Биыл қайта жаңғырған «Ертіс» футбол клубы бірінші лигада сенімді ойнап, Премьер-лигаға жолдама алу үшін аянып қалып жатқан жоқ. Осы бағытта бірнеше өзгеріс енгізіп үлгерді. Алдымен бас бапкер ауысты, кейін ойыншылар құрамы жаңарды. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ инвестиция салып, демеушілік көрсетті.
Құрам жаңарды
«Ертіс» бірінші лигадағы соңғы үш тур ойынын жаңа бас бапкердің жетекшілігімен өткізуде. Маусым басында команда тізгінін қолға алған Қайрат Нұрдәулетов өз еркімен қызметтен кетіп, оның орнын Ринат Әлеуетов басты. 35 жасар маман бұған дейін Премьер-лигада өнер көрсететін «Жетісу», «Жеңіс», «Тұран» және «Каспий» командаларын басқарып, 2023 жылы бірінші лигадағы «Елімайдың» чемпиондық маусымында бас бапкер Самат Смақовтың көмекшісі қызметін атқарған. Ринат Мұратұлының жас аяқдопшылармен жұмыс жасау тәжірибесі де мол. Ол өскемендік «Алтай» балалар футбол орталығында жаттықтырушы болды. Одан бөлек, «Жетісу» жастар құрамасының және Қазақстан U16 ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде еңбек етті. Павлодарлық «Ертіс» футбол командасына 9-турдан бастап жетекшілік етіп келеді. Сол турда «Ертіс» ойыншылары Орталық стадионда «Каспий» командасына 0:2 есебімен есе жіберді. Ал 10-турда сырт алаңда «Түркістан» командасын 7:1 есебімен тізе бүктірді. Соңғы 11-турда өз алаңында «SD family» командасын қабылдаған біздің жігіттер 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл туралы кейінірек. Әзірше «Ертістің»
сапындағы жаңашылдықтарға тоқталсақ…
Ринат Әлеуетов бас бапкер болып тағайындалған соң тараздық екі футболшы қатарға қосылды. Оның бірі — дарынды жас ойыншы Темірлан Төребек. «Тараз» клубының 18 жасар қорғаушысы маусым соңына дейін жалға алынды. Биылғы маусымда «Тараз» клубының негізгі командасы қатарында Бірінші лига чемпионатында 10 матчқа қатысып, кәсіби футболдағы дебюттік маусымына қарамастан 2 гол және 2 нәтижелі ассист авторы атанып үлгерді. Одан бөлек, Темірлан Төребек — Қазақстан U19 жасөспірімдер құрамасының ойыншысы. «Тараз» футбол клубының тағы бір тәрбиеленушісі — Абинұр Нұрымбет те «Ертіс» ойыншысы атанды. 20 жасар футболшы Беларусь чемпионатында «Энергетик-БГУ», «Гомель» сынды танымал клубтарда өнер көрсеткен. Беларусь Жоғары лигасындағы бір жыл ішінде 23 матчқа қатысып, 5 гол соғып, 3 нәтижелі ассист жасаған еді. Былтырғы маусымда өзбекстандық «Андижан» клубында ойнап, командамен бірге ел кубогы турнирінде топ жарған. Биылғы маусымда дарынды футболшы «Тұран» клубына ауысып, Қазақстан Премьер-лигасында дебют жасады. Түркістандық ұжымда Нұрымбет негізгі ойыншы атанып, чемпионаттағы барлық 13 турда өнер көрсетті. Абинұр Қазақстанның U17, U19 құрамаларында өнер көрсетті. Бүгінде еліміздің
жастар командасының негізгі ойыншысы.
Клубта жанкүйерлерді қуантқан ерекше өзгеріс – Арман Кеңесовтің «үйге» оралуы. Бұл сәтті футболсүйер қауым тағатсыздана күткені рас. Еліміздің беделді клубтарында ойнап, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген 24 жасар жартылай қорғаушының өзі түлеп ұшқан команда сапына қосылуы клубты жеңіске жетелеудің бір жолы деп білеміз.
Арман «Ертіс» командасының қатарындағы дебюттік ойынын 2018 жылы өткізген еді. Ал отандық футболсүйер қауымға «Ақтөбе» қатарындағы ойынымен танымал болды. Аталмыш команда сапында үш маусым өткізіп, 81 матчқа қатысып, 11 гол соғып, 6 нәтижелі ассист авторы атанған. «Ақтөбемен» бірге Қазақстанның вице-чемпионы атанып, екі мәрте қола жүлдегер болған. Сол сияқты ресейлік «СКА-Хабаровск» және қызылордалық «Қайсар» клубтарында нәти-желі ойын өрнегімен көзге түскен. Биылғы маусымда еліміздің жоғары біріншілігінде «Астана» клубының намысын қорғаған. Жалпы, Премьер-лигада 106 матч өткізіп, 14 голдың авторы атанды.
