«Ертіс» — Премьер-Лигада!

Қаз 16, 2025

Араға 5 жыл салып, «Ертіс» футбол клубы Премьер-Лигаға оралды. Аталмыш клуб қаржылық жағдайға байланысты 2021 жылы чемпиондар лигасынан шығып қалған еді.

Ала доп шеберлері жағымды жаңалықтарымен кезекті жеңісінен кейін бөлісті. Спортшылар алматылық «Хан тәңірі» клубына қарсы ойнаған болатын. Кездесу 7:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Бұл ойын үйдегі соңғы кездесу болатын.

Ауа райы қолайсыз болса да сүйікті командаларын қолдап келген жанкүйерлер жетерлік болды. Матчтың алғашқы минутынан-ақ алаң иелері қарсыластарына дес берген жоқ. Ойынның екінші минутында Темірлан Ағыманов есеп ашты. Асқар Сатышевтің голынан кейін бірінші тайм аяқталды.

Үзілістен соң Еркебұлан Тұңғышбаев, Арман Кеңесов, Владимир Воменко, Арман Смайыловтар есепті жаңарта түсті. Бұл спортшылар топтағы үздік ойыншылар қатарында болатын. Сондай-ақ, тәжірибелі қорғаушы Руслан Есімовтің ойыны ерекше көзге түсті. Себебі, бұл оның футбол мансабындағы соңғы кездесуі еді.

— Әр нәрсенің аяқталатын кезі болады. Менің футболдағы мансабым да осымен тәмам. Командамның Премьер-лигаға жолдама алғанына өте қуаныштымын. Әріптестеріме сәттілік тілеймін, — деді ол.

Иә, еліміздің бес дүркін чемпионы – «Ертіс» футбол клубының жоғары лигаға өтуі спорт сүйер қауымды марқайтқаны рас. Айтулы сәтпен облыс әкімі Асайын Байханов та құттықтады.

— «Ертістің» Қазақстан Премьер-лигасына кіруі – бүкіл өңір үшін нағыз мереке. Бірнеше жылдық немқұрайлықтан кейін біз басты мәселемізді шештік. Бұл істе ойыншылардың, жаттықтырушылар штабының және облыс әкімі Асайын Қуандықұлының үлесі зор. Премьер-лигада сәтті өнер көрсететінімізге сенімдімін, — деді клубтың селекционері Данияр Шадыев.

Айта кетейік, келесі ойын қазан айының 17-сі, өскемендік «Алтай» құрамасына қарсы өтеді. Ойыншыларға сәттілік!

Сара АВДОЛ.