Елімізде қауіпті инфекциялық ауру – қызылша қайта өршіді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдегі қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты үндеу жасағаны сондықтан. Мамандар өткен жылдың қараша айынан бастап індеттің таралу көрсеткіші күрт артқанын айтады.
Сала мамандары қызылша жұқтырғандардың басым бөлігін екпе алмаған балалар құрайтынын айтады. Өйткені ауруға шалдыққандардың 79 пайызы — екпе алмағандар. Ал 8 пайызы вакцинаның толық курсын алып үлгермеген. Қызылшамен күресіп жатқан балалардың 59 пайызының екпе салдырмауына ата-аналарының рұқсат бермеуі себеп. Бұл жағдай дәрігерлерге эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыруға мүмкіндік бермей отыр. 2025 жылы профилактикалық екпелерден 19 мыңнан астам адам бас тартқан. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және қызылша бойынша жағдайдың ушығуына әкелген. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жасаған үндеуде қызылша – ең жұқпалы вирустық аурудың бірі екені айтылған. Егілмеген жағдайда ол пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдануына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін. Қорғанудың жалғыз сенімді жолы –
вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады және инфекция мен оның ауыр салдарларынан қорғайды. Вакцинация – тек өз балаңыздың ғана емес, айналаңыздағы адамдардың денсаулығы үшін де жауапкершілік, — деген мамандар.
Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, қазіргі уақытта 35 адам қызылша жұқтырған. Оның 26-сы – бала. 2025 жылы аймақта қызылшаның 150 жағдайы тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1626-ны құрады. Облыстың бас санитар дәрігері облыста Астанадағыдай жағдай күрделі емес екенін айтады. Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Өкінішке қарай, қызылшамен ауырып жатқан балалардың бәрі вакцина алмаған.
— 2024 жылы қызылшаның өршуіне ауруға қарсы ұжымдық иммунитеттің қалыптаспауы әсер еткен болатын. Ата-аналар қауымы көп жағдайда баласына екпе салдыруға келісім бермейді. Қызылша адам ағзасында өте ауыр өтеді. Вакцина алған балалар бұл індетпен жеңіл күреседі, асқыну болмайды. Қызылша пневмонияға ұласып, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын панэнцефалит ауруын туғызуы мүмкін. Салдарынан бастағы ми да жапа шегеді. Сондықтан ата-аналар қызылшаның салдары неге әкеп соғатынын білуі керек. Қызылшамен ауырған 2 жастағы балада аурудан кейін асқыну белгілері байқалуы мүмкін. Көздің көруі нашарлап, есту қабілеті төмендейді. Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация Ұлттық екпе күнтізбесі аясында жүргізіледі. Алғашқы доза 12 айлық кезде, екінші доза 6 жаста салынады. Вакцинаның тиімділігі 95 пайыздан жоғары және оның қауіпсіздігі халықаралық медициналық зерттеулермен дәлелденген, — дейді Батырбек Төлеубекұлы.
Батырбек Әлиевтің айтуынша, егер аймақта қызылша өршіген жағдайда, Астана қаласында енгізілген санитарлық талап қолға алынуы мүмкін. Яғни, қызылшадан екпе алмаған балалар стационарға жатқызылмай, амбулаторлық деңгейде ем қабылдайды. Сондықтан ата-аналар вакцинаның маңызын түсінгені абзал.
Елімізге танымал педиатр Нұржамал Әубәкірованың айтуынша, қызылша – әлемдегі ең жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Екпе алмаған адам науқаспен байланыста болған жағдайда, 98 пайыз жағдайда жұқтырады. Тіпті, көрші подъездегі адам сырқаттанса, жұқтыру көрсеткіші жоғары болады. Вирус ауа-тамшы жолымен таралады және жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде оңай беріледі. Сонымен қатар, жабық ғимарат ішінде екі сағатқа дейін сақталу қасиетіне ие. Ауру әсіресе, ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіреген адамдар үшін аса қауіпті. Қызылша ауыр асқынуларға, соның ішінде пневмонияға, отитке, энцефалит пен менингоэнцефалитке әкелуі мүмкін. Кейбір жағдайларда бірнеше жылдан кейін дамитын панэнцефалит тіркеліп, ол өліммен аяқталуы ықтимал.
— Қызылша жұқтырған адамда дене қызуы, жөтел, мұрыннан су ағу, конъюнктивит белгілері мазалауы мүмкін. Дене температурасы қатты көтерілген жағдайда денені бөртпе жайлайды. Алдымен бетте пайда болып, кейін барлық денеге таралады. Ауыр дертпен күресудің жалғыз жолы – вакцина. Екпе алған балалар да қызылша жұқтыратынын есте ұстау керек. Бірақ олар аурумен оңай күреседі, — дейді Нұржамал Талғатқызы.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