— Біз команда құрамын күшейтуге ниеттіміз. Осы мақсатта мықты ойыншыларды қатарға қосатын жоспар бар. Бұл ретте Арман Кеңесовтің адалдығын айрықша атап өту керек. Оны Премьер-лига командалары шақырса да Арман «Ертісті» таңдады, — деді бас бапкер Р.Әлеуетов.
Тағы бір жаңашылдық: «Қазақтелеком» АҚ «Ертіс» футбол клубына инвестиция салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерін отандық футболды қолдауға шақырған еді. Осы тапсырманың аясында ҚФФ кәсіби клубтарға жеке инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмысты бастады. ҚФФ президенті Марат Омаровтың бастамасымен бұл бағыттағы алғашқы қадам жасалды. Павлодарлық «Ертіс» клубы мен «Қазақтелеком» АҚ, «Kcell» АҚ және activ бренді арасында әріптестік байланыс орнатылды.
Аталған әріптестік кәсіби футболға жеке инвестициялар тартуды, өңірде балалар-жасөспірімдер және бұқара-
лық футболды дамытуды, сондай-ақ жас спортшыларды дайындауда тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.
— Біз дәстүрлі жарнамадан гөрі шынайы серіктестікке басымдық бердік. Тарихы терең, рухы мықты «Ертіс» — талай буынды шабыттандырып, аты аңызға айналған клуб. Бес дүркін ел чемпионы, Кубок иегері, чемпионаттарда медаль саны бойынша рекорд жасаған. Азия мен Еуропа ареналарында 2000-нан астам ойын өткізген. Қазір команда даму жолындағы маңызды кезеңнен өтіп жатыр. Біз оның алдыңғы қатарға қайта оралатынына сенеміз, – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Кезекті жеңіс
Енді ойынның өзіне ойыссақ. Бірінші лиганың 11-туры аясында «Ертіс» өз алаңында астаналық «SD Family» командасын қабылдады.
Алаң иелері алғашқы минуттардан ойын тізгінін қолға алып, бірнеше қауіпті сәтті ұйымдастырды. Бұл ретте қонақтардың қорғанысы мығым болып, тіпті қарымта шабуылдар ұйымдастырды. Бірінші таймның алғашқы 30 минуты осындай алма-кезек доп алмасумен өтті. Бірінші таймға қосылған қосымша уақыттың төртінші минутында ғана «Ертіс» есеп ашты. Максим Федин жүйелі түрде ұйымдастырылған шабуылдың әдемі «нүктесін» қойды.
Екінші тайм да алаң иелерінің басымдығымен өтті. Төрешінің ысқырығы шалынған соң-ақ «Ертіс» ойыншылары қарсыласты қақпаға қарай ығыстыра бастады. Бұл әдіс өз жемісін берді. Арман Кеңесовтің баспен берген тамаша пасын Арман Смайылов қақпаға тоғытты. Есеп – 2:0. Атап өту керек, командаға қосылған жаңа ойыншылар ойынның басынан-ақ өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Ал ойынның 84-інші минутында Арман Смайылов ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып, дубль жасады. «Ертіс» 3.0 есебімен өз алаңында жеңіске жетті.
— Біз «SD Family» командасына қарсы ойынға тыңғылықты дайындалдық. Жігіттер қойылған міндетті жоғары деңгейде орындады деп есептеймін. Бұл жеңіс шын мәнінде маңдай термен келді. Енді алдағы ойындарда да үш ұпайды еншілеу үшін барымызды салуымыз керек. Қазір клубтың алдында тұрған жалғыз міндет – Премьер-лигаға жолдама алу. Ол үшін ұпай айырмашылығын қысқартып, бірінші орынға көтерілуіміз қажет, — деді Ринат Әлеуетов.
«Ертіс» келесі ойынын ертең Алматы қаласында «Хан тәңірі» командасына қарсы өткізеді. Ойынның басталуы – 17.00. Бұл матчты Қазақстан футбол федерациясының youtube әлеуметтік желісіндегі парақшасынан тікелей эфирде көре аласыздар.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.