Облыста балалар арасындағы пневмония өршіп тұр. Биыл өкпе дертімен ауырып қалған жасөспірімдердің саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Өкінішке қарай, дәрігерлер індеттің көбею себебін түсіндіре алмай отыр.
Облыс орталығындағы жұқпалы аурулар стационарына күн сайын кем дегенде 15-20 бала пневмониямен түседі. Ағымдағы жылғы 9 айдың ішінде аталған диагнозбен 1500-ден астам бала ауырған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 650-ді құрады.
— Пневмонияға шалдыққан бала күн сайын тіркеледі. Жаз айынан бері індет көрсеткіші төмендеген емес. Бұған дейін жаз мезгілінде бұл дерт тіркелмейтін. Бірақ биыл жасөспірімдер арасындағы пневмония өршіп тұр. Көп жағдайда сырқаты орташа дәрежедегі балалар түседі. Ауруы асқынып түскен балалар да көп болды, — дейді облыстық балалар ауруханасы жұқпалы аурулар стационары қабылдау бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Қанағат Шақаев.
Дәрігерлер қазіргі уақытта ауруханада орын жеткілікті екенін айтады. Індеттен сақтану үшін адам көп жиналатын орындарға бармау қажет. Бұл әрекет балаларды вирусты жұқтыру қаупінен қорғайды.
Дәрігерлер бала бойында суық тию белгілері пайда болған кезде бірден учаскелік дәрігерге қарану керектігін айтады. Маман бала денсаулығын тексеріп, қажетті ем тағайындайды. Уақытылы қаралған баланың ағзасында індет асқынбайды. Ал жасөспірімді өз қалауымен үй жағдайында емдеген ата-аналар бұл әрекеттерімен ауруды асқындырып алады. Салдарынан дұрыс жүргізілмеген ем пневмонияға ұласады.
— Тұмау — кенеттен пайда болатын індет. Тұмау кезінде дене қызуы әп-сәтте көтеріледі. Адам бар болғаны 3-4 сағат ішінде ауырып қалуы мүмкін. Ал ЖРВИ кезінде бұл симптомдар біртіндеп пайда болады. Ересектерде суық тию белгілері 2-3-ші күндері басталады. Екі індет кезінде жоғары тыныс жолдары зақымдалады. Ал пневмония дертіне келетін болсақ, бұл – пневмококк вирусын тудыратын жұқпалы ауру. Пневмококк синусит, бронхит, эндокардит, артрит, сепсис және басқа да қауіпті ауруларды тудыруы мүмкін. Ауру жұқтырған сәттен бастап аурудың дамуы 3 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауа арқылы тарайтын бұл инфекция иммунитеті әлсіз балаларға тез жұғып, баланың өкпесінде сырыл, артынша демікпе пайда болады. Тұмау немесе ЖРВИ кезінде індетке қарсы ем дұрыс жүргізілмесе, ауру асқынып, пневмонияға ұласуы мүмкін, — дейді облыстық балалар ауруханасының инфекциялық стационарының инфекционист дәрігері Аспандияр Қабышев.
Пневмония бактериялы және вирустық деп аталатын екі топқа бөлінеді. Бактериялы пневмония балаларда дене қызуы, ентігу және жөтел сияқты симптомдармен пайда болады. Тіпті, балалар тамақтан бас тартып, ауырып тұрғаны жүзінен білініп тұрады. Ал бактериалды пневмония ауыр өтеді. Алғашқы белгілері — бірнеше күн баланың қызуы көтеріліп, жөтеледі, қақырығы сары, жасыл түсті болады. Қақырықтың түсуінің өзінен бактерия қосылған деп айтуға болады және бала әлсізденеді, тәбеті төмендейді. Балалардың басы ауырып, сүйектер қақсауы мүмкін. Көп жағдайда бактериалды пневмония антибиотиктің көмегімен емделеді.
Шыны керек, қазіргі ата-аналардың дені балалардың маусымдық аурулармен ұзақ ауыратынын айтады. Тағайындалған емнің өзі 2-3 аптаға дейін созылады. Ал жөтел ең аз дегенде 2 айға дейін сақталатынын жасырмайды. Сондықтан жұртшылық қазіргі вирус бұрынғы коронавирус кезінде мутацияға ұшырағандықтан, адам ағзасында ауыр әрі ұзақ өтетінін алға тартады. Осы сұрақты инфекционистерден сұрап көрген болатынбыз. Дәрігер бұл пікірді жоққа шығарды. Ұзақ әрі қатты ауырмау үшін уақытылы дәрігерге қаралып, қажетті емді қабылдау керектігін алға тартты. Бұрынғы індет пен қазіргі індеттің еш айырмашылығы жоқ. Ал ауыратын балалардың санының көптігіне ата-аналардың салғырттығы себеп. Уақытылы тағайындалған ем ғана баланы асқынған ауру түрінен қорғайды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.