Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Азия ойындарында ел құрамасы барлығы 80 медальді еншілеп, жалпыкомандалық есепте 11-орынға тұрақтады. Жүлдегерлердің қатарында біздің жерлестеріміз де бар.

Павлодарлық Александра Залюбовская, Рината Султанова және Виктория Бутолина Азиадада жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, Александра Залюбовская жеңіл атлетикадан, Рината Султанова велоспорттан және Виктория Бутолина батуттық гимнастикадан үшінші орын иеленіп, қола жүлдені еншіледі. Еліміз бен аймақтың намысын абыроймен қорғаған спортшыларды облыс әкімі Асайын Байханов қабылдап, жетістікпен құттықтады.

— Облыстың 19 спортшысы спорттың 10 түрінен ел құрамасына кіріп, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX Азия ойындарына қатысқаны қуантады. Аянбай төккен тердің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Бұған елеулі үлес қосқан жаттықтырушыларға алғыс айтамын. Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында да лайықты өнер көрсететінімізге сенімдімін, — деп атап өтті аймақ басшысы. Асайын Байханов спорт-шыларға жаңа табыстар тілеп, әрқайсысына 1 млн теңгелік ақшалай сертификат табыстады. Сондай-ақ, жетістікке жетелеген жаттықтырушыларға 500 мың теңгеден берілді. Өз кезегінде спортшылар облыс басшылығына жылы лебізі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді. Айта кетейік, бүгінде өңірде кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорт дамуда. Бюджеттен бұл салаға бөлінетін сома үш жылда екі есе өсіп, 19,3 млрд теңгені құрады. Биыл 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және әртүрлі форматтағы 300-ден астам жаңа спорт алаңы салынуда.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.