнайы сауалнама парағындағы сұрақтарға жауап береді. Өз еркімен тапсыруға келгенін растап, келісімін береді. Бірден зертханаға жолданады. Мұнда қанның тобы мен резусы анықталады. Гемоглобиннің деңгейі тексеріледі. Мысалы, әйелдерде гемоглобин 120-дан, ал ерлерде 130-дан төмен болмауы тиіс. Бауыр ферменті — аланинаминотрансферазаны анықтаймыз. Содан кейін донор терапевт дәрігерге барады. Дәрігер тексеріп, сұрап, анамнезін жинайды. Сосын шешім қабылданады. Донор болуға ешқандай тыйым салынған көрсеткіш болмаса, оған қан дайындайтын бөлімге қан тапсыруға жолдама беріледі. Донор қан тапсырып кеткеннен кейін де қан тағы тексеріліп, жарайтын-жарамайтындығы анықталады.
Айжан:
— Бала кезімде гепатит С-мен ауырыппын. Кейде туыстарымның біріне қан тапсыру керек дегенде барудан бас тартамын. Себебі, таныстарымның бірі бұрын ауырсаң, тапсыруға болмайды деген еді. Сол рас па? Бала кезде ауырғанымды айтпасам, қазір қан тапсыру кезінде анықтала ма?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— Бәлкім, хабарласқан оқырман бала кезінде гепатит А-мен ауырған болар. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда Боткин ауруы, сарғайып ауыру. Гепатиттің бұл түрімен бұрын ауырса да, кейін қан доноры болуға рұқсат. Ал гепатиттің В мен С түрлерімен сырқаттанғандарға қан тапсырып, донор болуға тыйым салынған. Келген адамдар ауырғанын айтпағанның өзінде тексеру барысында ол анықталады. Донорлардың әрбір донациясы (әрбір қан тапсырғаны) кезінде тексеріледі.
Дана:
— Салмағым — 48 килограмм, жасым — 20-да. Мен қан доноры бола аламын ба?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес 18 жастан асқан, дені сау, медициналық тексерістен өткен және қан тапсыруға еш шектеуі жоқ, ерікті түрде ниет білдірген жандар донор бола алады. Тағы бір талап, донордың салмағы 50 келіден төмен болмауы тиіс. Демек, сізге рұқсат етілмейді.
Тілші сауалы:
— Қандай ауруға шалдыққан адамдарға мүлдем қан тапсыруға болмайды?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— Гепатиттің В және С түрлерімен, АИТВ, мерез сияқты бірқатар вирустық, инфекциялық аурулармен сырқаттанған жандарға қан тапсыруға тыйым салынған. Қан тапсырардың алдында сауалнама жүргізіледі. Сонда донордың аллергиясы, созылмалы сырқаттарының бар-жоғы анықталады. Мәселен, маусымдық аллергиясы бар адамдарға донор ретінде қан тапсыруға уақытша шектеу қойылады. Яғни, аллергиясы басылғаннан кейін қан тапсыруына болады. Вакцина алғанда да осындай уақытша тыйым жасалады. Тұмау, өткір респираторлық вирустық инфекциямен ауырғандар жазылған соң 14 күннен кейін ғана донор бола алады. Жалпы, елімізде донорлықтан уақытша және тұрақты шеттету қолданы-латын жағдайлар, аурулар тізімі бар. Жүрегінде ақауы бар, инсульт, инфаркт алған, қант диабетінің I типімен ауыратын азаматтар да донорлар қатарына алынбайды. Көзі көрмейтін, құлағы толық естімейтін адамдарға да қан тапсыруға рұқсат жоқ. Бірқатар тері аурулары бар адамдар да донор бола алмайды.
Қадиша:
— Қан қысымым кейде 160-180-ге дейін көтеріледі. Маған қан тапсыруға бола ма?
Алма ИСАБЕКОВА:
Қан қысымы 180-нен жоғары жандарды қан тапсыруға қабыл-дамаймыз. Бұл олар үшін өте қауіпті. Сондай-ақ, қысымды түсірудің дәрісін қабылдап жүргендерге де қан тапсыруға болмайды. Ол дәрілер қан құрамындағы тромбтарды бөлшектейді. Бұл кезде қан тапсыру сіз үшін өте қауіпті.
Тілші сауалы:
— Тұрақты донорларыңыз бар болар. Қайырымды істі әдетке айналдырғандар жайын-
да айтып берсеңіздер…
Алма ИСАБЕКОВА:
— Бір жылда кемінде үш рет қан тапсыратын адам тұрақты донор деп саналады. Тұрақты донорлар қатары жыл сайын өзгеріп тұрады. Мәселен, 2021 жылы — 792, 2022 жылы — 840, 2023 жылы — 472 донор тұрақты донорлар қатарынан табылды. Олар бір жылда кемінде 3 рет қан тапсырды. Биыл бес айда 311 азамат тұрақты донор атанып үлгерді. Тағы бір айта кетерлігі, бізде жыл сайын тұрақты донорларымызға құрмет көрсету дәстүрге айналған. Арнайы грамота мен бағалы сыйлықтар табысталады. Оларды «Құрметті донорларымыз» деп атаймыз. 2017-2018 жылдары 7 құрметті донорымыз «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Мұндай құрмет ең кемі 40 рет тегін түрде қан тапсырған адамдарға беріледі.
