Face ID жүйесі енгізілуде

Нау 27, 2025

Қазақстандықтар елдегі емдеу мекемелеріне цифрлық сәйкестендіру арқылы ғана кіреді. Яғни, дәрігерлер әр науқасты Face ID жүйесі бойынша қабылдайды. Сол арқылы медициналық ұйымдардың МӘМС есебіне жалған ақпарат беруіне тұсау салынбақ. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда да оң шешімін табуда.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының мәлімдеуінше, соңғы уақытта кейбір ақ желеңділер түрлі құйтырқы әрекетке баруда. Бұл жағдай тұрғындардың өкпе-ренішін тудырған көрінеді.

— Бізге МӘМС есебінен емделетін азаматтардан көп шағым түсті. Олар медицина ұйымдарынан өздері пайдаланбаған қызмет көрсетілгені туралы хабарлама келгенін айтады. Мысалы, 2023 жылы 818 млн теңгеге 46 мың жалған қызмет көрсету фактісі тіркелген. Бұл тек белсенді азаматтардың шағымына негізделген статистика екенін ескерсек, жалған қызметтердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, — дейді Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті басшысының орынбасары Айдар Қасенов.

Өкінішке қарай, өткен жылы да қазақстандық дәрігерлердің науқастарға 43 328 рет жалған қызмет көрсеткені жайлы ақпарат анықталған. Бұл жағдай депутаттардың қатаң сынына ұшыраған болатын. Мұндай оқиғалардың орын алуына жол бермеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық сәйкестендірудің екі түрлі механизмін қолдануды ұсынуда.

— Цифрлық сәйкестендіру екі түрлі әдіспен жүргізіледі. Біріншісі «Цифрлық құжат» электрондық үкіметтің» сервисінен ұсынылатын 6 сандық код бойынша және Face ID технологиясын пайдалана отырып пациентті сәйкестендіру. Бұл механизмдер іске қосылса, құжаттарыңызды өзіңізбен алып жүрудің қажеті болмайды. Сондай-ақ, жеке басыңызды куәландыратын құжат арқылы сәйкестендіруден өтуге құқығыңыз бар. Жүйенің тексерісі 100 пайыз сенімді деп айта аламыз, — делінген Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратта.

Сонымен, дәрігерге қаралу үшін «Цифрлық құжат» сервисінің қызметін қалай пайдалануға болады? Түсіндіре кетер болсақ:

1-қадам: Egov mobile, немесе өзге де цифрлық құжатыңыз сақталған қосымшаны ашасыз.

2-қадам: «Цифрлық құжаттар» бөлімін таңдап, «Рұқсат беруді ашу» батырмасын басасыз.

3-қадам. Дәрігерге 6 таңбалы кодты айтасыз.

4-қадам. Дәрігер кодты жүйеге енгізіп, қабылдауға келгеніңізді растайды.

Егер смартфоныңыз болмаған жағдайда өзіңіздің жеке басыңызды Face ID технологиясы арқылы куәландыра аласыз. Ол үшін дәрігер веб-камера арқылы бетіңізді суретке түсіреді, жүйе фотосуретті дерекқормен салыс-тырады. Деректер сәйкес келсе, дәрігердің қабылдауында болғаныңыз расталады.

Министрліктің мәліметінше, биыл жыл соңына дейін Қазақстандағы барлық емханаға цифрлық сәйкестендіру қызметін енгізу жоспарлануда. Бірақ бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан қаржы қарастырылмайды. Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті басшысының орынбасары Айдар Қасеновтің айтуынша, Face ID технологиясына қажетті веб-камераларды әрбір медициналық ұйым өз қаржысына сатып алатын болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, бүгінде өңірдегі 55 медициналық мекемеге Face ID технологиясы мен цифрлық кодтарды пайдалану арқылы биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілген. Қазіргі таңда бір мыңнан астам веб-камера сатып алынған екен.

Н.ШОДЫР.