Қытайдың Ханчжоу қаласында 45 елдің спортшылары сайысқа түсетін Азия ойындары өтіп жатыр. Кеше біздің ел қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасы чемпион атанды.

Скит бойынша топтық сайыста Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина топ жарып қана қоймай, Азия ойындарында рекорд орнатты. Олар барлығы 350 балл жинап, чемпионат тарихындағы рекордты жаңартты. Біздің спортшылар Қытай (348 ұпай) және Таиланд (342 ұпай) командаларынан алға шықты.

— Қыздарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын! Алтын медальдан басқа, біздің спортшылар да жаңадан жарыс рекордын орнатты, бұл жеңісті одан да әсерлі етеді. Естеріңізге сала кетейін, Алматы облысында стенд атудан Әлем Кубогында біздің құрама бірінші жалпыкомандалық орынға ие болған. Бүгін бүкіл Азия бұл табыстың кездейсоқ емес екенін түсінді, — деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев. Сонымен қатар, кеше Әсем Орынбай – Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Стенд атудың скит бағдарламасында отандасымыз 45 мәрте нысананы дәл көздеді. Тағы бір Ұлттық құрама мергені Ольга Панарина ақтық сында 4-орын алды. Айта кетейік, біздің қоржынға алғашқы жүлдені дзюдошы Әбиба Әбужақынова салды. Ол дзюдан 48 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасының өкілдері үш қола медальмен марапатталды. Олардың қатарында Никита Чирюкин (нысана көздеу) және дзюдошылар Эсмигуль Куюлова (63 келіге дейін) мен Абылайхан Жұбаназармен (81 келіге дейін) бар. 26 қыркүйекте қанжығамыз тағы төрт медальмен майланды. Оқ атуда ерлер құрамасы екінші орын алса, аралас топ қола жүлдені місе тұтты. Сондай-ақ, 100 келі салмаққа дейін сынға түскен дзюдошы Нұрлыхан Шархан мен семсерлесуден Эльмир Әлімжанов да үшінші орын алды. Ал кеше Әділбек Мусин 100 метрге  жүзуден, Аян Тұрсын ушудан қола жүлде еншіледі. Жалпы, қазақстандық 525 спортшы қатысып, спорттың 30 түрі бойынша бақ сынайды. Оның тоғызында келесі жылы Париж қаласында өтетін лицензиялар сарапқа салынады. Жалпы, Азия ойындарында барлығы 481 медаль үшін талас болады. Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ Жазғы Азия ойындары былтыр ұйымдастырылуы керек еді. Бірақ коронавирустық пандемияға байланысты Азия Олимпиада кеңесі бәсекені 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазан аралығына шегерді.

 

Өз тілшіміз.