Қараша айының 14-15 күндері аралығында Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесіне арналған тоғызқұмалақтан ХVI республикалық турнир өтеді. Бұйыртса, дәл бір аптадан кейін дәстүрлі турниріміздің жалауы көтерілетін болады. Қазірде тартысты бәсекеге қатысуға өтініш білдірушілер көп.

 

Осымен 16-мәрте өткізілетін республикалық тоғызқұмалақ турнирі ұлдар мен қыздар арасында жас ерекшеліктеріне сәйкес 5 топ бойынша өтеді.  Спортшылар биыл ережеге сәйкес, 8 жасқа дейінгі, 10 жасқа дейінгі, 13 жасқа дейінгі, 15 жасқа дейінгі, 16 жас және одан жоғары (ересектер) санатта қатысады.

Бұл – жеткіншектердің аталмыш спорт түрінен шеберлігін жетілдіруге, олардың бабын байқауға, әр аймақтан келетін бәсекелестермен күш сынасуға таптырмайтын алаң. Сол себепті жыл сайын бұл турнирді асыға күтетіндер көп.

«Saryarqa samaly» газетінің жүлдесіне арналған республикалық турнир республикалық және облыстық тоғызқұмалақ федерациялары мен Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы Дипломдар мен Алғысхаттар, медальдар мен жүлделер табыс етіледі.

Жарыстың бас төрешісі, №3 балалар мен жаөспірімдердің спорт мектебінің басшысы, халықаралық дәрежедегі төрешіс Шәріп Қазымұлы Қашкеновтің айтуынша, қазірде тоғызқұмалақтан өтетін газеттің жүлдесіне арналған турнирге қатысу туралы Астана қаласы, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау, Абай облыстарынан өтініштер келіп түсуде. Сайысқа қатысуға тіркелу ісі, ережеге сәйкес, жарыс басталғанға дейін, яғни 13 қарашаға дейін қабылданады. Төрешілер алқасы да белгіленген мерзімде жасақталады.

Биылғы  жылы да доданың қызу өтетініне сенім мол. Ұлттық спорт шарасы Павлодар қаласындағы «Шахмат үйінің» ғимаратында өтеді.

 

Өз тілшіміз.