Павлодар өңіріндегі спортсүйер қауым үшін қуанышты жаңалық: «Ертіс» футбол клубы Премьер-Лигаға қайта оралды! Жанкүйерлер көптен күткен бұл тарихи сәт клубтың 60 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Аты аңызға айналған біздің команда енді елдің жоғары лигасында аймақ намысын қорғайды.
«Ертіс» футбол клубының 60 жылдық даңғыл жолы даңқ пен жеңіске толы. Осы уақыт аралығында Қазақстанның бес дүркін чемпионы, ел Кубогының иегері және ұлттық біріншіліктердегі медаль саны бойынша рекорд иесі атанды. КСРО, Қазақстан чемпионаттары, Азия мен Еуропа ареналарында екі мыңнан астам ойын өткізді. Әсіресе, мәскеулік «Локомотив», ташкенттік «Пахтакор», польшалық «Ягеллония» және болгариялық «Левски» командаларын жеңген тарихи ойындар жанкүйерлер есінде сақталары хақ. Бұл ретте «Ертістің» Азия чемпиондар кубогындағы төртінші орын алуы қазақстандық футболдағы ең жоғары нәтижелердің бірі екенін де айтпай кетпеске болмас.
Өкінішке қарай, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні сияқты бірде клубтың атағы жер жарса, енді бірде түрлі қиындық кездесіп жатты. Осыдан бес жыл бұрынғы жағдай спортсүйер қауымның еңсесін түсіргені де рас. 2020 жылы «Ертіс» қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатып, 2022 жылы ресми түрде банкрот деп танылды. Бұл уақыт сол тұстағы клуб ойыншылары үшін де, олардың әр ойынын тағатсыздана күтіп, жанын шүберекке түйіп жанкүйерлік ететін жұрт үшін де оңайға соққан жоқ.
Тек осыдан екі жыл бұрын облыс әкімі Асайын Байхановтың басшылығымен клубты қайта жандандыру жұмыстары басталды. Елдің бес дүркін чемпионына тарихты екінші лигадан қайта жазуға тура келді. Клубтың 60 жылдығына орай өткен салтанатты шара барысында Асайын Қуандықұлы сол бір сәтті еске алды.
— Мен облыс әкімі болып тағайындалған сәттен бастап «Ертіс» футбол клубын қайта жандандыру туралы көптеген өтініш келіп түсті. Біз бұл істің оңай еместігін түсіндік, бірақ серіктестер, демеушілер, жанкүйерлер және мүдделес жандармен бірге клубты жандандыру жұмысын қолға алдық. Ал бүгін «Аңыз оралды» деп нық сеніммен айта аламыз! Бұл футбол клубы ғана емес — бұл тарих, қуаныш және бірнеше буын ұрпақтың ортақ естелігі, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Осылайша, жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Ертіс» футбол клубы қайта жанданды. Клубтың қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру, демеушілер тарту, тиімді басқару үлгісін құру және жергілікті футбол мектебін дамыту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді. Шетелдік легионерлерге емес, өзіміздің ойыншыларды тәрбиелеуге басты назар аударылды.
Ал элиталық лигаға жол екінші лигадағы ойындардан басталды. Бұл біріншілікте топ жарған қайта жанданған «Ертіс» биыл Бірінші лигада бақ сынады. Бұл лигадағы қарсыластар да осал емес. Қарағандының даңқты «Шахтер» клубы, өскемендік «Алтай» мен ақтаулық «Каспий» командалары да, «Ақтөбе», «Қайрат» сынды клубтардың жастарынан құралған командалардың әрқайсысы тегеурінді қарсылас бола білді. Бұл біріншілікте біздің облыстан «Екібастұз» командасы да жасыл алаңда өнер көрсетеді. «Ертістің» соңғы ойыны дәл осы жерлесіне қарсы өтті. Орталық стадионда өткен кездесу барысында павлодарлық ойыншылар екібастұздық қонақтардан 2:1 есебімен басым түсті. Бұл жолы Владислав Васильев пен Еркебұлан Тұңғышбаев нәтижелі соққыларымен көзге түсті.
Аталмыш ойыннан соң Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков пен Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория Қазақстан Бірінші лигасының күміс жүлдегері әрі Премьер-Лига жолдамасының иегері – «Ертіс» ойыншыларына салтанатты түрде медальдар табыстады.
Ал клубтың 60 жылдығына орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі Асайын Байханов ойыншыларды, бапкерлерді, ардагерлер мен жанкүйерлерді осы жетістікпен құттықтап, бұл нәтиже жылдар бойғы қажырлы еңбек, футбол клубына деген зор сүйіспеншілік пен сенімнің жемісі екенін атап өтті.
— Бұл сәтті мыңдаған павлодарлық күтті. Біз ұзақ жолдан өттік — екінші лигадан бастап жоғарыға дейін көтерілдік. Клубты қайта жандандыру туралы батыл шешім дұрыс болды, – деді Асайын Байханов.
Қазақстан футбол федерациясымен тиімді ынтымақтас-тықтың, демеушілер мен жан-күйерлердің қолдауының арқа-сында клуб еліміздің футбол картасындағы лайықты орнына қайта жайғасты. Аймақ басшысы салтанатты шарада клубқа арнайы сыйлық сертификатын табыстап, команда капитаны Руслан Есімовке кәсіби шеберлігі, көшбасшылық қасиеттері және клубтың жетістігіне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Ал футболшылар ризашылық белгісі ретінде Асайын Байхановқа 2025 жылғы маусымның естелік медалін және ойын жейдесін сыйға тартты.
Сонымен қатар, клубты қайта жандандыру ісінде ерекше үлес қосқан демеушілер мен серіктестерге Алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Қазақстан футбол федерация-сының бас хатшысы Давид Лория, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, клуб ардагері Мұхит Омаров, «Ертіс» ардагері және қоғам қайраткері Александр Вербняк бар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.

