Соңғы бір апта қазақстандық футболсүйер қауым үшін жанын шүберекке түйіп, тақымын қысқан кезең болды. Олай дейтініміз, Ұлттық құрама ойыншылары еуропа чемпионатына апаратын соңғы мүмкіндік – байрақты бәсеке жолдамасын сарапқа салды. Өкінішке қарай, Грекиядан ойсырай ұтылып, бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алды. Люксембургпен өткен жолдастық кездесу барысында да команда ойыны оңала қойған жоқ.

Грекия – Қазақстан – 5:0

 

Жалпы, соңғы екі жыл ішінде қазақстандық футболдың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтпеске болмас. Осыдан бір жыл бұрын Данияны тізе бүктіріп, Финляндиядан айламызды асырып, Ұлттар лигасының топтық кезеңінде топ жарған уақытымызда бөркімізді аспанға атқанымыз рас. Тіпті, Германияның төрінде, Еуропа чемпионатында ала доп аламанында жүргенін елестетті талай жанкүйер. Бірақ былтыр Словенияға есе жіберіп, тікелей жолдамадан айырылып қалдық. Оған да жанкүйерлердің үміт оты өше қойған жоқ. Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде соңғы мүмкіндікті пайдалануға болады, десті жұрт. Сөйтіп, Ұлыстың ұлы күнін асыға күтті. Дәл осы күн мен түн теңелген шақта Грекия мен Қазақстан Афина қаласындағы жасыл алаңда кездесті. Алайда ойын көпшілік күткендей өріле қойған жоқ…

Әу баста команданың бас бапкері Магомед Әдиев бастапқы құрам ойыншыларын жариялаған тұста кей жанкүйерлердің секем алып қалғаны рас. Ұлттық команда тізгінін ұстаған жаттықтырушының тактиканы өзгертуі ойынға қалай әсер ететінін күтті
жұрт. Бірақ олардың да, бас бапкердің де ойлағаны сәтті іске аспай қалды.

Алаң иелері «ә» дегеннен-ақ басым-дықты қолдарына алып, ойынды ширақ бастады. 9-минутта нидерланд төрешісі Бағдат Қайыровтың ереже бұзғанын нұсқап, пенальти белгіледі. Қарсылас команда капитаны  Анастасиос Бакасетас 11 метрлік айып добынан мүлт кеткен жоқ. Араға 6 минут сала Димитриос Пелкас есепті 2:0-ге жеткізді.Мұндай жылдам голдар біздің жігіттерді біраз есеңгіретіп тастағаны рас. Грекиялық Фотис Иоаннидис (37-ші) және Димитриос Курбелис (40-шы) есепті еселей түсті. Сөйтіп, бірінші таймда қазақстандық ойыншылар қарсыласқа мүлде тойтарыс бере алмай, тараптар үзіліске 4:0 есебімен тарқасты.

Екінші таймда біздің құрама ойыншылары бірнеше рет алаң иелері қақпасынан саңылау табуға тырысқанымен, одан нәтиже шықпады. Керісінше, гректер басымдығын үдете түсті. Айып алаңына дейін тықсырғаны соншалық, қорғау-шылар білгенінен жаңылысты. Ақыры 87-минутта Еркін Тапалов өз қақпамызға гол салып, қарсыластарға сый жасады. Қорытынды есеп – 5:0.

Мұндай нәтиже жергілікті жанкүйер-лердің көңілінен шықпағаны анық. Бас бапкерден бастап тұтас команда сынның астында қалды. Ойыннан кейін Магомед Әдиев кездесуді қорытындылады.