Тілші сауалы:
— Жалпы, донорлар жеткілікті ме? Донорлардың белсенділігі қандай? Жылына сіздерде қанша адам қан тапсырады? Жетпеген жағдайда өзге өңірден жеткізген кездер болды ма?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— Ондай жағдайға жеткізбейміз. Өзге өңірден қан алмаймыз. Облысымыздың медициналық мекемелерін жүз пайыз қанмен қамтып отырмыз. Күн сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Қан жөнелтілетін экспедиция деген бөлімше бар. Аталған бөлімше тәулік бойы жұмыс істейді. Оған қоса, жұмсалмайтын қор деген түсінік бар. Бұл қор тұрақты түрде толтырылып отырады. Яғни, күнделікті қажеттенген қан мөлшерінен бөлек, әрдайым сақтауда тұратын көлем. Облыста қан құятын, стационарлық ем жасайтын 20 медициналық мекеме бар. Олардан өтінім түссе, бірден экспедиция бөлімшесі қажетті қан көлемін береді. Айта кету керек, ауруханалардың өзінде де жеке қан кабинеттері бар. Яғни, шұғыл қажет болғанда өздеріндегі қанды қолданып, оның орнын бізден толтырып қояды. Донордан қан алынған соң оны толық зерттеуге 6-8 сағат жұмсалады. Зерттеулер екі кезеңмен жасалады. Оған арналған заманауи жабдық бар. Қанды толық тексерудің екі әдістемесі қолданылады. Бірі – ихла, екіншісі – ПЦР. Егер бұл тексеру кезінде қандай да бір ауру бойынша оң нәтиже шықса, қан толығымен жойылады. Оны қолдануға жол берілмейді. Өткен жылы 20 медициналық ұйымға 18 178 доза қан жіберілді. Оның ішінде қан ғана емес, жаңа мұздатылған плазма (қанның сұйық құрамы), эритроциттік масса және өзге де компоненттері бар.
Біздің орталыққа жылына шамамен 15 мыңға жуық донор қан тапсыруға ниет етіп келеді. Оларды потенциалды донорлар деп атаймыз. Олардың 10 мыңы қан тапсырып кетеді. Яғни, бес мыңына донор болудан шеттететін көрсеткіштер бары бастапқы кезеңде анықталады. Ал донация саны жағынан келсек, өткен жылы 12 242 рет қан тапсырылды. Ал былтыр донор болған жандар саны – 9091 адам. Әйелдерге жылына 4-5 рет, ал ер адамға 6 рет қан тапсыруға рұқсат беріледі. Демек, бір донор бірнеше рет донорлық қан тапсырып кетті.
Тілші сауалы:
— Қай топтың, резус-фактордың қанына сұраныс жоғары, қайсысы сирек талап етіледі?
Алма ИСАБЕКОВА:
— Қан беру кабинетінде барлық қан топтарын толтырып қоямыз. 100 пайыз дайын тұрамыз. Әрқайсысының сақтау мерзімі болады. Мысалы, қызыл қанды (эритроциттік массаны) алсақ, оны 42 күнге дейін сақтауға болады. Жаңа мұздатылған плазманы 3 жыл сақтай аламыз. Ол үшін арнайы медициналық жабдық бар. Ал тромбоциттер шұғыл өтінім негізінде жасалады. Оларды арнайы тромбомиксерде 5 тәулікке дейін сақтауға болады.
Қан топтарына келсек, әмбебап қан топтары бар. Мәселен, қызыл қан қажет болған кезде I-топтың теріс резусты қаны әмбебап, бәріне жарай береді. Плазманы алсақ, мұнда IV-топтың қаны әмбебап саналады. Көп жағдайда қанның I-тобына сұраныс жиі түседі. Дегенмен, жағдайларға байланысты сұраныс көлемі өзгеріп отырады. IV-топтағы теріс резусты қан сирек сұралады.
Мәлика:
— Қан тапсырған денсаулыққа пайдалы деген рас па? Ағзада қандай өзгеріс болады?
Алма ИСАБЕКОВА:
— «Жинақтаушы аурулар» деген термин бар. Мәселен, холестерин көбейіп, ағзаға зиянын келтіреді. Майлы гепатоз деген сырқат бар. Яғни, бауыр жасушаларында мөлшерден тыс май жиналып қалады. Осы және қант диабеті сияқты аурулардың алдын алу үшін қан тапсырғанның пайдасы өте мол. Қан тапсырған сайын бойдағы қан жаңарады. Тромб болмайды. Иммунитетті арттырады. Донорларымыз өткір респираторлық вирустық инфек-цияларға шалдықпайды. Себебі, қан тапсырған сайын иммунитеті нығаяды.
