Халықтың денсаулығы — елдің дамуы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спортын жандандыруға баса мән беріп отыр. Соңғы жылдары Павлодар облысында инфрақұрылым мәселесіне баса назар аударылып, шалғайдағы ауылдарда да спорт алаңдары бой көтеруде.
Бұл ретте, былтыр облыста қабылданған өңірдің дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасынан күтеріміз көп. Қуантарлығы, негізгі басымдық бұқаралық және балалар спортын жандандыруға беріліп отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. Бірақ шынын айту керек, бұл бағыттағы шаруаларды әлі де жетілдіре түскен абзал.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт мәселесі талқыланған жиындарда бұқаралық және балалар спортын дамыту керектігін жиі айтады. Әсіресе, балаларға үйірмелердің қолжетімді болуына назар аударады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, өңірдің дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында негізгі 6 бағыт қамтылған. Атап айтсақ, бұқаралық спорт және балалар спортын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жаңғырту, мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен айналысуға ыңғайлы жағдай жасау, жоғары спорттық жетістіктерге жетудің тетіктерін жетілдіру және адами капиталды дамыту. Тұжырымдама шеңберінде 37 іс-шара көзделіп, бұған 48 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Сөйтіп, 2025 жылға дейін 200 жаңа спорт нысаны салынып, облыс тұрғындарының 50 пайызы спортпен айналысады деп күтіліп отыр.
– Облыста 3165 спорт нысаны бар. Оның 1852-сі ауылдық жерде орналасқан. Мердігердің шала әрекеті және қаржыландырудың кешіктірілуі салдарынан 5 нысанның құрылысы уақытылы аяқталмады. Атап айтсақ, Шарбақты ауданы Галкин ауылы, Кенжекөл қаласы, Ақсу қаласына қарасты Береке және Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдарда дене шынықтыру және сауықтыру кешені әлі салынып жатыр. Облыс орталығындағы Спорт сити қалашығы аумағындағы жекпе-жек орталығының құрылысы да кестеден кешікті. Алдағы уақытта аталған нысандардың барлығы қолданысқа беріліп, бұқаралық спорттың дамуына сеп болатынына сенім мол. Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Павлодар ауданы Кемеңгер ауылы, Ақтоғай ауданы Қараоба ауылы және Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қолданысқа берілетінін атап өткен жөн. Аталған бағдарлама шеңберінде 2024 жылға дейін тағы дәл сондай 5 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр, – дейді Н.Есембаев.
Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секцияларды жүргізуге мемлекет тарапынан тапсырыс беріліп, жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілген болатын. Биыл облыста аталған бағдарламаның жүзеге асуына 2 млрд 118 миллион теңге қаражат бөлінген. Әзірге он мыңға жуық бала бағдарламаның қызығын көріп отыр. Кезекте тағы соншама бала тұр. Н.Есембаев қосымша қаражат қарастырылып, әр тоқсан сайын жаңа орындар ашылып жатқанын жеткізді.
Еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ораз Мұхаметәлінов нағыз жүйріктер ауылдан шығатынын айтады.
— Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі ауылдық, аудандық жерлерде бұқаралық спорттың дамуына негізгі тежеу болып отыр. Өңірлердегі спорт объектілерінің саны әлі де болса көбейтуді қажет етеді. Спорттық кешендердің барлығы дерлік облыс орталықтарында, қалаларда орын тепкен. Шалғайдағы аудан-ауылдардағы жұртшылық теннис корттары, баскетбол алаңдары мен спорттық аула клубтарынан мүлдем мақұрым. Кейбір қалалардың өзінде стритбол, шағын футбол, пинпонг сияқты бұқаралық спорт ойындары, ары кеткенде мереке күндері ғана өткізіледі. Тұрғындар алдағы уақытта билік басындағылар спортқа сөзбен емес, іспен серпін береді деп үміттеніп отыр, — дейді Ораз Мұхаметәлінов.
Соңғы жылдары облыс орталығындағы саябақтарда, қала көшелерінде бірқатар Street Workout, стритбол алаңдары көптеп салынғанын атап өткен жөн. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар және жасөспірімдер спортын дамытудың кешенді жоспары сәтті жүзеге асатын болса, зор нәтижелерге қол жеткізілетініне сенім мол.
О.АХМАДИЯ.