Қазір балалар арасында аутизм диагнозы жайлы жиі естиміз. Дені сау, жүктілік кезеңі жеңіл өткен әйелдерден туған балалар да осы дертке душар болуы мүмкін. Бұл диагнозға душар болған баланың жағдайы ата-ананың денсаулығына қатысты емес, дейді мамандар. Салауатты өмір салтын ұстанатын ерлі-зайыптылардан да аутист балалар өмірге келуі мүмкін. Өкініштісі, олардың саны күн сайын артып келеді.

Аутизм — ауру емес

Дәрігерлер аутизм – ауру емес екенін айтады. Тек баланың даму деңгейінде ауытқу болады. Мұндай балалардың әлемі, қоршаған ортаны қабылдауы бөлек.

2000 жылдардың басында Америка Құрама Штатында 150 баланың тек біреуіне аутист диагнозы қойылса, қазір Қытай елінде аутизмге шалдыққан балалардың саны 1 миллионнан асады екен. Ал Қазақстандағы аутист балалардың саны 2 мыңға жуықтаған.

Аймағымызда былтыр 448 балаға аутизм диагнозы қойылған. Ал биыл олардың саны 592-ге жетіп отыр. Яғни, бір жылда 144 баланың даму деңгейінде ауытқу байқалған. Бұл жағдайға не себеп? Аутизмнің алдын алу жолдары қайсы? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Мақпал Тоқаевамен тілдескен едік. Білікті маман күн сайын аутист балалармен жұмыс істейді. Ол аутист балалар санының көбеюін заманауи диагностикалық тексерулердің дамығанымен байланыстырады.

— Елімізде аутизмге шалдыққан балалардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқаны рас. Бұл жағдайға кішкентай балалар арасында медициналық тексеру шараларының сапалы жүргізілуі себеп. Яғни, қазіргі медицинада диагнозды өте ерте анықтауға мүмкіндік бар. Оның нәтижесінде емдеу шарасын дер уақытында бастауға мүмкіндік туады.

Аутизм – психикалық ауытқу. Ол мидағы түрлі бұзылыстардың әсерінен туындауы мүмкін. Мысалы, мидың бір бөлігі жақсы дамып, келесі бөлігі нашар дамиды. Яғни, хромосомалық өзгерістер мен зат алмасу жүйесі бұзылады.

Соңғы теориялық тұжырым-дарда ауытқу генетикалық тұрғыда пайда болатыны айтылуда. Генетикалық ауытқулар туған ата-анасынан болмаса да, екі жақтағы туыстар арқылы берілуі мүмкін. Бірақ бала дүниеге келгенше, тіпті туғаннан кейін 1 жасқа дейін оның бойында аутизм белгілері бар-жоқтығын ешкім де анықтай алмайды. Көбіне аутизмнің алғашқы белгілері 1,5-3 жас аралығында байқалады. Бала бойындағы ауытқулар әр түрлі болады. Мәселен, бір бала саңырау сияқты көрінеді, атын атап шақырғанда мән бермейді. Ешкім ренжітпесе де жылап, өз бетімен күліп отыратын балалар болады. Адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін дұрыс ұстамайтын, сағаттап бір ойыншықпен ойнайтын, айналасындағыларды көрмейтін, бет әлпетінде қозғалыс (мимика) болмайтын балалар да көп. Аутист балалардың көпшілігі сөйлемейді, керең болып көрі-неді. Яғни ешқандай эмоцияға жауап бермейді. Өзінің қатарластарынан кеш дамиды, — дейді дәрігер.

Ауытқудың белгілері көп

Аутизмнің басты белгісі – баланың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасай алмауы. Бала адам көп жерде ешкім жоқ сияқты отырады. Бірақ теледидарды өзі қосып, өз бетінше әжетханаға бара беруі мүмкін. Бір жерден естіген сөзін немесе дыбыстарды қайталай да алады. Осындай сәттерде көп ата-ана баласының бойынан аутизм белгілерін аңғармай қалады. Ауытқуы бар бала өзін мазақ еткенді түсінбей қалады. Дос табуға тырыспайды, адамның бетіндегі ым-ишара дегенді түсіне алмайды. Сондықтан бала бойынан жоғарыдағы аталған белгілерді байқаған ата-ана психиатр маманның көмегіне жүгінуі қажет. Нақты диагнозды дәрігер ғана қоя алады.

— Тазалықты жақсы көретін аутист балалар болады. Үнемі киімін жинап, қатарлап отырады. Шашылған жағдайда тез реттеуге тырысады. Яғни, біркелкі дағдыны қайталап жасай береді. Күн сайын бір істі бір мезгілде орындай беруі ата-аналар тарапынан алаңдаушылық тудыруы керек. Бұдан бөлек, бір нүктеге ұзақ қарайтындар болады. Өз-өзін әдейі жарақаттайтын балалар да бар. Сондықтан ауытқу белгілері әр балада әртүрлі. Оны тек көре білу керек, — дейді маман.