Тілші сауалы:
— Қан тапшылығын болдырмау үшін, донорлар қатарын арттыру үшін орталықтарыңыз тарапынан қандай шаралар жүзеге асырылады?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бойынша қан донорлығы — тегін. Яғни, адамдар өз еріктерімен келіп, қайырымды іс жасауға ұмтылады. Біз де, әлбетте, донорларды қан тапсыруға шақыру үшін түрлі жұмыстар жасаймыз. Акциялар өткіземіз. Үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен, медициналық ұйымдармен, зауыттармен бірлесіп, акциялар ұйымдастырылады. Түрлі кәсіпорындардың, құзырлы органдардың қызметкерлері ұйымдасқан түрде келіп, қан тапсыратын кездер де болады. Ай сайын Екібастұз бен Ақсу қалаларына барып, қан қабылдаймыз. Бұл шаһарлардан тұрғындар облыстық орталыққа келіп, қан тапсыру оңай емес. Сондықтан өзіміз барып тұрамыз. Алдын ала бұл жайында азаматтарды хабарландырамыз. Әлеуметтік желі арқылы да донорлыққа тұрғындарды шақырамыз. Донорлық мектебін, дөңгелек үстел шараларын ұйымдастырамыз. Яғни, донор болудың маңызы мен пайдасы жөнінде әңгіме өрбітеміз. Колледж-дерде кездесулер өткізіп, кімдердің қан тапсыра алатыны, қалай дайындалу керектігі турасында насихат жұмыстарын жүргіземіз. Донор мәдениеті туралы да жиі сөз етеміз. Жалпы, елімізде, өңірімізде донор мәдениеті қалыптасқан. Аймағымызда донорлардың 100 пайызы тегін түрде қан тапсырып, қаншама адамның өміріне араша түседі. Біреуге көмегім тисе деген ниетпен келеді. Азаматтық парыз сезімімен келеді. Олардың 2 пайызы – туыстық донорлар. Яғни, жақынына қан қажет кезінде туыстары, дос-жарандары келіп, донор болады.
Нұрлан:
— Донор ретінде қан тапсырған соң 2 күн демалыс алуға болады деп естідім. Бұл рас па?
Алма ИСАБЕКОВА:
— Заң бойынша донорға қан тапсырған 1 күнге жұмыстан босату жөнінде мөр басылған, қол қойылған анықтама береміз. Яғни, сол күні демала алады. Екінші күнді өз басшысының қарауына қарай бір жыл ішінде пайдалануына кеңес беріледі. Бәлкім, еңбек демалысына қосып алады немесе өзге күні қажетіне жаратуына болады.
Тілші сауалы:
— Қанша заманауи құрал-жабдық болғанымен, олардың бәріне білікті маман қажет. Сіздердің орталықтарыңыз тиісті мамандармен қамтылған ба?
Сара СЫЗДЫҚОВА:
— Ол рас, қанның науқасқа қауіпсіз қалыпта жетуі үшін қыруар еңбек атқарылады. Заманауи жабдықтар арқылы қаншама зерттеу жүргізіледі. Мәселен, донордан алынған 450 миллилитрлік қанды бөлеміз, қызыл қанын бір бөлек, сұйығы —
плазманы бір бөлек аламыз. Макробағалау жүргізіледі. Майлы ма, түсі қандай, бәрі тексеріледі. Мысалы, плазма лейкосүзгі арқылы өткізіледі. Қан сапаны бақылау бөлімінде зерделенеді. Зертханада да тексеріледі. Жабдықтарымыз да жиі жаңартылып отырады. Барлық сүзгіден, зерттеуден, тексерістен өткен қауіпсіз қан медициналық мекемелерге жолданады. Осы кезеңдердің бәріне біздің білікті мамандарымыз қатысады. Қазіргі таңда орталығымызда 93 адам қызмет етеді. Қатарымызды жастармен толықтыру үшін Семейдегі медициналық университетте түлектермен кездесіп, бос орындар жәрмеңкесіне қатысып келдік. Біздің орталыққа трансфизиолог, зертханашы, терапевт дәрігерлер қажет. Жастарды тартып, тәжірибемізбен бөлісіп, үйретсек деген ниеттеміз.
Түйін:
Қан доноры болудың қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін көпшіліктің түсініп, қоғамда донор мәдениетінің қалыптасқаны қуантады. Тапсырған жарты литрге де жетпейтін қанның қаншама адамның өмірін сақтауға септігін тигізіп жатқанын сезінудің өзі адамға қанат бітіргендей. Бір жағынан, жағдайыңыз жарап тұрса, қан тапсырып адам өміріне араша түскенмен қатар өзіңіздің де иммунитетіңізді нығайтып, түрлі аурулардың алдын алуға жәрдемдесетінін біліп жүргейсіз.