Білікті дәрігер Анар Күркебайқызы адам өмірін сақтап қалуды мамандығы алдындағы міндеті деп біледі. Гиппократ антына берік маман әуеде ұшқан жолаушының өмірін арашалады. Жұмысында науқастарды қабылдап, ем-дом тағайындайтын дәрігер — отбасында адал жар, ардақты ана.
Өткен айдың соңында Екібастұз қалалық №3 емханасының жалпы тәжірибе дәрігері Анар Күркебайқызының есімі әлеуметтік желіде тез танымалдылыққа айналды. Күрделі саланы жүрек қалауымен таңдаған маман Еуропа көгінде ұшқан жолаушыны құтқарып, батылдығы әрі біліктілігімен көпшілікті сүйсінтті. Дәрігер ұшақ бортында Астана қаласынан Прагаға бет алған ұшақта есінен танып қалған әйелге қажетті көмекті көрсете білді.
Оқиға желісіне сүйенетін болсақ, ұшақта қан қысымы төмендеп, шок алып, есінен танып қалған әйелге шұғыл көмек қажет болады. Жолаушылар қатарында отырған Анар Күркебайқызы еш ойланбастан, өзінің дәрігер екенін айтып, науқастың аяғын көтеріп, бетіне су шашады. Жағдайы жақсармаған жолаушыға дәрі егеді. Содан кейін ғана науқас есін жия бастайды. Осылайша, ұшақ қонғанға дейін науқастың жағдайын қадағалап келді.
Анар Күркебайқызы 2020 жылы Семей медицина университетін жалпы тәжірибе дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Қолына диплом алғаннан бастап Екібастұз қаласындағы №3 емханада еңбек етуде.
— Жұмыс барысында ем-шара кабинетінде естен танып қалу, клиникалық өлім деген жағдайлар орын алып жатады. Мұндай жағдайда шұғыл әрекетке көшеміз. Тағы бір жағдай есімде қалыпты.
2021 жылы дәрігер қабылдауына кезекте тұрған науқас клиникалық өлім жағдайына түседі. Шұғыл түрде жүрек-өкпе реанимациясын жасап, өлімнен арашалап қалдым. Ұшақтағы жолаушыны алғаш рет құтқардым. Өзгеге өмір сыйлау арқылы мамандығымды адаспай таңдағаныма қуанамын, — дейді дәрігер.
Анар Күркебайқызы жолдасы екеуі — екі бала тәрбиелеп оытрған бақытты отбасы. Отағасы теміржол саласында жұмыс істейді, тұңғышы мектепте білім алса, екінші балалары балабақшаға барады. Тәжірибелі маман білімін жетілдіру мақсатында медицина тақырыбындағы кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Бос уақытында шахмат ойнап, ән салғанды да ұнатады.
— Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Кішкентайымнан дәрігердің ақ халаты мен өздерімен бірге тасып жүретін фонендоскопқа қараған сайын болашақ мамандығыма деген қызығушылығым арта түсетін. 9-сыныпты аяқтағаннан кейін Екібастұз медициналық колледжіне оқуға түсіп, оны тәмам-даған соң Семей қаласында жоғары білім алдым. Дәрігер мамандығын таңдағанымды мақтан етемін.
Жауапты салада жұмыс істеу әйел адам үшін оңай емес. Осы ретте мені алаңсыз еңбек етуіме жағдай жасап, балаларыма қарайласатын анам мен енеме шексіз алғысымды білдіремін, — дейді Анар Күркебайқызы.
Емделушілерінің жанына шуақ, отбасына жылулық пен мейірімділік сыйлап отырған білікті дәрігерді мерекемен құттықтап, қызметіне табыс тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
