«Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек…»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше мән берді. Президент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізгенін атап өтті. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінгенін, бірақ оның нәтижесі әлі көрінбей жатқанын да айтты. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырғанын да жасырмады. Осы орайда, МӘМС жүйесіндегі кемшіліктерді шешу үшін бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы ұсынған жаңашылдық қалай жүзеге асырылады? Бұл ретте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетовпен тілдескен болатынбыз.

— Жангелді Мырзагелдіұлы Президент биылғы Жолдауында бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажеттігін атап өтті. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс деді. Бұл мәселе туралы не айтасыз?

— Иә, Мемлекет басшысы
МӘМС жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. Шыны керек, қоғамда кез келген жүйе
заман талабына байланысты жетілдіруді талап етеді. Бұл медициналық сақтандыру жүйесіне де қатысты. Қазір біз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ара-сында қызметтерді кезең-кезеңмен қайта бөлуді көздейтін жаңа тәсіл бойынша жұмыс істеудеміз. Бұл медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызды ауруларға арналған онкоскринингтер мен індетті анықтауға бағытталған тексерулерді тегін алуға жол ашылды. Жаңа модель медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арасындағы шығыстардың арақатынасы 30 да 70 пайыз болады. Бұл жағдай қаржыландырудың сақтандыру моделіне көшуге көмектеседі. Осылайша, 2027 жылға дейін әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулармен ауыратын науқастар тегін медицицналық көмекпен 93 пайыз қамтылады.

— Президент Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін еместігін айтты. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керектігін атап өтті. МӘМС-тің қазіргі жүйесі  халыққа неге тиімді болмай отыр?

— Мемлекет басшысы да, ел тұрғындары да МӘМС жүйесінің тиімділігі мен ашықтығына назар аударып, алаяқтық пен медициналық қызметтерді бұрмалау тәуекелдерін азайтуды талап етуде. Тек өткен жылы медициналық сақтандыру қорына жүргізілген тексеру нәтижесінде республикада 43 мың, ал біздің облыста жеткізушілер тарапынан 798 жалған қызмет көрсету фактісі анықталды. Осындай заңсыздықтармен күресу үшін алдағы уақытта медициналық қызметтерді алуды растайтын цифрлық құралдар пайдаланылатын болады. Осы орайда, Face ID немесе сандық құжатты пайдалана отырып, емделушіні сәйкестендіру технологиясын пайдаланатын боламыз. Жаңа жүйе медициналық ұйымға жүгінген науқасқа ем-шара тағайындау кезінде қателесуге жол бермейді. Медициналық қызметтің орындалу барысы толық бақыланатын болады.

Жуырда Астанадағы респуб-ликалық бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханада Face ID жүйесі іске қосылды. Жаңа жүйе толық пысықталып, кемшіліктері жойылғасын республика көлемінде қолданысқа енгізіледі.

— Мемлекет басшысы жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы
болуын қамтамасыз етуі қажеттігін айтты. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылады?

— Бірыңғай мемлекеттік меди-циналық ақпараттық жүйе — отандық денсаулық сақтаудың сапалы жұмысы үшін маңызды фактор. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлеріне бір деректі бірнеше жүйеге  енгізуге тура келеді. Осы жағдай науқастың денсаулығын қарауға берілетін уақытты алады. Қазіргі уақытта Қазақстанда медицина саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Сондықтан шашыраңқы жүйелерді біріктіру қажет. Бүгінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, олардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін «e-Densaulyq» бірыңғай жүйесі іске асырылуда. Оның аясында ақпараттық жүйелердің толық-қанды интеграциясы біртіндеп қолға алынуда. Ақпараттық жүйе-лердегі кез келген жаңалықтар бағалау мен кері байланыс алу үшін әртүрлі пилоттық режимде түрлі байқаудан өтетін болады. Осыдан кейін ғана жоба барлық облыста қабылданады.

— Облыста қанша адам сақтандырылмаған? Олардың МӘМС жүйесіне қосыл-мауына не себеп?

— Аймақта 117 216 адам сақтандырылмаған. Яғни олар екінші пакетке жататын медициналық көмекті тегін алмайды. Оның ішінде 60817 адам жұмыс істейді. 7667 адам басшысымен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасқан. Сонымен қатар, 7 667 жеке кәсіпкер бар. Бірақ жарна аудармайды. Егер жұмыс беруші қызметкер үшін МӘМС) жарналарын төлемесе немесе оны уақытылы жасамаса, қызметкер МӘМС пакетінде медициналық көмектен қағылады. Оның мәртебесі автоматты түрде «сақтандырылмаған» болып өзгереді. Осыны жұмысшылар ескерсе деймін. Мәртебесі анықталмаған адамдармен жұмыс күн сайын жүргізіледі. Сақтандырылмаған адамдардың қатарын азайту үшін жергілікті атқарушы органдар «Д» және «Е» санатына жататын адамдарға төлем жасауы бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған санаттарға әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар жатады. Яғни, өздігінен жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдардың тізімі жасалатын болады. Бүгінде Павлодар, Тереңкөл және Баянауыл аудандары мәртебесі жоқ адамдардың саны бойынша көш бастап тұр.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Айдана ҚУАНЫШЕВА.