Бүгінде елімізде, оның ішінде Павлодар облысында спорттың жекпе-жек түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Әсіресе, жергілікті өрендер таэквандодан талай жетістікке жетіп жүр. Тіпті, олардың қатарында Әлем және Еуропа чемпиондары бар. Осы орайда аталған спорт түрінің қыр-сыры, жерлестеріміздің жетістіктері мен алдағы уақытқа белгіленген жоспарлар туралы Қазақстан федерациясының президенті Қален Сұлтанғазинмен тілдесудің сәті түсті.
— Қален Есболатұлы, алдымен өзіңіздің таэквандо спортын таңдауыңыздан бастасақ. Неліктен спорттың дәл осы түрімен айналысуды қаладыңыз?
— Мен — Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандығаш қаласының тумасымын. 1990-ыншы жылдары, яғни балалық шағымызда видеокассеталар арқылы түрлі қызықты фильмдерді тамашалайтын едік. Достарымызбен бірге аты аңызға айналған актерлердің іс-қимылдарын қайталауға тырысып, соларға ұқсағымыз келетін-ді. Сөйтіп жүргенде 1998-1999 жылдары қаламызда таэквандо үйірмесі ашылғалы жатқанын естіп, достарымызбен алғашқылардың бірі болып жазылдық. Жас бапкер, І дан қара белбеу иегері Азамат Ажимов облыс орталығынан арнайы келіп, жеткіншектерді жаттықтыру ісін қолға алған екен. Сол кісінің арқасында таэквандомен тұрақты түрде айналыстық. Нәтижесінде 16 жасымда І дан иегері атандым. 2004 жылы өзім де балалардың топтарын ашып, бапкеріме жаттығу жұмыстарына көмектесе бастадым. Мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе қаласындағы университеттің спорт факультетіне оқуға түсіп, спортпен шұғылдануды жалғастырдым. Осылайша, таэквандо «әлеміне» енгелі ширек ғасыр болып қалыпты.
— Бапкерлік жұмысыңыз туралы айтып қалдыңыз. Сіздің жетекшілігіңізбен павлодарлық «Қаһарман» спорт клубының талай жетістікке жеткенін білеміз. Сол жөнінде тарқатып айтсаңыз…
— Студенттік шағымда таэквандоның GTF деген түрімен етене танысып, Қандығашқа келген соң балаларды осы бағыт бойынша жаттықтыра бастадым. 2010 жылы елімізде өткен «Еуразия кубогы» чемпионатына әлемнің түкпір-түкпірінен 1 мыңға жуық спортшы жиналды. Сол сайысқа алғаш рет шәкірттерімді аламанға қостым. Балалар сенімімді ақтады. Жарысқа қатысқан екі спортшым да жеңіс тұғырынан көрінді. Қара белбеу иегері Фархат Бейімбетов чемпион атанса, Жандос Надиров екінші орын иеленді. Бұл жетістіктер мені жаттықтырушы ретінде жігерлендіре түсті.
2011 жылы Павлодар қаласына қоныс аударып, бапкерлік жолымды жалғастырдым. «Қаһарман» таэквандо мектебінің басшысы ретінде балаларды жаттықтыруды қолға алдық. Бастапқыда шәкірттерім ел ішіндегі жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдады. Кейін халықаралық бәсекелерде бақ сынай бастады. Атап айтар болсақ, 2017 жылы Молдовада Еуропа кубогы сарапқа салынған сайыста Арина Иванова екінші, Әнуар Жанаев пен Елдар Тоқтаров үшінші орын иеленді. Сол жылы Арина Иванова Қазақстан құрамасының қатарында Кипр аралындағы ашық чемпионатта екінші орын алды.
2018 жылы Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақ-стан құрамасының қатарында Павлодар облысының үш спортшысы – Рауан Базарбаев, Балнұр Оркенова және Шамсия Қабдолова бақ сынады. Түрлі түсті белбеулердің санатында сайысқа түскен Рауан мен Балнұр алтын, Шәмсия қола медальді ел қоржынына салды. Сол жылдың қыркүйек айында Арменияның Ереван қаласында ұйымдастырылған Еуропа кубогы жарысына ұлттық құрама сапында төрт спортшымыз аттанды. Нәтижесінде Батырхан Қожанов бірінші, Жан Шингожинов екінші және Дияр Қимашев үшінші орыннан көрінді. Ересектер арасында
Людмила Паршукова хъенг бағдарламасы бойынша чемпион атанып, спарринг-масогида күміс жүлде еншіледі.
2019 жылы Татарстанның Қазан қала-сындағы Еуропа чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасы қатарында облыстан 9 спортшы қатысты. Олардың ішінде Мадина Бушумбаева екі алтын медаль олжалады. Балнұр Оркенова мен Аяулым Нұрғалиева үздік техника көрсеткені үшін кубок алып келді. Аружан Шуатаева, Дарья Виноградова, Артем Граблев, Данил Чеботырев, Айтуар Омаров және Арина Ивановалар екінші, үшінші орын алды. Сөйтіп, барлығы медальмен оралды. Екі жыл бұрын Болгарияның София қаласында әлем чемпионатында бас қосқан спортшылар қатарында біздің үш спортшымыз да қоржынға жүлде салды. Батырхан Қожанов пен Томирис Тіниева жарыс жеңімпазы атанса, Айлана Жандосқызы екінші орынға тұрақтады. 18 жастан жоғары санатта Аяулым Нұрғалиева хъенгтен бірінші, массоги бойынша екінші орын еншіледі.