— Сынды қалай қабылдаймын? Бізге ұзақ уақыт бойы мақтау айтып, қолдау көрсетті. Сол үшін үлкен алғысымды білдіремін. Қазақстан мен үшін көп нәрсе жасады. Мен бүгін-ақ отставкаға кетер едім. Мені тежейтін жалғыз нәрсе – федерацияға деген көзқарасым. Мен жай ғана шешім қабылдай алмаймын. Карт-бланш сыншылардың қолында. Ойынның басында қиын жағдайға тап болдық. Алғашқы минуттардан қысым болатынын көп айттық. Өкінішке қарай, төтеп бере алмадық. Қарсылас есеп айырмасын ұлғайта түсіп, біздің ойынға қайта оралуымызға мүмкіндік бермеді. Біз көп қателік жібердік. Жігіттерге дұрыс жеткізе алмадым деп санаймын. Жауапкершіліктің барлығын өзіме аламын, –
деді Магомед Адиев.

Сөйтіп не керек, төрт жылдықтың басты бәсекесі – Еуропа чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншылары жасыл алаңда доп тебеді деген арман бұлбұлдай ұшты. Әттең…

 

Люксембург – Қазақстан – 2:1

26 наурыздан 27 наурызға қараған түні жартылай финалда Грекия мен Грузиядан жеңіліс тапқан қос команда Қазақстан мен Люксембург «Стад-де-Люксембург» стадионында жолдастық кездесу өткізді. Жолдаманы жоғалтып алғанымызбен, бұл ойыннан да жанкүйерлердің күткені көп еді. Ұлттық құрама бұрынғы ойын өрнегіне оралып, тамаша әсер сыйлай алады-ау деген үміт те болды. Алайда ол да ақталмады.

Ойын басталмас бұрын бас бапкер де, ойыншылар да бұл жолдастық матчта оңалып, қолдаушылардың сенімін қайтару керек деген мәлімдеме жасады. Соған сай тактика да құрылды. Алғашқы минуттарда ол жемісін берді де. Ойынның екінші минутында-ақ Ұлттық құрама сапында үшінші рет алаңға шыққан жас футболшы Әділет Садыбеков команда капитаны Асхат Тағыберген көтерген айып добын қарсылас қақпасына дөп кіргізді. Сөйтіп, құрама жейдесіндегі алғашқы голын соқты.

Жылдам соғылған гол отандық жанкүйерлердің мерейін асырғаны рас. Алайда Люксембург ойыншылары да қарап қалған жоқ. Олар бірден тізгінді өз қолына алып, біздің ойыншыларды тықсыра бастады. Үдете жасалған шабуылдар өз нәтижесін берді. Жедсон Родригеш ойынның 24-минутында есепті теңестірсе, Данел Синаны бірінші таймның соңғы минутында есепті еселей түсті. Екінші таймда қазақстандық футболшылар жағдайды түзетуге тырысқанымен, одан түк шықпады. Сөйтіп, сырт алаңда тағы жеңілдік.

— Алда қиын жол күтіп тұрғанын білемін. Біздің активтеріміз төмендеп жатыр.

Десек те, біз қайта іске келуіміз керек немесе бізге белгілі бір кезеңге құраманы бір сілкіндіретін жаңа жаттықтырушы керек. Бірақ жаңа бапкер келешекте жағдайды бастан аяқ дұрыстайды деп ойламаймын, бұл жерде біз бірнеше жылға ұлттық құраманы түбегейлі қайта дайындап, оны әлем чемпионатына іріктеуге дайындауымыз керек. Федерацияға жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар қажет. Мен батып бара жатқан кемеден ешқашан қашып көрген емеспін, бірақ екінші жағынан, мен ешқашан өз орнымды ұстаған емеспін. Қандай жағдай болса да абыроймен қабылдаймын. Егер олар маған есіктің тұсын көрсетсе, мен кетемін, — деді ойын соңында бас бапкер.

Осылайша, Қазақстан Ұлттық құрамасы Еуропа чемпионаты алдындағы ойындарды аяқтады. Қалай болғанда да өткен маусым отандық футбол үшін толығымен төмен деңгейде өтті деуге келмес. Қуанып, шаттанған, кеудені мақтаныш кернеген кездер болды. Жеңілістің ащы дәмін татқан сәттер туды. Бастысы, футболға шынымен жанкүйер адам жеңісте де, жеңілісте де бірге болғаны абзал.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.