15 қыркүйекте елімізде оқушы қыздарға жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады. Мұндай вакцинаны 11 жасқа толған қыздар ата-анасының рұқсатымен алады. Мамандар аталған дертке қарсы екпенің маңызы зор екенін айтады.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, аймағымызда 11 жасқа толған 5860 қыз бар.

Адам папиллома вирусы – шырышты қабықтар мен теріні зақымдайтын қауіпті дерт. Вирус ағзада тез таралып, жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады. Қатерлі ісік симптомсыз дамиды. Адам папиллома вирусы жатыр мойны обырынан бөлек, көмей және ауыз қуысы қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.

Әйелдер арасында жатыр мойны обырының тез тарауына адам папиллома вирусын жұқтыруы себеп. Онкологиялық аурулардың 7,5 пайызы осы дертті құрайды.Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Көп жағдайда аталған індетпен 25-44 жас аралығындағы әйелдер ауырады.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда жатыр мойны обырынан 2948 әйел, жыныс мүшелерінің қатерлі ісігінен 95 ер адам қайтыс болды. Ал Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу деңгейі бойынша республикада 4-ші орында тұр. Қазіргі уақытта онкологиялық диспансерде 13 мыңнан астам адам есепке алынған. Оның ішінде 1152 әйел жатыр мойны обырымен ауырады. Жыл басынан бері осы дертке 20 әйел душар болған. Өкінішке қарай, биыл 3 әйел жатыр мойны ауруынан көз жұмды. Сондықтан қыркүйекте бастау алатын шараның маңызы зор.

Қазіргі уақытта адам папиллома вирусының емі жоқ. Одан тек вакцина ғана қорғайды. Екпе онкологиялық ауру тудыратын қауіпті вирустардан қорғайды.

Елімізде адам папилломасы вирусына қарсы екпе 2015 жылдан бастап қолданылып келеді. Әлем бойынша 140 ел осы дерттен вакцина алады. Австралия, АҚШ-та вакцинаның нәтижесінде адам папиллома вирсының таралу көлемі 90 пайызға төмендеген.

Вакцинаның құрамында вирустың ақуыздары бар. Ол ағзаға еніп, иммунитетті белсендіреді. Вакцина ауруды туғызбай, қауіпті вирусқа қарсы тұрады.

— 15 қыркүйекте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу жоспарлануда. Ауқымды науқан ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі. Екпе қатерлі ісіктен қорғайтынын ескерсек, маңызды екенін анық көруге болады. Оның нәтижесінде онкологиялық аурулардың саны азайып, одан болатын өлім-жітім деңгейі де төмендейді. Вакцина екі мәрте жүргізіледі. Бірінші мен екінші екпенің аралығы 6 айды құрауы тиіс. Ата-аналар қауымын қыздарын қатерлі індеттен қорғауға шақырамыз, — дейді департамент өкілдері.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.