Биыл Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын желбіретеді. Алты құрлық көз тіккен аламан барысында ұлттық және этникалық спорттың 21 түрінен жарыс өтеді. Оған әлемнің 100-ге жуық елінен 2 мыңдай спортшы жиналады деген дерек бар. Атап айтсақ, ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, асық ойындары, жекпе-жек жарыстары, дәстүрлі садақ ату сайысы, құс салудың ұлттық түрлері бойынша бақ сынап, әрбір спортшы өз елдерінің намысы үшін күресетін болады. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Павлодар облысының спортшылары да бақ сынап, ел намысын қорғайды. Ендеше жерлестеріміздің Дүниежүзілік ойынға дайындығы қалай? «Алтын сақа» асық федерациясының президенті Қалибек Қуанұлымен әңгімелестік.
— Қалибек Қуанұлы, дүниежүзі көз тігіп, көңіл аударған көшпенділер ойынына асық атушы мергендер де барады екен. Біздің өңірден асық бойынша ұлттық құрамаға қанша спортшы ілінді?
— Дүниежүзілік көшпенділер ойынының асық ату түрлеріне біздің облыстан екі спортшы барады. Олар – Жомарт Нұрланов пен Қизат Саятұлы. Екі спортшының біреуі қырғыздың «Орда» ойыны бойынша, біреуі қазақтың ұлттық асық ату сайысы бойынша бақ сынайды. Сонымен қатар, осы көшпенділер ойыны кезінде әлем чемпионаты да байрағын көтермек. Оған біздің облыстан Қуаныш Қабылда есімді мергеніміз барады деген жоспар бар. Спортшылар қазір қызу дайындық үстінде. Жақында ғана Көкшетауда республикалық оқу-жаттығу жиынына барып қайтты. Әрине, ұлттық құраманы биылғы көшпенділер ойынының жеңіс тұғырынан көреміз деп үміттеніп отырмыз.
— Көшпенділер ойынында асық ату спортының қандай түрлері бойынша жарыстар өтеді?
— Асық спортының қалыптасқан ережесі бар. Яғни, ерлер арасында «Бес табан» болса, қыздар арасында «Бес асық» деп аталады. Көшпенділер ойынының мергендері асықтың осы екі түрі бойынша шеберлік байқасады. Әлем чемпионаттары да осы форматта өткізіліп жүр. Сонымен қатар, спортшылар қырғыз ағайындардың «Орда» ойынына да қатысып, ел байрағын құлатпауға барын салады. Қазақстанның ұлттық құрама мүшелері және павлодарлық спортшылар осы екі жарыс түрінен де бақ сынайды.
Жалпы, көшпенділер ойыны Қазақ даласында алғаш өткелі отыр. Сондықтан біздің ұлттық құрама командаларына жүктелген жауапкершілік зор, оларға осалдық танытуға болмайды. Бұл ойында біз алдымен төрткіл дүниеден келген қонақтарға спорттық қуатымызды көрсетсек, екіншіден, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді паш етуіміз керек.
— Ойынға қатысатын команда-лардың құрамы қалай жасақталады? Ойынның ережесі туралы ақпарат беріп өтсеңіз…
— Команда құрамында 8 ойыншы болады. Оның төртеуі — ер, төртеуі әйел адам болуы шарт. Сондай-ақ, 2 бапкер, 1 команда жетекшісі, 1 төреші болады. Жарыстарға 18 жастағы және одан асқан спортшылар ғана жіберіледі. Әр команданың бірыңғай спорттық формасы болуы керек. Жарыс- тар Қазақстан Республикасының «Асық ату» федерациясының ережесіне сәйкес өткізіледі. Ойын өте күрделі болады. Ереже бойынша, шеңбердің ортасында ұзындығы 115 см болатын сызық сызылып, оған 15 асық тізіліп қойылады. Содан кейін сақаны 6 метр қашықтықтан лақтырады.
