Боксшы Бекзат Қасымов! Ақтоғайлық жас өреннің есімі бірнеше күн дересінде-ақ әлеуметтік желіде кеңінен тарап, кәдімгідей «жұлдызға» айналды. Алматы қаласында ауыл балалары арасында өткен бәсекеде топ жарған ол шаршы алаңнан түсе сала бірден атасына хабарласып, қуанышымен бөлісті. «Ата, бұл жеңісті сізге арнаймын. Не қаласаңыз, бәрін алып беремін» деген жүрекжарды сөзі әлеуметтік желі қолданушыларын сүйсінтті.
Жалпы, Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылында тұратын ағайынды Қасымовтар спортты бала кезден серік етіп келеді. Бекзаттың ағасы Әділ — талай сайыстан жүлделі оралған спортшы. Бокстан кадеттер, жасөс-пірімдер, жастар ұлттық құрамасының сапында қарсыластармен қолға түйістіріп, бірқатар жетістікке жетті. Бүгінде Павлодар қаласындағы жоғары оқу орнында дене шынықтыру және спорт бағытында білім алуда.
«Ағаға қарап іні өсер» деп тегін айтылмаса керек. Әділдің соңынан ерген Бекзат та бала кезден боксқа қызығып өсті. Ағасымен бірге жаттығып, бұл спорт түрінің «әліппесін» тани бастады. Ал 9 жасынан бастап мықтап кірісті. Сөйтіп, бес жыл бойы бокспен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Бір қызығы, жас өрендерді әкесі Руслан Бекенов жаттықтырады.
— Ауылдық әкімдік ғимаратының ішінде жеке бокс залы бар. Бұл залда ауыл балаларын спортқа баулып, олардың салауатты өмір салтын сақтауына, шымыр болып өсуіне үлес қоссақ дейміз. Қазіргі таңда кішкентай баладан бастап еңкейген қарияға дейін телефонға телмірген тұста оқушылардың жаһандық желіге «байланып» қалмай, спортқа қызығушылық танытып, тұрақты әрі сүйікті ісіне айналғанын қалаймыз. Себебі, олар тәртіпке үйренеді, шымыр болады. Бокс залына келген балалардың қатары көбейген сайын ерекше қуанамыз. Ал жеңіс тұғырынан көрінуі – ерекше қуаныш, — дейді Руслан Бекенов.
Бекзат «Ауыл спорт» сайысына биыл екінші жыл қатарынан қатысты. Жалпы, бұл жарыс еліміздің түкпір-түкпіріндегі спортшы балалардың басын қосып, мықтылардың ішінен кіл мықтыны анықтайды. Биыл бұл сайыс спорттың жеті түрі бойынша ұйымдастырылды.
Ақтоғайлық өрен аталмыш сайыста былтыр да бақ сынаған-ды. Ол кезде үшінші орынмен оралды. Ал осы жылы
61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға төрт рет шығып, барлығында жеңіске жетіп, чемпион атанды. Атап өтерлігі, Бекзат Қасымов – Павлодар облысы бойынша спорттың жеті түрі ішінен жеңімпаз болған жалғыз спортшы.
— Кез келген сайыс спорттық тұрғыдан өсіп, тәжірибе жинауға тамаша мүмкіндік береді. Бұған дейін өз өңіріміздегі жарыстарға, Жезқазған, Талдықорған қалаларындағы бәсекелерге қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Өткен жылы осы «Ауыл спорт» жарысында қола медаль алған соң «Келесі жылы чемпион атануым керек» деген мақсат қойдым. Осы мақсатыма жету үшін бір жыл тынбай дайындалдым. Жарыс барысында бапкердің белгілеген бағытын сақтауға тырыстым. Соның нәтижесі – осы жеңіс, — дейді Бекзат.
Жеңіске жеткен соң бірден атасына қоңырау шалып, қуанышымен бөлісті. Жүлдесін атасына арнады. Бекзаттың анасы Әсел Бекенованың айтуынша, атасы мен жиені арасындағы байланыс ерекше. Басты жанкүйері де – сол кісі.
— «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысар» деген сөз рас екен. Балаларымыз әр сайысқа жолға шыққан кезде уайымдап, алаңдап отырамыз. Атасы міндетті түрде батасын беріп шығарып салады. Жетістіктерге жетуінің бір сыры осында жатқан болар деп ойлаймыз кейде. Себебі, үлкендердің батасы әрдайым жолды ашып, қабыл болады емес пе?! Жас спортшыларымыз сайысқа барар алдында ақыл-кеңесін айтып, жарыстан соң тағатсыздана күтіп отырады. Мен Бекзаттың жекпе-жектерін қарай қоймаймын, оған жүрегім дауаламайды. Шаршы алаңнан шыққан соң хабарласқанын күтемін. Әкесі болса — жарысқа дейін де, жұды-рықтасу сәтінде де нағыз бапкері. Бапкерлік тұрғыдан жөн көрсетіп, кемшіліктерін айтып, оларды реттеу үшін бірге еңбектенеді. Сайыс аяқталған соң ғана әкелік ақылын айтып жатады. Кейде ұрсып алатыны да бар (күліп). Ал Алматыдағы жарыстан соң отбасымызбен өзімізді бірнеше күн «жұлдыз» сезінгеніміз бар. Балам бейнеленген видео әр түрлі қаланың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланыпты. Туған-туыс, тамыр-таныс сілтемелерді жарыса жолдап жатты. Біз бұған тек қуанамыз, — дейді анасы.
Иә, Бекзаттың қуанышпен бөліскен сәті бейнеленген видео турнирді ұйым-дастырушылардың TikTok желісіндегі ресми парақшасында 3 миллионға жуық, Instagram 1,3 миллион қаралым жинады. Жас спортшының ендігі мақсаты – осы салада тағы да биік белестерді бағындыру.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
