Қаржылық дағдарысқа ұшырап, өзін банкрот деп жариялауға мәж- бүр болған «Ертіс» футбол клубы қайтадан оралуы мүмкін. Облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен жиында бұл мәселе талқыланып, тығырықтан шығудың жолдары қарастырылды.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Жаңадан құрылған команда көп ұзамай ғұмырын тоқтатса бірсәрі, Қазақстан чемпионатының бес дүркін чемпионы атағы бар «Ертістің» ел футбол тарихында жағымсыз себеппен есте қалуы өкінішті. Жергілікті спорт ардагерлері мен жанкүйерлер команданы қайтадан жаңғыртуды көптен бері айтып жүрген-ді. Аймақ басшысы «Ертіс» командасы еңсе тіктеуі үшін екі жолды ұсынып отыр. Біріншісі – команданың 3,1 млрд теңге қарызын реттеп, аяғынан тік тұрғызу. Екіншісі – «Ертіс» атауымен жаңадан клуб құру.

– Әріптестермен бірге аты аңызға айналған футбол клубы, еліміздің бес дүркін чемпионы – «Ертіс» футбол клубын жандандыру мүмкіндігін талқыладық. Бүгінде біз «Ертістің» болашағын шешудің екі жолын көріп отырмыз. Біріншісі – 3,1 млрд теңге қарызы бар және қазір банкроттық рәсімінен өтіп жатқан клубты қайта сапқа қосу. Екіншісі – FIFA ережелері бойынша «Ертіс» ФК-ның толық құқықтық мирас-қоры, оның ішінде ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамы алдындағы 846 млн теңге мөлшеріндегі берешек бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайтын осы аттас жаңа клуб құру. Кеңес қорытындысы бойынша спорт басқармасына 10 күн ішінде демеушілік қаражатты тарта отырып, «Ертісті» жандандыру-
дың оңтайлы нұсқалары бар Жол картасын әзірлеуді тапсырдым. Егер жоба мақұлданса, клубтың жұмысына жергілікті ойыншыларды тартуға баса назар аударылады, – деді аймақ басшысы. Бұл жағымды хабар павло-дарлық спорт жанкүйерлерін қуантқаны рас. Осы ретте, футбол маманы мен жанкүйерінің ойын білген едік.

Талғат БАЙСУФИНОВ, «Ұлытау» клубының бас бапкері:

– «Ертіс» футбол клубын қайта құру мәселесі талқыланғанын естіп, мәре-сәре күй кешкеніміз рас. Сең қозғалды. Ендігі жерде арнайы Жол картасы шеңберінде проблемаларды шешу жолдары жүйелі қарастырылады деген сенім мол. «Ертістің» аз уақыттың ішінде ел футболынан жоғалғанына әлі сенбей жүргенбіз. Спорт ардагерлері, жанкүйерлер, тіпті кішкентай балалардың өзі Орталық стадионға барған сайын «Ертістің» жұлдызды кезеңдерін әлі күнге дейін есіне алып, клубтың тағдырына алаңдап жүрген еді. Біз де сыртта жүрсек те, бір бүйрегіміз Павлодар футболына бұрып тұратынын жасырып қайтеміз. «Еліміздің бес дүркін чемпионы!» деген атағы бар команда өмір сүруі керек! Жанкүйерлердің тілегі бұл.

Айбек ЖҰМАТОВ, футбол жанкүйері:

 

– Жанкүйер арманы орындалып, «Ертіс» қайта түлеген жағдайда спорттық қағида бойынша жарысты Қазақстан футболының ең төменгі дивизионы – Екінші лигадан бастау
керек. Ол – 2020 жылы дереу қабылданбаған әкімшілік шешімдердің ауыр зардабы. «Болар іс болды, бояуы сіңді», демекші, енді болашақты ойлау керек. Қайта жаңғырған «Ертісте» мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Ол үшін клуб ұзақмерзімді бағдарлама бойынша жұмыс істеп, жас футболшыларды дайындау, шетелдік футболшылар сапасына ерекше көңіл аударуы керек. Қазіргі кездегі басты міндет – «Ертісті» жаңғырту, бұл істі аяғына дейін жеткізу. Жанкүйер ретіндегі қалауым осы.