Жергілікті футболсүйер қауым көптен күткен сәт туды. Еліміздің бес дүркін чемпионы — «Ертіс» командасы қайта жаңғырды. Сөйтіп, араға төрт жыл салып Орталық стадионға оралды. Екінші лигадан басталған «жорықтың» алғашқы ойынында қостанайлық «Тобыл» жастар командасы қарсылас болды. «Ә» дегеннен-ақ жергілікті ойыншылар айқын басымдыққа ие болып, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
2020 жылы «Ертіс» футбол клубы қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатып, Премьер-Лига ойындарынан шығып қалған еді. Сол уақыт аралығында жанкүйерлердің көкейінде кезінде дүркіреп тұрған чемпиондық клуб бір күні алаңға қайта оралар деген үміт болды. Сол үміт биыл ақталды. Жыл басында аймақ басшылығының тікелей араласуымен 60 жылға жуық тарихы бар клуб қайта жанданды. Ойыншылар алдындағы берешектің көлемін азайтып, оны өтеудің мүмкіндігі пайда болған соң ойынды жаңғыртуға жағдай жасалды. Сөйтіп, бір кездері елдің басты чемпионатында атой салған клуб бұл жолы Екінші лигаға қосылды.
Өткен сенбі күні Орталық стадионда жаңадан жасалған команданың тұсаукесері өтті. Ойыншыларды жас та болса тәжірибелі, белгілі бапкер Сергей Якушин жаттықтырады. Ерекше атап өтерлігі, бұл жолғы «Ертістің» құрамы толығымен павлодарлық футбол мектебінің тәрбиеленушілерінен құралды. Капитан ретінде Тимур Байжанов таныстырылды.
— «Ертістің» қайта оралуына бек қуаныштымыз. Мұндай мүмкіндікті жасаған облыс және клуб басшылығына айтар алғысымыз зор. Біздің команда ойыншыларының барлығы – павлодарлық жігіттер. Мұның өзі өскелең ұрпақты жігерлендіріп, ынталандыратыны анық. Ал олар бізге, алдыңғы буынға, қарап иық тірестіру үшін осы маусымда жақсы ойын өрнегін көрсете білуіміз керек. Басты мақсат – көш басына шығып, Бірінші лигаға өту, — дейді капитан.
Команданың тұсаукесер рәсіміне жиналған қауымның қарасы қалың болды. Жан-күйерлердің барлығы Орталық стадиондағы ойындарды сағынғаны анық білінді. Өз кезегінде футболшылар мен жаттықтырушылар тобы да мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты.
«Ертістің» чемпионаттағы алғашқы кездесуін тамашалауға да көп адам жиналды. Ауа райының қолайсыздығына, толассыз жауынға қарамастан жанкүйерлер жігіттерді жігерлендіріп, зор демеу көрсетті. Облыс әкімі Асайын Байханов та арнайы келіп, қолдау көрсетті.
Алғашқы минуттардан-ақ павлодарлық футболшылар жеңіске деген жігерін көрсетті. Қостанайлық жас ойыншыларды өз қақпасына қарай тықсыртып, шабуылды үдетті. Бұл өз нәтижесін берді. Бірінші таймда-ақ тәжірибелі ойыншы Руслан Есімов қарсылас қақпасынан саңылау тауып, екі доп салды. Артем Попов та дубль жасады. Сөйтіп, командалар үзіліске 4:0 есебімен тарқасты.
Екінші таймда қостанайлық ойыншылар есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, біздің қорғаушылар бұған жол бермеді. Ал шабуылшылар есепті одан әрі еселеуге тырысты. Ұрымтал сәтті тиімді пайдаланған Артем Попов үшінші допты да қақпаға дөп салып, хет-трик жасады! Жас футболшы Айхан Ержанов та көзге түсіп, есепті 6:0-ге жеткізді. Осылайша, ойыншылар да, жанкүйерлер де көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
— Ойындарыңызды көріп, қуанып жатырмыз. Дайындықтың мығым болғаны да байқалып тұр. Бұл үлкен жолға жасалған алғашқы қадамдар деп білеміз. Алдағы мақсат-міндет зор. Оған жету жолында күш-жігер тілеймін. «Ертіс», алға! – деді футболшылармен кездескен аймақ басшысы.
Матчты қорытындылаған бас бапкер Сергей Якушин «Ертістің» футбол тарихындағы жаңа парағы ашылғанын атап өтті.
— Біздің басты жеңісіміз – бүгінгі алаңдағы ойыннан бұрын жалпы чемпионатқа оралуы-мыз. Оған дейін облыс пен клуб басшылығы тарапынан көп іс атқарылды. Командаға зор мүмкіндік берілді. Ойынға келер болсақ, алаңдағы алғашқы 15-20 минутта ойыншылардың бойынан толқыныс байқалды. Есеп ашатын оңтайлы сәттер болғанымен, соңына дейін жеткізе алмай жаттық. Бірақ кейін футболшылар өзін жинақтап, жаттығу кезінде жиғанын алаңда көрсете білді. Салынған голдардың барлығы – күнделікті дайындықтың жемісі. Бұл – чемпиондық жолдың бастауы ғана. Көш басына нық сеніммен шығу үшін әр ойыннан үш ұпай жинауымыз тиіс. Осы жолда еңбек ететін боламыз, — деп түйіндеді бас бапкер.
«Ертіс» командасы келесі ойынды да сырт алаңда өткізеді. 17 сәуір күні Астанада «SD Family» ойыншыларымен шеберлік байқасады. Ал 1 мамыр күні өз алаңымызда «Жетісу Жастар» командасын қабылдайды.
Құндыз ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген – Ольга Бугаева.