8 асықты бірінші болып шеңберден шығарған ойыншы кездесудің жеңімпазы атанады. Командалық ойында топ құрамында
3 негізгі ойыншы, 1 қосалқы ойыншы болады. Қызмет көрсететін төрешілер командалардың ату кезегін бір адам асық иіру арқылы анықтайды. Кімнің асығы алшысынан түссе, соның тобы бірінші бастайды. Егер ойыншы асықты шеңберден бірінші талпыныста шығарса, онда ол қысқартылған қашық-тықтан атуға мүмкіндік алады. Егер екінші талпыныста асық шеңберден шықпай қалса, ол бастапқы орнына қайтады. Кездесу ұзақтығы – 15 минут. Ойын 3 кездесуден тұрады. 2 кездесуді қатар жеңген ойыншылар жеңімпаз болып танылады.
Әйелдер командасы «Бес асық» түрінен сайысқа түседі, мұнда да ерлер командасы секілді 3 негізгі ойыншы, 1 қосалқы ойыншы алаңға шығады. «Бес асықтың» ережесі де оңай емес. Бұл – бір қолмен ойналатын ойын. Қатысушы жердегі асықтарды жинағанда, басқа асықтарға қолын тигізбеуі керек. Ереже бұзылса, кезекті келесі командаға береді. Ойыншы ойынды тоқтаған жерінен жалғастыра алады. «Бес асық» ойыны 12 кезеңнен тұрады. Олар: «Бірлік», «Екілік», «Үштік» «Төрттік», «Жалақ», «Алақан», «Төртбұрыш», «Асық алмастыру», «Үндемес», «Сарт-сұрт», «Отау», «Қаршу» деп аталады. Барлық 12 жаттығуды орындап болғаннан кейін ойыншыға берілген ұпай санын анықтайтын жаттығу орындалады.
— «Алтын сақа» асық федерация-сының алдында тағы қандай жоспарлар бар?
— Көшпенділер ойыны мен әлем чемпионатынан кейін федерация спортшыларын Түркияның Анталия қаласында тағы бір ірі жарыс күтіп тұр. Онда спортшылар әлем кубогын сарапқа салады. Сонымен қатар, елімізде Қазақстанның ересектер чемпионаты мен жастар чемпионаты өтеді. Міне, осы жарыстарға да дайындық жүргізіп жатырмыз.
— Федерация құрамында қанша бапкер бар? Облыс бойынша қанша бала дайындалуда?
— Федерация құрамында 20-дан астам қызметкер бар. Облыста 10 жаттықтырушы жүйелі түрде бапкерлікпен айналысады. Ал мекемелер мен мектеп ішінде жұмыс істеп жатқан жаттықтырушылар саны 100-ден асады. Қазіргі таңда жалпы 1300-ден астам бала осы асық спортымен айналысып жүр. Олардың 200-ге жуығы – облыс құрамасында. Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 13 спортшы өнер көрсетіп, облыс пен ел намысын қорғап жүр.
— Спортшылардың ауыз толтырып айтар қандай жетістіктері бар?
— Біз аз уақыт ішінде көп жарысқа қатысып, үлкен белестерді бағындырып үлгердік. Атап айтар болсақ, өткен жылдан бері Түркияда өткен Еуразия Кубогынан 3-орын алдық. Онда Қизат Саятұлы, Алмас Жармағамбетов, Сүлеймен Мерей сынды жігіттер өнер көрсетті. Румынияда өткен Әлем кубогының жекелей және командалық сайыстарында мен — Қизат Саятұлы, Қайраш Аханов, Қуаныш Қабылда сынды ойыншыларды бастап бардым. Нәтижесінде маған бірінші орын бұйырса, басқа жігіттер екінші орынмен оралды. Одан бөлек, ойыншыларымыз ел ішінде өткен ірі жарыстардың барлығына қатысып, жүлделі оралып жүр. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Әлі де үлкен белестерді бағындырып, ұлттық асық спортының әлемдік деңгейде дамуына өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет! Көшпенділер ойынынан абыроймен оралу-ларыңызға тілектеспіз!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді Сахаба.