Қазіргі жас отбасыларды «бала аутист болып тумауы үшін жүктілік кезінде қалай сақтану керек?» деген сұрақ мазалайтыны сөзсіз. Бұл сауалға дәрігер арнайы дайындықтың қажеті жоқ екенін айтты. Өйткені құрсақтағы баланың аутист екенін ешкім анықтай алмайды. Ал ешқандай вакцина өмірге аутист баланы әкелуден сақтандырмайды. Сондықтан әр жүктілікке әйел жоспарлы түрде дайындалып, дұрыс тамақтанып, дәрумендерді молынан қолданып, көшеде көп серуендеп, психологиялық күйзелістерден аулақ болуы керек. Десе де, осы ережені қатаң сақтаған жұпта аутист бала тумайды деп ешкім айта алмайды.

— Қазіргі уақытта аутизмнен құлан-таза айықтыратын, емдейтін нақты емі жоқ. Бірақ уақытында дұрыс терапия жүргізудің маңызы зор. Кішкентай балаға өз-өзін қоршаған ортаға бейімделуіне көмектесу керек. Баланың өздігінен тамақтануы, киім кие алуы, дәретханаға баруы сынды күнделікті дағдыларды қалыптастыру қажет. Айналадағы адамдармен қарым-қатынас орнатуға көмек көрсету керек. Тілін шығару үшін логопед мамандардың көмегіне жүгіну де маңызды. Ал егер балада агрессивті әрекеттер, біреуді ұру, өз-өзін тістеп, басын соғу сынды әрекеттерге барып, ата-анасына бағынбаса дәрі-дәрмек қолданылады, — дейді дәрігер.

Ауыртпалық ата-анаға түседі

Мақпал Тоқаева аутизмге шалдыққан балаларға бейімді дене шынықтыру, емдік дене шынықтыру, ойын терапиясы сынды тәсілдерді қолданудың септігі көп екенін айтады. Сонымен қатар, бассейнге жиі шомылдыру да өз нәтижесін береді. Мұндай терапиялар балалардың өзге адамдармен қарым-қатынас жасай алуына көмектеседі.

— Аутист балалармен 5 жыл көлемінде жұмыс істеймін. Осы сала мамандары жұмысқа психологиялық және моральдық тұрғыдан дайын болып келеді. Аутизмді емдеу тек невропатологтардың, психолог-тардың, логопедтердің көмегін ғана қажет етпейді. Отбасы мүшелері күнделікті өмірде баламен дұрыс қарым-қатынасты құрып, қажетті дағдыларға икемдесе оңалту ісінде нәтиже болады. Балалар өз үйінде ең жақын адамдарымен бірлескен үй жұмыстары мен іс-әрекеттер арқылы сыртқы ортамен қарым-қатынас жасауға ұмтылады.

Шыны керек, күн сайын аутист балалармен жұмыс істейтіндіктен ата-аналарға оңай еместігін жақсы түсінемін. Бірақ олар берілмеуі тиіс. Перзенті үшін қиындыққа төзіп, шыдамдылық танытып, мамандардың кеңесін орындаған отбасылар балаларының бойынан оң нәтиже көретіні сөзсіз. Мысалы, баланы тіс жууға бір мезгілде қайталап үйрете беру, тілін шығару үшін жан-жануарлар, өсімдіктер сынды түрлі түсті картиналар жинағын қолдану, шаршаған кезде демалдыруы керек. Бірақ бұл дағдыларды меңгере алмаған балаға ешқашан дауыс көтеріп, күш қолданбау қажет. Өйткені қорқып қалған бала білгенін ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан осы мәселеге мән берген абзал. Баламен жұмсақ сөйлесу арқылы ғана қалыпты өмірге бейімдеу керек, — дейді Мақпал Тоқаева.

Павлодар қаласында аутизмге шалдыққан балаларды емдеумен айналысатын екі орталық бар. Оның бірі Луначарский көшесінде орналасқан «Асыл Мирас» орталығы, екіншісі Жамбыл көшесі, 6–үй мекенжайында орналасқан облыстық оңалту орталығы.

                              Түйін:

Мақпал Асылханқызы аутизммен өмір сүруге болатынын айтады. Тек ата-аналар баласын толық қабылдап, оларды қоршаған ортаға бейімдеуде көп еңбектеніп, перзентіне барлық жағдайды жасай алуы тиіс. Күнделікті дағдыларға тез үйренген бала тамағын ішіп, дәретке отырып, киімін кие алады. Адамдармен қарым-қатынас жасайды. Аутизм мәселесінде бұл жетістік ата-ананың үлкен жеңісі саналады. Себебі мұндай дағдылар оңайлықпен қалыптаспайды. Ауыртпалықты еңсере алған ата-ана баласын аутизмнен құтқарады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.