Жергілікті «Ақсу»  ел чемпио-натының кезекті туры аясында өз алаңында «Ақтөбемен» тең түсті. Есеп – 1:1. Биыл Еуропа алаңдарында доп теуіп жүрген ақтөбеліктермен тең ойнаудың өзі жеңіспен пара-пар. Бір ұпай – қоржында.

«Ақтөбе» десе қай кезде де қолдау танытатын, стадионды лық толтыратын жанкүйерлер ойға оралады. Биыл Еуропа турнирінде жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген ақтөбеліктер ел біріншілігінде де нық келеді. Әзірге 39 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. Орталық стадионда өткен кездесуде алғашқы голды қонақтар салды. Кездесудің 36-минутында Ньянгбо көзге түсті. Екінші таймда ақсулықтар Караманның голымен (57-минут) есе қайтарды. Сөйтіп, қос команда да бір ұпайдан еншіледі. «Ақсу» 12 ұпаймен 14-орында тұр. Еуропа турнирі жайлы айтып қалдық қой. Конференция лигасында бақ сынап жүрген «Ақтөбе» Павлодарға келмес бұрын Румыния жерінде доп тепті. «Сепси» командасына қарсы ойнаған ақтөбеліктер бұл кездесуді де 1:1 есебімен тең аяқтады. Кездесудің 65-минутында Максим Самородовтың бұрыштамадан әуелете көтерген добына бірінші Элдер Сантана жетіп, басымен қақпаға дәл соққы жасады – 0:1. Гол өткізіп алған соң алаң қожайындары есепті теңестіру үшін бар күш-жігерімен алға қарай ұмтылып, «Ақтөбе» қорғаушылары мен қақпашысын қиын жағдайға салып қойды. «Сепси» футболшыларының дүркін-дүркін шабуылы матч соңында ғана өз нәтижесін берді. Ойынның 89-минутында Роланд Варганың айып алаңы ішінде қақпаның сол жақ бұрышына қарай тепкен добы жол-жөнекей бір ойыншымызға тиіп, қақпаның оң жақ бұрышының торынан табылды. Екі ұжым арасындағы қарымта ойын 17 тамыз күні Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтеді.

О.АХМАДИЯ.