Павлодар облысы адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) бойынша республикада бірнеше жыл көлемінде үшінші орында тұр. Өкінішке қарай, індетті жұқтырған науқастардың саны азаймай келеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы басшысының орынбасары Бақыт Жанахметова мәлім етті. Оның айтуынша, аймақта  аталмыш вирусқа 2723 адам шалдыққан. Жыл сайын қауіпті індетпен 200-250 адам ауырады. Індет көп жағдайда есірткіні қан тамырлары арқылы қолданушылар арасында және жыныстық жолмен таралады.

— Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 182 адамнан АИТВ анықталды. Адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Вирус қанша көп болса, адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды. Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді. Бұл — АИТВ індетінің соңғы сатысы. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды, — дейді Б.Жанахметова.

Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған науқастардың жасын ұзартуға мүмкіндік бар.  Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы ЖИТС-ке айналмайды.

Өкінішітісі, облыста жүктілік кезінде вирус жұқтыратын әйелдер де бар. Жыл басынан бері облыста 20 жүкті әйел есепке алынған. Оның 18-і босанған. Сәбилердің бәрінің дені сау болып шыққан. Десе де, облыста 20 жасөспірім АИТВ індеті бойынша есепте тұр.

— Әйел жүктілігі кезінде АИТВ-ке шалдықса, толығымен дәрігердің бақылауында болады. Ретровирусқа қарсы препараттарды қабылдайды. Сәбиді өмірге әкелгеннен кейін кеуде сүтін беруге рұқсат етілмейді. Нәресте жасанды сүтпен қоректенеді. Сонымен қатар, бала 18 ай көлемінде учаскелік дәрігердің бақылауында болады, — дейді Б.Жанахметова.

Бақыт Қаткенқызы диспансерлік есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алатынын айтады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Атап өтерлігі, облыста 20 қараша – 1 желтоқсан аралығында ЖИТС-ке қарсы «Ашық есік» күні өткізіледі. Осы уақыт ішінде БАҚ арқылы тұрғындарға ақпарат таратылып, ЖИТС-тен сақтану үшін қажетті мәліметтер беріледі.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.