Облыс орталығында Павлодар қаласының күніне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, «Құлагер» атшабарында өткен бәйгенің түр-түрі, ұлттық спорт сайыстары жиналған қалың көпші-ліктің делебесін қоздырып, спортсүйер қауымның патша көңілін шат қалды.
Хас жүйріктердің додасын көппен бірге тамашалауға облыс әкімі Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков арнайы келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құнан бәйгеде 18 жүйрік жарысқа түссе, топ бәйгеге 16 тұлпар қатысты. Сонымен қатар, ең алыс қашықтықтағы аламан бәйге бойынша 26 шабандоз алаңға шықты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 млн теңгені құрады. Бәйгенің барлық түрі бойынша үздік бестікке енген жүйріктердің иелері мен шабандоздар ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Құнан бәйгенің қорытындысы бойынша Тараздан келген «Тастемір» есімді жүйрік мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші орынды Көкшетаудың «Сымбат» есімді құнаны, үшінші орынды тараздық «Байқасқар» еншіледі. Топ бәйге бойынша Алматыдан келген «Қарлығаш» есімді жүйрік дара бөлініп, бірінші келді. Петропавл қаласынан келген «Қымызқұлақ» екінші, павлодарлық «Аватар» үшінші болып мәре сызығын кесті. Аламан бәйге бойынша Абай облысының тұлпары «Жел» шашасына шаң жұқтырмай, аламанның алдын бермеді. Ал Өскеменнің «Жебесі» екінші, қарағандылық «Шеру» есімді тұлпар үшінші болып келді.
Марапаттау рәсімінде құнан бәйгенің жеңімпазы болған шабандоз 800 мың теңгемен марапатталса, топ бәйгеде оза шапқан жүйрікке 1,5 млн теңгенің сертификаты берілді. Сонымен қатар, аламанда алдына жан салмай, желдей жүйткіген «Желдің» иесіне 2 млн теңгенің сыйақысы табысталды.
Осы күні ипподромда ат бәйгесінен бөлек, қазақ күресі, грэпплинг, асық ату, садақ ату, футбол спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылып, кіл мықтылары анықталды. Садақ ату сайысының қорытындысы бойынша Қизат Саят жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Қуат Боранбаев, үшінші орынды Өзгеріс Хох еншіледі.
Ал қазақ күресі бойынша Шарбақты ауданының өкілі Темірғалы Құдайбергенов жеңіске жетті. Екінші орынды баянауылдық Мұхтар Дәлелхан, үшінші орынды Аққулы ауданының палуаны Манап Рахат өзара бөлісті.
Асық атудың нәтижесі бойынша ересектар арасында Төлеген Мырзахан есімді мерген барлық қарсыласынан басым болды. Ал балалар арасында Жантөре Қайыржан есімді жас мерген жеңісті олжалады.
Осы күні қала күні мерекесіне арналған спорт ойындары мен жарыстарды тамашалауға «Құлагер» ипподромына бес мыңдай адам жиналды. Ұйымдастырушылар көрермендер үшін 30 қазан палау пісіріп, тегін таратты. Сондай-ақ, тегін лотерея ұйымдастырылып, теледидар, кондиционер, велосипед сияқты бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.