Жергілікті «Ақсу» ел чемпионатының кезекті турында өз алаңында «Атырауды» 4:1 есебімен ұтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бұған дейін бір гол салуға зар болып, жеңілістен көз ашпаған жерлестеріміз жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады.

Турнир кестесінің соңғы орнына жайғасқан ақсулықтар үшін әр турда ұпай алу маңызды. Бір жақсысы, «Ақсудың» алдында тұрған 3 команда оқ бойы ұзап кеткен жоқ. Ұпайдан шашау шығармаса, соңғы орыннан алға жылжуға мүмкіндік бар. Кездесуге дейін «Атырау-мен» тең түссе де, қанағат деп отыр едік. Себебі, қонақ команда – турнир кестесінде үздік алтылықтың қатарында. Мықты деген командалардан ұпай тартып алатын қауқары бар. Десе де, ойын көпшілік ойлағандай өрбімеді. Ақсулықтар кездесу бастала сала қарсылас команданың қақпасына лап қойды. Клуб сапына жаңадан қосылған легионерлер өзін еркін сезініп, бір-бірімен әдемі пас алмаса білді. Мұндай комбинациялық ойын өз нәтижесін берді де. Майлсон Лима кездесудің 16-минутында есеп ашып, ақсулықтарды алға шығарды. Атыраулықтар сасқан жоқ. Соңғы кездесулерде талантымен танылып жүрген Евгений Козлов 38-минутта есепті теңестірді. Екінші таймда «Ақсу» таң қалдырды. Қатарынан 3 доп соғып, маңызды жеңіске қол жеткізді. Кездесудің 57-минутында Майлсон дубль авторы атанса, 69-минутта Брайан Сильва мергендігімен көзге түсті. Ал 77-минутта Андрей Соловей есепті еселеді. Бұл турдан кейін «Ақсу» турнир кестесінде 15 ұпаймен бір саты алға жылжыды. Негізі екі саты жоғары көтеріліп тұрған. «Мақтаарал» сырт алаңда «Жетісуды» 0:1 есебімен жеңіп, «Ақсудың» алдына шықты. «Ақсу» келесі турда сырт алаңда «Қызылжарға» қарсы ойнайды. Кездесу 26 тамызға жоспарланған.

 

Оралхан АХМАДИЯ.