Былтыр Солтүстік Кипрдегі ашық Еуропа чемпионаты да спортшыларымыз үшін сәтті өрілді. Артем Граблев, Томирис Тіниева, Батырхан Қожанов қарсылас шақ келтірмей, әрқайсысы екі алтын медальді иеленсе, Линара Құрманова мен Әбдурахман Шәкімге екінші орын бұйырды. Өткен жылы қарашада Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Кубок основателя» халықаралық чемпионатында Камила Әбутәліп пен Алихан Ниязбеков алтын медаль тақса, Жан Шынгожинов күміс медальді қанжығасына байлады. Енді осы айдың соңында өтетін «Кубок северной Пальмиры» чемпионатына, Болгариядағы оқу-жаттығу жиындары, ашық Еуропа чемпионаты мен жылдың соңында Африканың Дурбан қаласындағы халықаралық додаға дайындалып жатырмыз.
— Білуімізше, жоғарыда аталған халықаралық бәсекелерден өзіңіз де олжалы оралдыңыз…
— 2016 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен әлем чемпионатына облыс спортшылары барған жоқ. Десе де, еліміздің атынан төреші ретінде қатысып, «Үздік төреші» аталымында алтын медаль алғаным бар. 2022 жылғы Әлем чемпионатында 35 жастан жоғары спортшылар арасында хъенг бағдарламасы бойынша үшінші орын да бұйырды.
— Жалпы, балалар қай жастан бастап жаттығуды бастағаны дұрыс?
— Балаларды 4-5 жастан бастап қабылдаймыз. Олар жаттығу кезінде-ақ жақсы нәтижелер көрсетіп жатады. Бастапқыда жаттығуларда таэквандоның бағдарламасы аз болғанымен, жарты жылдан соң элементтерін кіргізе бастаймыз. 6-7 жаста сары, жасыл белбеуге емтихандарын тапсырып, 8-9 жасқа толғанда қалалық, облыстық чемпионаттарға қатысуға дайын болып тұрады. Меніңше, баланы ерте кезден-ақ шынықтырған дұрыс.
— Жаттықтырушы ретінде балаларды жетістікке жетелеу жолында қандай бағыттарға басымдық бересіз?
— Бастысы – патриоттық сезім. Жас спортшылар алдымен клубының, қаласының, облыстың, кейін тұтас елдің намысын қорғайды. Бұл ретте елжандылық керек. Еліміздің Көк туы тек Президенттер сапары мен спортшылардың жеңісі кезінде көкке көтеріледі. Әнұранымыз да сол уақытта шырқалады. Сондықтан әр шәкіртімізге басты қағида – жоғары нәтиже көрсетіп, сол арқылы байрағымызды әлемге таныту маңызды екенін айтамыз.
— Бүгінде сіздің шәкірттеріңіздің өзі балаларды спортқа баули бастады. Бұл да бапкердің дұрыс жол көрсете білуі болар…
— Иә, қазір кезінде шәкірт болған талай мықты спортшы әріптес атанып, бапкерлік жолда жүр. Айталық, Берік Әлжанов 2012 жылдан бері Атырау федерациясының басшысы қызметін атқаруда. 2010 жылы Еуразия кубогы жарысында күмісті олжалаған Жандос Надиров 2015 жылдан бері Ақмола федерациясының басшысы ретінде көкшетаулық команданы жаттықтырады. Павлодарлық Аяулым Нұрғалиева Алматыда жоғары білім алуымен қатар қосымша бапкерлікпен де айналысады. Жәнібек Қанафин, Артем Граблев — Павлодар қаласындағы «Қаһарман» мектебінің бапкерлері. Осындай шәкірттеріммен мақтанамын.
— Кейде спортты қиынсынып, жарты жолдан тастап кететін балалар болады. Олардың мұндай қадамға баруына не түрткі?
— Тек таэквандода емес, барлық дерлік спорт түрінде «сапарын» жарты жолдан үзетін жастарымыз бар. Оған әр түрлі жағдай себеп болады. Кейбіреуі сыныптастары, достары басқа бағытқа қызығушылық танытса, соған бет бұрады. Ал енді бірде ата-аналар тарапынан қолдау болмайды. «Бала бірдеңемен айналысса болды» деп бере салады. Ол бала әрі қарай нәтижесін көрсетуді қалағанымен, жақындарынан демеу байқамаса, жарты жолда қалып жатады. Тағы біреулері ұзақ уақыттағы жаттығудан нәтиже көрмесе «жанып» кетеді. Мұндайда да бапкерлермен қатар, ата-аналардың жігерлендіруі маңызды. Жалпы, бала спорт, шығармашылықтың қай түрімен айналысса да қолдау керек. Ол неғұрлым көп болса, жетістігі де соғұрлым еселене түседі.
— Сөз соңында облыстағы таэкван-доның дамуына қандай баға берер едіңіз? Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
— Біздің федерацияның дамуы жоғары деңгейде. Бастапқыда таэквандоның жаңа бағыты онша танымал бола қойған жоқ. 2013-2014 жылдардан бастап Павлодар қаласында дүбірлі додаларды өткізе бастаған соң әрі «Қаһарман» тәрбиеленушілері жетістіктерге жеткеннен кейін көпшіліктің зор қызығушылығына ие болды. Бұл ретте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қалалық спорт бөлімі көп көмек көрсетіп отыр. Мәселен, 2020 жылы пандемия кезінде балалардың техникасы әлсіреп кетпес үшін қалалық спорт бөлімінің қолдауымен онлайн жарыс ұйымдастырдық. Ашық қалалық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен спортшылар онлайн түрде қатысты. Біздің облыс алғаш болып осындай форматты жарысты қолға алды. Кейін басқа өңірлер жалғастырды. Бүгінгі таңда да мемлекет тарапынан түрлі жарыстар ұйымдастыруда қолдау бар.
— Салмақты сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.