Бүгінгі таңда Павлодар облысында қызылшаны тіркеу жалғасуда. Небары бір ай аралығында жұқпалы дерттің үш есеге өскені байқалды. Сондықтан аурудың алдын алуға ден қойған абзал.
Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 қарашада өңірде 197 науқас тіркелген. Оның 27-сі — 1 жасқа дейінгі балалар, 124-і — 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар, 5-і — жасөспірім және 41-і — ересек адам. Сырқаттанушылықтың 3 есеге өсуі байқалады. Қазан айында 38 жағдай болса, қараша айында 117 жағдай тіркелген. Облыс бойынша аумақтық тіркеу Екібастұз қаласында – 95 науқас, Павлодар қаласында – 64, Ақсу қаласында – 26, Баянауыл ауданында — 7 жағдай, Тереңкөл ауданында — 2 жағдай, Успен, Май, Ақтоғай, Железин аудандарында бір-бір жағдай анықталған. Осы науқастардың 19-ы егілген, 88-і бас тарту себебінен, 23-і медициналық босату себебінен, 27-сі жасына жетпегендіктен егілмеген. Аймақта қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша иммундау жүріп жатыр. Барлығы 43 850 адамды егу жоспарланған, оның ішінде 9161-і — 6 айдан 10 айға дейінгі балалар, 27850-і — 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар және 5200-і — медицина қызметкері. Бүгінгі таңда 4332 адам егілді, оның ішінде 6 айдан 10 айға дейінгі балалар – 990, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 1408, сондай-ақ, 1157 медицина қызметкері егілді. Алдағы иммундау бойынша жоспарланған 1639 адамның 777-сі егілді. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау депар-таменті аурудың алдын алу үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтауды ұсынады. Нақтылай айтқанда, адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе, жабық үй-жайларға баруды шектеу, үй ішін үнемі желдету, антисептиктерді қолдана отырып, дезинфекциялық режимді күшейту, қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану қажет. Сонымен қатар, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде үйде болу, балаларды ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу және уақытылы меди-циналық көмекке жүгіну маңызды. Әркім өзінің және жақындарының денсаулығына мұқият қарағанда ғана аурудан кейінгі ауыр асқынулардан қорғана алады, дейді мамандар.
Т.ӘБІЛДА.