Қайтыс болған адамның ағзалары өзге жанды ажалдан арашалап, өмір сыйлауы мүмкін. Бұл – қазіргі медицинада дәлелденген ғылыми жетістік. Бір мәйіттік донор 5 адамның ғұмырын ұзартады екен.
Адам ағзасындағы бүйрек, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бауыр және көздің қасаң қабығын өзге адамға ауыстырып салуға болады. Елімізде көрер жарығы қалмаған адамның өмірден өткеннен кейін туыстарының рұқсатымен пайдалануға жарамды ағзасын алып, басқа адамға салу заң бойынша рұқсат етілген. Өкініштісі, мұндай «мәрттік» қадамға бәрі бірдей келісе бермейді. Тіпті, тірі кезінде донор болуға қағаз жүзінде рұқсат берген адамдардың өздері де бұл шешімдерінен айнып қалады екен.
Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлес-тіруші Дмитрий Потеребух 2015 жылдан бастап аймағымызда 16 донор өзгеге өз ағзасын бергенін айтады. Нәтижесінде олар 80 адамның өмірін сақтап қалған. Елімізде 4 мыңнан астам адам өзгенің ағзасына мұқтаж. Ал Павлодар облысында 205 ересек пен 2 бала басқа адамның бүйрегіне зәру. 8 адамға бауыр ауыстыру қажет болса, екі адамға сау жүрек керек. Тағы бір адам өзгенің өкпесіне мұқтаж. Осылайша, өңірде 216 адам донор күтуде.
— Облыс бойынша донор болуға өз еркімен келісім берген 6229 адам бұл ойынан бас тартты. Қазіргі уақытта 303 адам донор болуға рұқсатын беріп отыр. Өкініштісі, донорлыққа мұқтаж адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Еліміз бойынша тек бүйрек кезегінде тұрғандардың саны – 3700 адам. Оның ішінде 10 бала бар. 2024 жылы донорлыққа келіскен 13 адамның тек үшеуінің ағзасы ауыстыруға жарамды деп табылды. Өзгелерінде инфекция анықталды. Донор болу үшін адамда созылмалы және жұқпалы аурулар болмауы тиіс, — дейді Д.Потеребух.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда донорлық белсенділік 20 миллион халыққа шаққанда 0,2 пайызды ғана құрайды. Ал 89 миллион халқы бар Иран елінде бұл көрсеткіш 20 пайызға жетіп отыр. 2020-2024 жылдар аралығында Қазақстанда 1005 ағза ауыстырылған. Оның ішінде 754 бүйрек, 223 бауыр,
18 жүрек, 8 өкпе өзге адамдарға салынды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.