Павлодар қаласына жаңа офтальмологиялық құрал-жабдық – лазерлік жүйе келіп жетті. Алғашқы отаны жасатуда Ресейден арнайы маман шақырылған. Бұл лазерлік жүйе көз ауруларының ішінде кеңінен тарап кеткен глаукоманы аз уақыттың ішінде емдейді.
Жаңа офтальмологиялық құрал-жабдық CYCLO G6 (IRIDEX) деп аталады. Оны Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы офтальмология орталығы сатып алған.
Микроимпульстік лазерлік жүйе глаукоманың түрлі формаларын кең ауқымда емдейді. Мұндай жүйе емделушілерге глаукоманың қауіпсіз әрі тиімді емін ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, лазерлік жүйе классикалық циклофотокоагуляция (ЦФК) операцияларын IV кезеңдегі терминалдық және рефрактерлік глаукома формаларын емдеу үшін қолдануға болады. Қазіргі кезде глаукоманы микроимпульс лазерлік жүйесі арқылы емдеу инновациялық қауіпсіз және ауыртпалықсыз әдіс болып есептеледі.
Осыған орай, өңіріміздің офтальмологиялық орталығында Ресейден келген тәжірибелі маман орталықтың офтальмологтарымен бірлесіп, глаукоманы емдеуде микроимпульстік лазерлік жүйені қолдану бойынша шеберлік сабағын өткізді.
– Глаукоманы емдеудегі микроимпульсті тәртібі ота кезінде аз жарақат қалдырып, манипуляцияны тез жүргізеді. Шеберлік сабағына 15 емделуші қатысты. Бұл лазер глаукоманың жеңіл түрлерінен бастап күрделі түрлеріне дейін емдейді.
Аталмыш жабдық алғаш рет 2015 жылы АҚШ-та қолданылған. Бүгінде сұранысқа ие жүйелердің бірі, – дейді Мәскеуден келген глаукомды лазер бойынша клиникалық маман Андрей Лавринович.
Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы офтальмология орталығының мамандарының айтуынша, өңірімізде 45 мыңнан астам адам осы глаукома диагнозы бойынша диспансерлік есепте тұр. Осындай таптырмас жабдықпен науқастар глаукомадан бар-жоғы 15 минутта арыла алады.
Салтанат ҒАББАС.