Соңғы жылдары облыста инфрақұрылым мәселесіне баса назар аударылып, шалғайдағы ауылдарда да спорт алаңдары бой көтеруде. Бұл ретте, былтыр қабылданған өңірдің дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасынан күтеріміз көп. Тұжырымдамаға сәйкес, қандай жобалар жүзеге асады? Инфрақұрылым мәселесі қалай шешілуде? Осы және өзге де сауалдарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев жауап берді.
– Нұрлан Абайұлы, жуырда «Спорт Сити» шағын ауданында жекпе-жек орталығы ашылды. Жалпы, облыста алдағы уақытта қандай спорттық нысандар салынады деп күтілуде?
– Жекпе-жек орталығынан бөлек, биыл әзірге екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (Ертіс және Мойылды ауылдарында) құрылысы аяқталды. 2023 жылы 17 спорт нысанының құрылысын іске асыру жоспарланған. Ауылдық елді мекендерде 14 дене шынықтыру-сауық-тыру кешені, Павлодар қаласының Шарбақты көпірі ауданында ұлттық ат спорты түрлері бойынша стадион, Павлодар қаласында шаңғы жарысы және биатлон секцияларына арналған спорт залы ашылады деп күтілуде.
– Бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облыста спортпен жүйелі түрде 282,5 мың адам айналысады. Оның ішінде 89 мыңнан астам адам ауылдық жерде салауатты өмір салтын ұстанады. Дене шынықтыру мен спортты дамыту жұмыстары 1087 дене шынықтыру және спорт ұжымында үйлестірілуде (ауылда – 539). Биыл 7 айда облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 887 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді. Оған 86,7 мың адам қатысты.
Аймағымызда балалар-жасөс-пірімдер спортын дамыту бағытында 22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, облыстық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі, Аққулы ауданының білім бөліміне қарасты балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлау клубы, сондай-ақ қала-аудандарда бала-лар-жасөспірімдер клубтары жұмыс істейді. Орта білім мектептерінде спорттың 28 түрі бойынша спорт секциялары ұйымдастырылған.
Биыл балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне спорттық жабдық сатып алуға облыстық бюджеттен 47 млн теңгеден астам қаражат, ал спорттық киім сатып алуға 13 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
– Жуырда аймақ басшысы Асайын Байханов «Еrtis» футбол клубын жандандыру мәселесін көтерген болатын. Даңқты клубтың тағдыры жайлы айтып өтсеңіз…
– Биыл «Еrtis» футбол клубы бойынша заң рәсімдері жүргізіліп, құқықтық жауапкершіліктің ауысуы арқылы банкроттық мәселесі шешіледі. Сөйтіп, барлық қарыз өтелгеннен кейін «Ақсу» футбол клубы құқықтық жауапкершілікке ие болып, аталған команданың базасында «Еrtis» клубы қайта құрылатын болады. Кейін ҚФЛ, ҚФФ және ФИФА-ның барлық техникалық және заңдық рәсімдерінен өтеді. Осылайша, 2024 жылы Қазақстан Республикасы чемпионатының Премьер-Лигасына жолдама алу көзделген.
Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.